"Әділ сайлау өтсе, бірде-бір әкім орнында қалмайды"
Бүгін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында президент Тоқаев 2024 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланатынын мәлімдеді. Сарапшылардың бірі бұл бастама жергілікті жердегі халық билігін орнатады десе, енді бірі оның іске асатынына күмәнмен қарайды.
"Ресейден кембіз бе?"
Қазақстанда жергілікті жердегі әкімдерді сайлау мәселесі 90-жылдардан бері айтылып жүр. Тіпті 1999 жылы Алматы облысы Қаасай ауданы Шамалған ауылының әкімі тікелей жолмен сайланған. Алайда бұл ауыл әкімін халық сайланған алғашқы және соңғы сайлау еді.
Араға 22 жыл салып билік ауыл әкімдерінің сайлауын өткізбек. Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында биыл 800 ауылдың әкімі сайланатынын жеткізді. Ал аудан әкімдерін сайлау, президенттің айтуынша, 2024 жылы өтеді. Дегенмен президент аудан әкімдерін сайлау механизмдерін ашып айтпады.
Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев әкімдерді сайлауға осыдан 20 жыл бұрын көшу керек еді деп есептейді.
Қазбек Бейсебаев. Фото://ehonews.kz/
"Ресейде губернаторларды сайлау мүмкіндігі бар, ал бізде неге жоқ? Біз олардан кембіз бе? Адам неге өз әкімін сайлай алмайды?Мұны осыдан 20 жыл бұрын қолға алу керек еді. Облыс, аудан әкімін сайлауды ертеңнен бастайық. Оның заңнамалық негізін дайындауға көп болса бір ай кетеді. Неге 2024 жылға қалдырады?" - дейді Қазбек Бейсебаев.
Қазбек Бейсебаев елде өзін-өзі ұсыну институты жойылғандықтан, бұл бастаманың іске асатынына күмәнмен қарайды. 2007 жылы парламент мәжілісіне өзін-өзі ұсыну, яғни мажоритарлы жүйе жойылып, кандидаттар тек партиялық тізіммен өтетін болды. Бүгінде парламентті былай қойғанда, жергілікті мәслихат сайлауына түсу үшін белгілі бір саяси партияның мүшесі болуың керек. Сарапшы аудан әкімдерінің сайлауына да тек партия мүшелері түсіп, өзін-өзі ұсынатындар қатыса алмай қалуы мүмкін деп топшылайды.
"Біздің тіпті жергілікті мәслихатқа сайлануға құқығымыз жоқ. Адамда өзін-өзі сайлауға ұсынатын мүмкіндік болуы керек. Билікті үймен салыстырсаң, бүкіл есік-терезесін шегелеп тастап, бізді кіргізбей отыр", - дейді Қ.Бейсебаев.
"Қазіргі әкімдер сайлауға кедергі келтіреді"
Елдегі жалғыз оппозициялық партия саналатын ЖСДП төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев Тоқаевтың аудан әкімдерін сайлау бастамасын көтеруінің өзі жақсы нышан дейді.
"30 жылдан бері әкімдер сайлану керектігін айтып жүрміз. Өйткені әкімдер өзін сайлайтын халыққа тәуелді болмайынша, аймақтарда даму болмайды. Әкімдерді халық сайламайынша, жергілікті жердегі жемқорлық, артта қалушылық, халық мүддесін ескермеу жалғаса бермек", - дейді А.Әлібаев.
Дегенмен А.Әлібаев сайлаудың өтуіне жергілікті әкімдер кедергі келтіруі мүмкін дейді.
Айдар Әлібаев. Фото: ehonews.kz
"Әкімдер лобби мен бар мүмкіндігін салып, сайлаудың өтуіне кедергі келтіреді. Тоқаев оған төтеп бере ала ма? Мәселе сонда. Егер Тоқаевтың айтқаны іске асса, онда бірде-бір әкім орнында қалмайды, бірден қызметінен ұшады. Әкімдер мұны жақсы түсінеді. Сондықтан сайлауды өткіздірмеуге тырысады", - дейді ЖСДП төрағасының орынбасары.
