"Денсаулық" саяжайы. Ештеңе жоқ, өлесің де қаласың         

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Денсаулық» саяжайының тұрғындары бірнеше жыл қатарынан не жарықсыз, не сусыз, не жолсыз күн көріп келеді.

  • 03.11.2021

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Денсаулық» саяжайының тұрғындары бірнеше жыл қатарынан не жарықсыз, не сусыз, не жолсыз күн көріп келеді. Бес жүз түтіні бар саяжайда үйден ашылған шағын бір ғана дүкен болса, балаларға мектеп те салынбаған. Жергілікті атқамінерлерге шағымданып шаршаған тұрғындар, саяжайға Malim.kz тілшісін арнайы шақырды.

Саяжайға бұрылғанымыз сол-ақ еді, жолдың нашарлығы көлікпен баратындарға оңайға соқпайтынын түсіне қойдық. Күзгі жауын-шашынның суы ойқы-шойқы жолдарға жиналып қалған. Өз үйінің ауласында қоқыстарын өртеп жатқан зейнеткер Султаналы Сейтбековты әңгімеге тарттық.

­­–Осы жолды талай рет айтқанбыз. Қаперлеріне де ілмейді. Көше бойындағы жарықтар кеше ғана жанды. Міне, қара балам! Әкімшілікке де ескерткенмін. Дұрыс қойылмаған жарық шамдары төбемізге құласа морт кеттік қой деп. Жолды көрдіңдер. Екі тоннадай сым-темір бар еді. Оны олар сатып жіберіпті. Электр желілерін төбемізге дұрыс жүргізбеген. Қанша рет айтсақ та, ешқандай нәтиже жоқ. Найзағай түсетін болса, ағаштар мен бағаналар төбемізге құлауы мүмкін. Саяжайды айналдыра жеке шаруа қожалықтар орналасып алды. Малдан шыққан тезекті жақын маңға тастай салады. Таңертең иісі қатты шығады. Кейбірі жазда мал сойған кезде ішек-қарындарын Таласқа ағызып жібереді. Экологиямызға да нашар ғой.  

Көршісіне жолай соққан Николай Станислаевич бізге амандасып, саяжайдағы бірқатар мәселелерді де атап өтті.

–Көршімнің айтқанынан басқа, бізге ең бастысы дәрігерлік амбулатория керек. Одан кейін балаларға бастауыш мектебі керек. Бізде ештеңе жоқ. Амбулаторияға бір дәрігер қойса жеткілікті болатын еді. Жедел-жәрдемді ауданнан қайта-қайта зовндап шақырамын, әйелімнің қан қысымы көтеріліп жатыр деп. Ешқайсысы келген емес. Өлесің де қаласың. Саяжайда қарт кісілер өте көп. Талабым орынды емес пе?!

Көршілерінің арыз-шағымдарына үн қосу үшін Лариса Якудреская бізді алыстан көріп арнайы келді.

 Арықтағы су үздіксіз ағып жатыр. Бекітетін құлыптарының барлығы сынған. Адамдар құлыптарды өздері алып тастайды. Өзен тасыған еді. Сондықтанда кейбір тұрғындарға су бармай қалады. Міне, екі құлыптың орынын қарашы! Бұларға шамамен 30 жылдай болды. Ешкім келіп жөндемеді. Мен осында бұрыннан тұрамын. Әйтеуір, біреуі жауапкершілікті алу керек қой. Өзімнің бақшама су келу үшін аузын бекіткенмін. Көшемізде 3-4 айдай жарық болмады. Кеше бір рет жанып қайтадан өшті. Әкімшіліктен бір қыз келіп, электр сымдарын метрмен де өлшеді. Қоқыстар мені қызықтырмайды. Өйткені, кейбір тұрғындардың төлегілері келмейді. 400 теңге тым қымбат. Өзім қалада тұрамын. Қоқыстарымды бірге ала кетем. Саяжайыма жылы мезгілде келемін. Айтпақшы, бұл жақта интернет те жоқ. Ұялы байланыс әрең-әрең ұстайды. Кейде жолға шығуға да мәжбүр боламыз.  Ауылда бір ғана дүкен бар. Басқа ешкім ашқысы келмейтін сияқты. Көп нәрсені одан таппаймыз. Нан алу үшін аудан орталығы Сарыкемерге күнде баруға тура келеді. 150 теңгемен ары-бері жол шығыны наннан да қымбат. Бізде қаңғыбас иттерде көп. Күндіз-түні қаптап жүреді. Оғанда шара қолдану туралы сұрадық. Білесіз бе? Біз талап етсек, тұрғындардан ақша төлеу жағын қарастырып шығады. Барлығын жасайтындай болса, төлеуге де дайынбыз.

Бір қыз қыста үсіп өлді

«Жарықтың әңгімесі ме?..» - деп, саяжай тұрғыны Марат Жолдасбаевта қасымызға келді.

Не болды, жарық па? Жарығымыз бірінші күні жанып, қайта қараңғы түскендей жоқ болды, ғой. Жәй тексерген сияқты. Өзім жұмыссызбын. Балаларымыз Аймантөбе ауылында оқиды. Арнайы автобуспен апарып келеді. Оның өзі айқаймен жүріп жатыр. Бір күні келмейді немесе кешігіп те қалады. Бес бала-шағам бар. Оның үшеуі мектепте оқиды. Үлкенім азанғы ауысымда, екеуі түскі аусымға барады. Балаларды автобус апарады. Бірақ кешкісін қайтарға автобус жоқ. Әрбір ата-ана бір машина жалдап қойғанбыз. Өздеріміз алып кетеміз. Бәрінің бірдей көлік жалдауға шамасы келмейді ғой. Кейбірі жолдың бойынан тастап кетеді. Мектепке енді барған балалар ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын автобус бармай қалған еді. Балалар мектептен кеш қайтқан кезде, бір қыз қыста үсіп өлді. Бізде осындай шешілмеген мәселелер көп.

