Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында пневматикалық қару мен суық қаруды заңсыз сату дерегін анықтап, оның жолын кесті, деп хабарлайды Malim.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қарулар мен суық қару түрлері тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Мұндай дерек бір реттік жағдай емес көрінеді. Қару айналымының заңсыз арналарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде, соның ішінде интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізу арқылы атқарылуда.
Бұл бағыттағы жұмыста аудандық полиция басқармаларының рөлі ерекше. Олардың қызметкерлері күнделікті түрде мекенжайлар бойынша тексерістер жүргізіп, жедел іс-шаралар ұйымдастырып, тыйым салынған заттардың заңсыз айналымын анықтау және алдын алу жұмыстарын атқаруда. Жыл басынан бері аудандық полиция бөлімшелерінің жедел іс-шаралары нәтижесінде заңсыз айналымнан 619 тыйым салынған зат тәркіленіп, барлық деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын заңсыз қару саудасы қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Мұндай әрбір құқық бұзушылық ауыр қылмыстардың жасалу қаупін арттырады. Алматы полициясы интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстап, жедел түрде әрекет етуде. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да күшейтілетін болады», — деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Бұл ретте полиция азаматтарға қаруды заңсыз сақтау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп отыр.