А.Әлібаев сайлау деген аты болғанымен, іс жүзінде билік партиясының өкілдері сайланатын Ресейді мысалға келтірді.
"Губернаторлар формальды түрде сайланады. Бірақ биліктің "Единая Россия" партиясы өз адамдарын сүйрелейді. Кейде парламенттегі өзге партиялардың өкілі губернатор болып кетсе, арты дауға ұласып жатады. Яғни тек парламенттегі партиялардың өкілдері сайланады. Бізде де осылай болуы мүмкін", - дейді ол.
Жергілікті олигархия күшейіп кетпей ме?
Ал Nur Otan партиясынан сайланған депутат, саясаттанушы Айдос Сарым жергілікті билікті сайлауға халықты сөзсіз араластыру керек дейді.
"Әкімдерді халықтың сайлауы – сөзсіз керек нәрсе. Қазақстандағы халықтың 41 пайызы ауылды жерде тұрады. Олар бюджеттің 4-5 пайызын ғана жасақтап отыр. Бұл – қорқынышты нәрсе. Екіншіден, ауылда салық дұрыс төленбейді, дұрыс жиналмайды. Аграрлы сектор көлеңкелі экономикада. Ауыл экономикасын көлеңкеден шығарамыз, салыққа араластырамыз десек, халықтың өзі бұған тікелей қатысуы керек. Халықты додаға араластырмай, билік тетігін ұстатпай, мұны түсіндіре алмаймыз", - дейді А.Сарым.
Аудан әкімдерін сайлау неге қазір емес, 2024 жылы бір-ақ өтеді деген сұраққа тоқталған А.Сарым алдымен әкімдерді сайлаудың бағыт-бағдарын айқындап алу керек дейді.
Айдос Сарым. Фото: inform.kz
"Бізде өзін-өзі басқару жүйесі толыққанды бекімеді. Бір елдің облыстары түгел, бір облыстың аудандары біркелкі емес. Оған кіретін ауылдардың жағдайы біркелкі емес. Сондықтан бюджет, салық қарым-қатынасы сияқты заңдарға көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Ең алдымен ауылдарға қосымша функциялар мен салық түрлері беріліп жатыр. Ауданды бөліп әкімін сайлай салуға болады. Бірақ аудан әкімінің бюджеті болмаса, ол кіріптар күйінде облысқа қарап қалады. Ауыл әкімі де солай. Сондықтан қазір жергілікті өзін-өзі басқару концепциясы дайындалып жатыр. Осы мәселелердің бәрі сонда көрініс табады. Бюджеті жоқ билік – билік емес, жай тұлға", - дейді А.Сарым.
Егер халық әкімін сайлайтын болса, жергілікті жерлердегі олигархия сайлауға араласып, ықпалы артып кетпей ме? А.Сарым мұндай қауіп бар дейді.
"Бұрынғы заманда жергілікті байлар шешетін. Ол жағдай әлі де бар. Мысалы, аудандағы үлкен агрокешен, аудандағы кәсіпорындар ықпал етіп отыр. Бірақ жақсы жағын да айту керек. Өз ауылдарының, аймақтарының жағдайын жасап, айналдырып ұстап отырған олигархтар жоқ емес. Мысалы, Бауыржан Оспанов сияқты. Тіпті халық осы адам әкім болсын десе, оны қолдайды. Бұл жерде ақшасын Лондонға алып кететін шіріген байларды емес, халқына жаны шын ашитын адам болса, одан қауіп тұрғаным жоқ. Егер қандай да бір қайшылық шықса, ол да демократия мектебі. Тіпті жұмысты дөңгелетіп әкететін пысық әкім керек пе, әлде рулас, атамыздың тумасы еді деп жергілікті адамды апарып қоямыз ба деген таңдау болуы мүмкін. Халық руласымызды сайлай салайық деп қателесуі де мүмкін. Меніңше, ондайдан да өту керек. Халық осы арқылы ғана тәжірибе жинап, есейеді". - дейді А.Сарым.
Тоқаев аудан әкімдерін сайлауды ұсынғанымен, оның нақты механизмдерін айқындамады. Сарапшылар бұл бастаманың қаншалықты нәтижелі болатыны ең алдымен сол механизмдерге байланысты болады дейді.