Саяжай көшелерін аралап шықтық. Жолдары шоқалақ. Кейбір үйлер қоқыстарын есік алдына қапқа салып, алып кетеді деген үмітпен қойған. Арықтарға қоқыс тола бастапты. Тұрғындарға арнап орталық ауыз су құбыры әлі жүргізілмеген. Көрші үйдің жер құдығынан ауыз су алып, үйдегі азғантай малдарына көшедегі арықтан су алып жатқан Розагүл Сапарбаевамен де сөйлесіп көрдік.

Екі балам бар. Үлкені мектепте түскі аусымда оқиды. Автобуспен барып келеді. Біздегі мәселе жарық пен жолымыз ғой. Қоқыс та үйіліп жатыр. Қашан алып кетері белгісіз. Үй шаруасындағы әйелмін. Күйеуім құрылысшы. Әзірге мемлекеттен әлеуметтік көмек алмаймын. Жинақтайтын құжаттары көп екен. Осы қойларды сатамыз деп отырмыз. Шөп қымбат. Оны сатып алуға шама жоқ. Жүзімнің шыбықтарын көршіден алдым. Осыны талғажау етіп отыр. 

Үйінің есік алдын тазалап жүрген зейнеткер Сағындық Жұмажановтан қоқыстарын қайда шығаратынын сұрап көрдік.

–Өз көлігімізге салып тасимыз. Баламның өзі алып кетеді. Тазалыққа қатты үйренген жігітпін. Көріп тұрсыз ғой! Көршіміз сотта істеген. Сол кісі маған риза боп тұрады. Сіз болсаңыз ауылда тәртіп болады дейді. Бірақ жалғыз өзіме қиын. Ешкім мені қолдамайды. Айналамыздың шөбін жұлып, қоқыстарды қапқа саламын. Айта-айта шаршап кеттім. Сіздер де күніге келе бермейсіздер. Осы шал көп сөйлей береді деуі мүмкін. Жарығымызда анда-санда бір жанады. Осыны әкім келіп көрсе болады ғой. Кеше бір жанып өшті. Әкім қарыз болып қалған деседі. Екі қарағайдың арасы 60 метр. Әрбір жолаққа қойған. Сот көршім «менің атымнан барып айта беріңізші» дейді. «Сізді әрқашан қолдаймын» дейді. Әкімге бармақшы да болдым. Өйткені, кеше жарық бір жанып өшті. Алла тілеуімді берді ме, не десем? Кемпірім: «Сенің дұғаң күшті ғой!» - дейді. Әділдік болғандығын қалаймын. Журналист екенсіңдер, сол үшін айтып жатырмын. Әйтпесе, басқа адамға айтқаннан түк пайда жоқ. Айына бір рет әкім келіп араласа да жеткілікті. Туысқандарымнан сот жүйесінде істейтіндері көп. Олардың ешқайсысынан өзіме жер алып берші демеп едім. Советтік жүйенің тәртібін көрдік. Ол кезде әділдік болды. 10 гектар жерді алып қалай игеремін деп ойлағанмын. Сөйтсем, оның алаяқтық жолдары көп екен. Алған соң жерді бөліп-бөліп сататындар да болады екен. Ол кезде оны өзім ғана қарауым керек деп ойлаппын. Енді жерсіз отырмыз. Саяжайдағы үш бөлмеде сегіз адам тұрамыз.  

Саяжай тұрғындары аудандағы атқамінерлерге тас жол салып бермесе де, экскаватормен ойқы-шойқыларын тегістеп берсе екен дейді. Екі ай бойы шықпаған қоқыстарды, кейбір тұрғындар Талас өзеніне лақтыруға мәжбүр. Күн суытқан сайын екінші аусымнан қайтатын оқушылардың жағдайы тіпті қиындайды. Жергілікті билік тұрғындардың шағымын ескерер.

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ

 

 

Байланысты жаналықтар

Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

23.09.2024

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

19.09.2024

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

07.09.2024

Елдос Сметовке жерлестері 5 бөлмелі пәтер сыйлап, көлік мінгізді

05.08.2024

Жамбыл облысында бағасы 30 млн теңге тұратын өндірістік база 270 мыңға сатылып кеткен

01.08.2024

Қызметкерлерін балағаттаған Жамбыл облысы полициясының бастығы қызметінен шеттетілді

31.07.2024
MalimBlocks
Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

АШМ облыста 64 жер заңнамасының бұзылуын анықтады

Елдос Сметовке жерлестері 5 бөлмелі пәтер сыйлап, көлік мінгізді

Сметовті Жамбыл жұртшылығы Тараз қаласының шығыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды

Жамбыл облысында бағасы 30 млн теңге тұратын өндірістік база 270 мыңға сатылып кеткен

2022 жылы заңсыз меншік иесі несие алу үшін мүлікті микрокредиттік ұйымға кепілге қойған.

Қызметкерлерін балағаттаған Жамбыл облысы полициясының бастығы қызметінен шеттетілді

ІІМ қызметтік тексеріс тағайындады