Трампқа жасалған қастандық: неліктен Қауіпсіздік қызметі шабуылдаушыға АҚШ-тың бұрынғы президентіне жақын келуіне мүмкіндік берді?

Шілденің 13-күні АҚШ-тың Пенсильвания штатында Дональд Трампқа қастандық жасалды. Осыдан кейін ел билігі мен БАҚ АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы президенттерінің қауіпсіздігіне жауап беретін агенттіктің жұмысына назар аударды. Саясаткерлер, журналистер мен сарапшылар Трампқа оқ атқан адамның ол жерге қалай барғанын тыңғылықты зерттеуге кіріскен.  

  • 17.07.2024

ВВС тілшілері қастандықтың жасалуы туралы британдық арнайы күштер қатарындағы снайпермен сөйлесті. Қауіпсіздік саласындағы маман митингтерде жеке тұлғаны қорғау жұмыстары қалай жүзеге асатынын және тергеу кезінде құпия қызметтің қандай мәселелерге кезігетінін айтты. 

Оқиға қалай өрбіді және шабуылдаушы кім?
20 жастағы Томас Крукс АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампты Батлер қаласында өткен митингте сөз сөйлеп тұрған жерінде атқан-тын. Кейінірек анықталғандай, Крукс митинг өткен маңдағы өндірістік ғимарат төбесінен, 130 метрден оқ атқан. 


АҚШ Құпия қызметінің өкілі Крукстың бірнеше рет оқ атқанын хабарлады. The New York Times газетінің атыс акустикасы бойынша сарапшымен бірге жүргізген талдауында Крукстың сегіз мәрте оқ жаудырғаны мәлім болды. 
BBC агенттігінің өтініші бойынша атыстың бейнежазбасын Ұлыбритания арнайы күштерінде қызмет ететін жетекші снайпердің бірі талдап берген.

"Бейнежазбадан атқан адамның қаруы қастандық жасалғанға дейін аз немесе мүлде атылмаған сияқты әсер қалдырды. (қаруды қолданбас бұрын дәлдігін тексеру және қажетті өзгеріс енгізу үшін оны бірнеше мәрте атып көру керек - BBC). Атылған оқ бір бағытты емес. Аталған қару үшін бұл өте төмен көрсеткіш", - деп түсіндірді ол.

Құқық қорғау органдары қылмыс орнынан AR типті жартылай автомат қаруын тапқан. Бұл АҚШ-тағы ең танымал қарудың бірі. 2010-жылдан бері АҚШ-та мұндай винтовкалар қоғамдық орындарда, әсіресе, мектептерде бейбіт тұрғындарды атуға көп рет қолданылған.  
Айта кететін жайт, аталған қаруды сатуға 1994 жылы АҚШ-та уақытша тиым салынды. Бірақ тиым 2004 жылы алынған. 
BBC-мен сөйлескен британ армиясының мергені қастандық жасаушы бұрын-соңды адамға қару кезеніп көрмегенін болжаған.

"Менің ойымша, ол атыс алдында қатты толқыған сияқты. Ол қатарынан тоқтаусыз бірнеше рет атқан. Содан кейін тағы да эмоцияға жол берген. Мен оның әрекетінен снайперлерге үйретін логика мен алгоритмдерді байқамадым", - деді снайпер. 

Сарапшы сөзінше, Крукс нысана ретінде Трамптың басын көздеген. Бұл оның кәсіби мерген емес екенін көрсетеді. 

"Адамның басы – үнемі қозғалыста болатын нысана. Кәсіпқойлар атар кезде мүмкіндігінше одан басқа нүктелерді таңдауға тырысады. Меніңше, шабуылдаушы нысанаға ату тұрғысынан аз жаттыққан деп ойлаймын. Әйтпесе, соңы басқаша болар еді. Әсіресе, 130 метрден", — деді ол.

Құпия қызмет кімді қорғайды?

Оқ атылған бойда (көпшілік оны петардтың жарылған даусына ұқсатқан) Трамп оң құлағынан ұстап, еңкейіп қалады. Сол сәтте оған қарай күзететтегі АҚШ Құпия қызметінің агенттері тұра жүгіреді.
Бұл ресми түрде ішкі қауіпсіздік министрлігінің құрамына кіретін құрылым. Ол 1865 жылы Авраам Линкольннің тұсында  жалған ақша жасаушылармен күресу үшін құрылған. 

 

1901 жылы АҚШ-тың 25-ші президенті Уильям Маккинли қастандықтан қаза тапқаннан кейін, құпия қызметке Мемлекет басшысы мен оның отбасын қорғау тапсырылды. Қазір бұл қызметтің негізгі функциясы. Аталған ведомствоны ресейлік ФҚҚ-мен (ФСО) салыстыруға болады.

