Бокстан 7 жыл бұрынғы жетістікті қайталадық

Польшаның Кельц қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бұл сында еліміздің былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алып, командалық есепте екінші орынға көтерілді.

  • 24.04.2021

Бокстан 7 жыл бұрынғы жетістікті қайталадық

 

Польшаның Кельц қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бұл сында еліміздің былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алып, командалық есепте екінші орынға көтерілді.

 

Өзбекстан мен Куба артта қалды

 

Жас боксшыларымыз Кельц қаласында керемет нәтиже көрсетті. Осыдан үш жыл бұрын Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында бір ғана боксшымыз алтын медаль алса, бұл жолы екі бірдей боксшымыз әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, араға жеті жыл салып, Қазақстан құрамасының жастары әлем чемпионатының екі алтын медаліне ие болды.   

Әлемдік жарыста алғашқылардың бірі болып, 49 келі салмақтағы Санжар Тәшкенбай топ жарды. Ол финалда ресейлік Роберт Бадаляннан 4:1 есебімен басым түсті. Р.Бадалян биылғы Еуропа чемпионатында топ жарған боксшы екенін айта кетейік.

Қазақстан құрамасына екінші алтын медальды Сабыржан Ақхалықов сыйлады. Ол 64 келі салмақта шаршы алаңға шығып, финалдық жекпе-жекте украиналық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді – 5:0.

Бұдан бөлек, тағы екі боксшымыз финалда сүрініп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 56 келіде ел намысын қорғаған Ерболат Сабыр финалда үндістандық боксшыға, 60 келідегі Елнұр Сүйінбай жапониялық қарсыласына тізе бүкті.

75 келіде өнер көрсеткен  Диас Молжігітов жарыстың жартылай финалында Еуропа чемпионы, ресейлік Михаил Усовтан ұтылып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Командалық есепте Ресей боксшылары озды. Олар Чемпионат қорытындысы бойынша 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан боксшылары ресейліктерден кейінгі орынға жайғасты. Үздік үштікте – өзбек боксшылары (2 алтын, 2 қола).

 

 

Ел қоржынында – елу медаль

 

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін жастарымыз алғашқы әлем чемпионатына 1994 жылы барды. Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен дүниежүзілік додададан боксшыларымыз бес бірдей қола медальмен оралды. Ал, әлемдік сайыстың алғашқы алтынын 1998 жылы Серік Елеуов жеңіп алды. Яғни, Елеуов - Қазақстан бокс тарихында жастар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш боксшы. Кейіннен ересектер арасында ел намысын абыроймен қорғаған қарағандылық өрен 2004 жылы Афины олимпиадасының қола жүлдесіне ие болды.

Жалпы, жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлделі болып, кейіннен Олимпиада ойындарында көзге түскен боксшыларымыз көп емес. Мәселен, 1994 жылғы әлем чемпионатынан бері қоржынымызға 50 медаль түсіпті. Соның ішінде Олимп шыңында ат ойнатқан  алты боксшымыз ғана бар. Жоғарыда аты аталған Серіктен бөлек, дәл сол чемпионатта марқұм Бекзат Саттарханов күміс медаль еншілеп еді. Екі жылдан кейін Бекзат Сидней олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілді.

2000 жылы Будапеште Геннадий Головкин топ жарды. Оның төрт жылдан кейін Афины олимпиадасында күміс алғанын білеміз.

2006 жылғы әлем чемпионатында Еркебұлан Шыналиев финалда сүрінді. Екі жылдан соң Бейжің олимпиадасында үздік үштіктен көрінді.

2008 жылы Данияр Елеусінов пен Иван Дычко әлем чемпионатынан күміс медальмен қайтты. Данияр араға сегіз жыл салып, Олимп шығына шықты. Иван қатарынан екі Олимпиадада  қола жүлде алды.

 

 

Жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған Қазақстан боксшылары  

Байланысты жаналықтар

Қайрат Сәтжанов: Құрамадан бапкерлер мен біраз боксшылар кетеді

11.09.2021
MalimBlocks
Қайрат Сәтжанов: Құрамадан бапкерлер мен біраз боксшылар кетеді