Ағасы кетті, інісі келді, баласы «өсіп» келеді – Мәшбек әулеті
Бердібек Сапарбаев - Назарбаев дәуірінде қалыптасқан, әкім болудан рекорд жасаған шенеунік. Қазір зейнет жасында. Бүгін Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылды. Бірақ, ол құрған отбасылық династия рекордсмен әкімнің орнын жоқтатпайтын сияқты...
Сапарбаев құрған династия Жаңа Қазақстан дәуірінде
Бір қимылдаса, едел-жедел бірнеше шенеунікті ауыстырып тастайтын әдетін Ақорда бүгін тағы қайталады. Түске дейін бір әкім, түстен кейін бір әкім тағайындай салу біз үшін әдеттегі жағдайға айналғалы қашан. «Әкімдер сайлану керек» деп қоятынымыз бар ғой, соған қарамастан әкім ауысқан сайын, әлдебір өзгеріс болатындай үміттенеміз келіп.
Түске дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орнынан кетіп, облысқа жаңа әкім болып орынбасары болған Нұржан Нұржігітов тағайындалды.
Түстен дейін Қызылорда облысының әкімі, бұған дейін ел аузында «ханның қызы» аталып кеткен тұңғыш әйел әкім Гүлшара Әбдіқалықова Нұрлыбек Нәлібаевқа креслосын босатып берді.
Қазір (бұрынғыдай) қай шенеунік орнынан кетсе де «енді қайда барар екен?» деген сұрақ туындайды. Бұл көзін ашқалы «титандардың» орын алмасқанын ғана көріп келе жатқан қазақстандықтар үшін қалыпты нәрсе. Дегенмен, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы азая бастағалы, орнынан кеткен шенеунікке «саяси аренадан келмеске кетті ме?» деген сұрақ туындайтын болды. Бұл бар билікті қолына алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ықпалын күшейту үшін Назарбаев жақтастарын тазалап жатыр ма деген болжамнан туған түсінік.
Жамбыл облысына дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына әкім болған, әкім болу бойынша 5 облыспен көш бастап тұрған рекордсмен Сапарбаев орнынан кеткенде «зейнет жасында ғой, демалысқа кететін шығар» деген ой болған. Қудалауға ұшырамай тыныш кеткенінің өзі олжа ғой десіп, жұрт та көп елеңдей қойған жоқ. Оның үстіне, орнына басқа емес, бұған дейін көп көзге түспеген орынбасары келіп жатқан соң, «келісіліп жасалған екен ғой», деп, жылы жауып қоя салмақ болғанбыз. Дегенмен, қай облысқа барса да 4-5 жылсыз кетпейтін Сапарбаев бұл жолы беріден қайтты, әлде бір кәдік бар ма деген де ой болған.
Қызық түстен кейінгі ауыс-түйіс кезінде болды. Қызылорда облысының әкімі Әбдіқалықованың орнына Нәлібаев келді дегенде жұрт ақылдасып алғандай «Сапарбаев, Сапарбаев», деп, шу ете түсті. Нәлібаевтың де Мәшбекұлы екенін жұрт бұған дейін де білетін. Сөйтіп, бір облыста ағасы орнынан кетіп жатса, екінші облысқа інісі барып жайғаса қалды. Және басқа емес, Мәшбекұлдарының туған жері – Қызылордаға! Қызылорданы да бір кездері ағасы басқарған, араға 23 жыл салып, інісі мұрагер болды. Осыдан бастап, әзірге Мәшбекұлы әулетіне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ екеніне көзіміз жетті.
Ел ішінде «Нұрлыбек Нәлібаев Бердібек Сапарбаевтың інісі емес, туған ұлы» деген де сөз тарап жүр. Нұрлыбек туғанда Бердібек 23 жаста екен, бәрі мүмкін. Үйленген жылы да осы жылға тура келіп тұр (тұңғышын ата-әжесінің бауырына салып беретін қазақтың дәстүрі де бар). Бірақ, бұл кезде әкесі 50 жаста, шешесі де жер таянып тұрған жоқ, бар болғаны 43 жаста екен. Сондықтан, бұл туралы әкімдер әулетінің өзі айтпаса, біздің күмән келтіруге хақымыз жоқ.
"Әкесі сияқты қайраткер болсын!"
Нұрлыбектің Бердібектің баласы екенін екеуі де мемлекеттік қызметте жүргендіктен жасырып жүр деуге келмейді. Өйткені, Бердібек Сапарбаевтың тағы бір ұлы Жансұлтан Сапарбаев қазір мемлекеттік қызметте жүр (Сапарбаевтың басқа бауырлары да Қызылорда облысында белгілі адамдар). 2019 жылы астанадағы Есіл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Сол кезде үлкен Сапарбаев кіші Сапарбаевқа қатысты:
"Қазақстанның азаматы ретінде конституциялық құқығы бар. Ол енді жас емес, өз болашағын өзі таңдайды. Менің оған ешқандай қатысым жоқ. Менің оған тілейтінім, жақсы жұмыс істеп, сенімді ақтасын, әкесі сияқты үлкен қайраткер болсын. Ол үшін адал еңбек ету керек", - деп, бата берген.
Сапарбаев Jr әкесінің өзі айтқандай (!) «әкесі сияқты қайраткер» болатын сияқты. Қазір ол астананың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы. Сапарбаев құрметті зейнет демалысына шығып, мемлекеттік қызметке оралмайтын болса, баяғыдай емес, баласына қымбат көлік (Ferrari) айдауға рұқсат ететін шығар. Тіпті 31 жасқа толайын деп отырған баласына (туған күні 1991 жылдың 8 сәуірі екен) сол көлікті өзі-ақ сыйлай салуы да мүмкін ғой.
Демек, Сапарбаев қайтадан басқа қызметке тағайындалса да, тағайындалмаса да, Мәшбек әулетінің мұртын балта шаппайтын сияқты. Інісі өз туған облыста әкім, баласы астананың төрінде отыр, қарттығын барақатпен өткізетін жағдайы бар Бердібек Сапарбаев інісі сияқты (айтпақшы Б.Сапарбаев пен Г.Әбдіқалықова да Атырауға сапар кезінде көпбалалы отбасының үйіне аяқ киіммен кіріп, сынға ұшыраған) қай қазақтың үйіне де аяқ киімін шешпей кіруге, иттің өліміне көңіл айтып, жұртты бір шулатып қойып жүре беруіне болады. Тек, інісі Қызылорда қаласын басқарып тұрған кездегідей (2019 жылы Қызылорда облысыныда тіркелген 114 жемқорлық ісінің 106-сы Қызылорда қаласында болған) сыбайластыққа жол беріп қоймаса болғаны...