 

Құпия қызмет Америка президенттерін олардың президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де қорғайды. Сонымен қатар, ол вице-президентті және президенттікке негізгі үміткерлерді де қорғауға міндетті. Яғни, құпия қызметтің Дональд Трампты күзетуге бір емес екі себебі болды.

Атыс басталған соң бірнеше секунд өткенде, Құпия қызметтің мергені Круксты өлтірді. Мергеннің қауіп төндірмейтініне көз жеткеннен кейін, қауіпсіздік қызметкерлері Трамптың орнынан тұруына көмектесті. Содан кейін оны ауруханаға алып кеткен көлікке дейін шығарып салды. 

Кейінірек республикашылар партиясының кандидаты құлағына оқ тигенін және өзін қалыпты сезінетінін айтты. Алайда, куәгерлердің бірі – ерікті, өрт сөндіруші атыс басталғанда өзінің отбасы мүшелерін денесімен қорғап, басына тиген оқтан сол жерде қаза болды. Тағы екі адам ауыр жарақат алған. 
Трамп та, АҚШ президенті Джо Байден де құпия қызметке жедел әрекет еткені үшін алғыс айтқанымен, ведомство үлкен сын мен парламенттік тергеуге тап болды.

Оларға қойылып отырған негізгі сұрақ мынадай: қалайша қауіпсіздік мамандары винтовка ұстаған адамның оқ ататындай жерге, бұрынғы президент тұрған аумаққа өтіп кетуіне  жол берді?

Президенттікке үміткерлер қатысатын іс-шаралар қалай қорғалады?
АҚШ-тың бірнеше президентін қорғау ісіне аралсқан бұрынғы полиция қызметкері Тим Макмиллан саясаткерлердің көпшілік алдын шығуына қалай дайындалатынын Х (бұрынғы твиттер) желісіндегі парақшасында айтты. 
Макмилланның сөзінше, әдетте Қауіпсіздік қызметі митингіге дайындық алдында шара өтетін жерге алдын ала келіп, қорғаудағы тұлғаның қаупсіздігі үшін не керек екенін бағамдайды. Ол үшін аумақты шамамен ішкі, ортаңғы және сыртқы деп бөледі. 

"Алыс қашықтықтағы қауіптерді қамтитын сыртқы деңгей бар. Бұл мергендермен күресу, кибер барлауды қолдау және радиациялық және химиялық қауіптен қорғау туралы ақпаратты қамтуы мүмкін", - деп қорытындылады ол.

Макмилланның айтуынша, атыс болған ғимарат "орта периметр" санатына қосылуы керек еді. Трамптың артындағы шатырда орналасқан құпия қызметтің мергендері сыртқы периметрді сканерлеуге жауапты болды және 150 метрден әлдеқайда алыс жерде қауіп іздеді.

 

BBC News-тің екі дереккөзінің айтуынша, іс-шараға дайындық кезінде құпия қызмет қызметкерлері Крукс тұрған ғимаратты аса қауіпті деп санамаған. BBC-мен сөйлескен британдық мерген Макмилланның сөзімен де келіседі.

Ол "әдетте бізге 200-ден 300-400 метрге дейінгі биіктіктегі жағдайды бақылау міндеттері қойылады. Мерген ретінде сіз шабуылдаушы нысанадан 100-150 метр қашықта орналасады деп күтпейсіз. Сіз алыстан қауіп іздеп жүрсіз", - деді ол. 

Құпия қызметтің баспасөз хатшысы Энтони Гуглиелмидің айтуынша, митингте мергендердің төрт командасы жұмыс істеген. Оның екеуі Құпия қызметтен, тағы екеуі жергілікті полициядан. Гуглиелми Құпия қызметтің мергені атысты ашқаннан кейін Круксты көргенін және оны бірден атып тастағанын хабарлады.

"Іс-шара басталғанға дейін мергендер әдетте қорғалатын адамға оқ атылуы мүмкін барлық жерлерді бинокльмен қарайды. Әрбір осындай ықтимал қауіпті нүктеге қатысты қажетті есептеу жасаймыз, мысалы, биіктікке және ауытқуға қандай түзетулер керек. Бұл деректер жазылады. Осылайша, мерген атыс болған жағдайда қандай түзетулер енгізу керегін жақсы біледі", - деп атап өтті BBC-мен сөйлескен Британдық мерген.

Крук ғимарат төбесіне қалай шықты?

