Маңғыстаудағы жұт: "Малымыз әр жерде жығылып жатыр"
«Бізге келіп, ел қалай, жер қалай деп, бір-бірімізді үйлестіріп, хабар алып жатқан әкімдер жоқ".
Маңғыстау облысында қуаңшылық салдарынан мал қырылуда.
Кешелі бері әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында ірі қара малдың қуаңшылықтан жаппай қырылып жатқаны бейнеленген видеороликтер тарауда. Қарақиян, Маңғыстау және Түпқараған аудандарының малшыларының сөзінше, аймаққа қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған. Салдарынан жайылым жерлер қуаңшылыққа ұшыраған. Қазір ел малын жаятын жер жоқ.
Маңғыстаулық атбегі Бұғабай Мықырбаевтың сөзінше, аймақ тұрғындары ауылдан 200-300 шақырым жерден шөп іздеп шығуға мәжбүр. Оның өзінде далада қылтанақтай шөп жоқ.
«Маңғыстауда биыл жаңбыр жауған жоқ. Қыста қар болмады. Малға қолайсыз болып тұр. 200-300 шақырым жердегі қырға шығып, шөп іздеуге мәжбүрміз. Шыққаныма бір ай болды. Азып-тозып кеттік. Шөп жоқ, малымыз әр жерде жығылып жатыр. Суару да қиындап барады. Малымыздың да, өзіміздің де жағдайымыз кетіп барады. Сығандар сияқты далада жүрміз осылай», - дейді Мықырбаев malim.kz сайты тілшісіне.
Бұғабай Мықырбаев халықтың жағдайын біліп, хабар алып жатқан әкімдер жоқ дейді. Оның сөзінше, егер жағдай осылай кете беретін болса, онда алда келе жатқан қысқа дайындалуды былай қойып, оған жетудің өзі мұңға айналады.
«Бізге келіп, ел қалай, жер қалай деп, бір-бірімізді үйлестіріп, хабар алып жатқан әкімдер жоқ. Басқа жақтан жем-шөп әкелгеннен пайда жоқ. Оны қымбатқа алып келеді. Ол кімге жетеді? Басқа облыстан жер алып берсе болады. Бала-шағамызбен жұмыс істемейміз. Осы малдың арқасында нәпәқамызды тауып жүрміз. Алдымыз қыс. Жем қайда, шөп қайда білмейміз. Қысқа жететін де мүмкіншілігіміз жоқ сияқты. Жердің барлығын адамдар алып алған. Құдықтың барлығын кілттеп алған. Ешкімнің малын суарттырмайды. Содан күйініп отырымыз», - дейді Мықырбаев.
Маңғыстау малшыларының қиын жағдайын облыстық әкімдік те растады.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен шаруа қожалықтарын жем-шөппен қамтамасыз ету науқаны басталды. Өзге аймақтардан жем-шөп алу үшін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тиісті қаржы бөлінді. Жұмыс тобы құрылды», - делінген әкімдік таратқан мәлімдемеде.