Трампқа жасалған қастандықтан кейін бірден-ақ митингке келген қарапайым жұрт жас жігітті атыс басталғанға дейін көргені анықталды. Күзетілетін алаң аумағына барлық адам кіре алмады. Трамптың кейбір жақтастары оны Крукс көтерілген ғимараттың жанында тұрып тыңдаған. 
Осындай куәгерлердің бірі болған оқиғадан кейінгі алғашқы минуттарда

Пенсильваниядағы митингіні жариялаған ВВС тілшісі Гари О' Донохьюге сұхбат берді. Грег есімді кісі кенеттен белгісіз біреудің көрші ғимаратқа шығуға тырысып жатқанын көргенін айтты. 

"Біз бұл жігіттің жанымыздағы ғимараттың төбесіне, бізден 15 метр жерде кетіп бара жатқанын байқадық. Оның мылтығы болды, біз оны мылтықпен анық көрдік. Ол және басқа куәгерлер ер адам туралы дереу полиция қызметкеріне айтқан. Оқ атылған соң Трамп неге сөйлейді? Неліктен оны сахнадан алып кетпейді? - деді Грег.  

АҚШ полициясының бұрынғы офицері Тим Макмиллан "мәліметтерге сүйенсек, қауіпсіздік апаты орта периметрде болды. Бұл деңгейге құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауап береді. Олар шаруашылық құрылыстарына іргелес ауданда болуы керек еді. Мұндай елеулі сәтсіздік қалай болуы мүмкін, тек болжам жасауға ғана болады" деді. 

"Сол күні іс-шараны күзету үшін жіберілген жергілікті полицейлер осы ауданда болып, қаруы бар ешкімнің шатырға шықпауын қамтамасыз етуі тиіс-тін. Олар қателескен болуы мүмкін", - дейді ол.

ABC News-ке сұқбат берген күштік құрылым өкілінің айтуынша, полиция қызметкері шатырға шығуға талпынған.  Бірақ оқ атқан адам оған қауіп төндіре бастаған. Содан кейін бірден оқ атылған.  Ол жағдай жайлы қауіпсіздік қызметіне ескертіп үлгерді ме, ол жағы белгісіз. 

"Әрине, жоғарыда қаруы бар адам жүргені туралы ақпарат кешіккені, оған қатысты түсініспеушілік болуы мүмкін. Бәлкім, жергілікті полиция мен құпия қызмет мамандары шатырдағы адамның қауіпсіздік күштерінің бірі болар деп ойлады", - дейді Макмиллан.

Неліктен шабуылдаушыны бірден атып тастамады?
Қастандықтан кейін көп ұзамай желіде бейнежазба пайда болды. Онда Дональд Трамптың артындағы шатырда тұрған екі Құпия қызметтің мергендері Крукс жатқан шатырға қарап тұрғанын көруге болады. Бұл шабуылдаушы оқ атқанға дейін 40 секунд ішінде болды.

"Егер құпия қызметтің мергендері шатырдағы адамға қараса, онда олар оның кім екенін анықтауға тырысқан болуы мүмкін" деп атап өтті BBC-мен сөйлескен Британдық мерген.

"Жағдай соғыс аймағында емес, бейбіт қалада, жүздеген қарапайым адамдар арасында орын алды. Бұл соғыс емес, жаппай іс-шара және мұнда қаруды қолданудың мүлдем басқа ережелері бар. Алдымен мерген адамның шынымен қауіп төндіретінін анықтау керек. Бұл әрекеттердің барлығы уақытты қажет етеді. Мен атқан адамның позицияға қарай бара жатқанын және көп ұзамай оқ атқанын сәттегі кадрларды көрдім. Осы уақыт ішінде құпия қызметтің мергендері қажетті рұқсатты ала алмаған болуы әбден мүмкін", - деді ол, 

Ол 2004-жылы осыған ұқсас оқиғаны еске алады. Сол кезде атыс бола жаздаған:

 «Буштың Құпия қызмет өкілдері жергілікті полицияның арнайы жасақ өкілдерімен және снайперлерімен атыса жаздады. Ешкім Құпия қызметке жергілікті арнайы жасақтың қай жерде орналасқанын нақтылап түсіндірмеген. Нәтижесінде, қауіпсіздік қызметі президент тұрған аумаққа жақын жерде мұздай қаруланған топты көрген.Сол уақытта қайғылы жағдайдың орын алуына санаулы секунд қалған еді».

Салдары қандай болады?

Құпия қызметке қатысты мәселелер Трампқа жасалған қастандық дерегі бойынша ресми тергеудің тақырыбына айналмақ. 
Оны басқаратын негізгі агенттік ФТБ болады. Тергеу барысында қызмет мергеннің мұндай қадамға баруының себебін де, оған АҚШ-тың бұрынғы президентіне жақындауға мүмкіндік берген қауіпсіздік хаттамаларын да тексереді. 

"14-шілдеде таңертең өткен баспасөз мәслихатында Питтсбургтегі қызметтің далалық кеңсесін басқаратын ФТБ арнайы агенті Кевин Роек Крукстың атысты бастағанына "таң қалғанын" мойындады. "Не болғанын анықтау үшін бізге ұзақ тексеріс жүргізу керек", - деді ол.

Оқиғаның мән-жайын тек ФТБ ғана анықтамайды. АҚШ президенті Джо Байден 14 шілдеде халыққа үндеуінде билік ресми тергеу жүргізіп қана қоймай, Трамп қатысқан митингідегі қауіпсіздік шараларына тәуелсіз талдау жасауды сұрайды деп уәде берді. Оның нәтижесі туралы барлық америкалыққа хабарланбақ.

 

Сонымен қатар, Байден Құпия қызметтен Трампты қорғау үшін барлық қажетті ресурстарды пайдалануды, сондай-ақ дүйсенбіде Милуокиде басталған республикалық партия Конвенциясындағы қауіпсіздік хаттамасын қайта қарауды талап етті. Онда партия Трампты президенттікке ресми түрде ұсынды.
Құпия қызметтің әрекеттерін АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы да талдайды.

Оның спикері, республикашыл Майк Джонсон заң шығарушылар Трампқа жасалған қастандық туралы өз тыңдауларын өткізетінін мәлімдеді. Оларға құпия қызмет мамандары ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік департаменті мен ФТБ да куәлік беруі керек, деді ол. "Америкалықтар шындықты білуге лайық", - деді Джонсон.

Тергеу аясында Палатаның қадағалау комитеті Құпия қызметтің басшысы Кимберли Читлді 22 шілдедегі отырысқа шақырды.
Читл болған оқиғадан екі күн өткен соң ғана Трампқа жасалған қастандықтың мән-жайы туралы айтты. Бұл да республикашылардың жақтастарының наразылығын тудырды. 

Читл өз мәлімдемесінде Құпия қызмет тергеуге қатысқан барлық қызметтермен "не болғанын, қалай болғанын және болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін не істеу керегін" түсіну үшін жұмыс істейтінін айтты.
Құпия қызметке қатысты сұрақтар тек республикашылар арасында туындаған жоқ.

Демократ-конгрессмен, Ирак соғысының ардагері Рубен Галлего Читлге болған оқиғаға қатысты хат жазғанын хабарлады. Ол аталған қастандық "Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президентін қорғау үшін қабылданған қауіпсіздік шаралары немесе олардың болмауы үлкен алаңдаушылық тудырады" деп санайды.

Хатта Галлего Құпия қызмет басшысынан Трамптың командасы қосымша қорғаныс жайында сұрады ма, Пенсильваниядағы іс-шарада күзет жоспарын кім жасады және дайындық аясында сахнаға жақын ғимараттар тексерілді ме деген сұрақ қояды.

Құпия қызметтің әрекеттерін тергеу тек Трампқа жасалған қастандыққа байланысты емес, сонымен қатар басқа қорғаудағы тұлғалардың қауіпсіздік хаттамаларын жақсарту үшін де маңызды.

1901 жылдан бастап құпия қызметке Америка президенттерін күзету тапсырылған кезде, оның қорғауында тек біреуі ғана өлтірілді — 1963 жылы Джон Кеннеди. Тағы бір президент Рональд Рейган 1981 жылы қастандық жасағаннан кейін ауыр жарақат алды.
Мақала ВВС агенттігінен аударылды. 
Фото: Ольга Ившина, Елизавета Фохт
 

Байланысты жаналықтар

Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

22.11.2024

АҚШ БҰҰ-ның Газада атысты тоқтату туралы қарарына вето қойды

21.11.2024

Пентагон құжаттарын жариялады деп айыпталған Джек Тейшейра сотталды

13.11.2024

Илон Маск АҚШ Үкіметінің жұмысына араласады

08.11.2024

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

08.11.2024

Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтеді

08.11.2024
MalimBlocks
Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

Соңғы аптадағы негізгі оқиғалар

АҚШ БҰҰ-ның Газада атысты тоқтату туралы қарарына вето қойды

Қарарға АҚШ-ты қоспағанда Кеңестің қалған 14 мүшесі дауыс берді

Пентагон құжаттарын жариялады деп айыпталған Джек Тейшейра сотталды

2022 жылдың соңында құпия файлдарды жүктей бастаған

Илон Маск АҚШ Үкіметінің жұмысына араласады

"Бюрократияны шектеп, құрылыс салуға мүмкіндік беруіміз керек" деді ол.

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

Ол әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады

Талғар қаласы әкімінің сайлауы өтеді