Жаңа ғасырдан Жаңа Қазақстанға дейін: Рим папалары Назарбаевқа не айтты, Тоқаевқа не айтты?

2001, 2022 жылдары Рим папасы Қазақстанға келді. Әр жылдары Рим папасы болған Иоанн Павел ІІ мен Францискке Қазақстан президенттері не айтты?

Алмас НҮСІП

  • 15.09.2022

 

Рим папасын жақсы көретін Назарбаевтар отбасы

Қазақстанға Рим папасы Франциск келді. Оны астана әуежайынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Франциск әулие Қазақстанда өтіп жатқан дәстүрлі діндер съезіне қатысып жатыр. Бұл жиыннан экс-президент және осы діндер съезінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев көрінбеді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Назарбаевтың «шақыртылғанын, бірақ, әлдебір белгісіз жұмыстарымен келе алмай қалған болуы мүмкін» екенін айтып қалды.

Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін алғаш 2003 жылы Астана қаласында өткізген. Және содан екі жыл бұрын сол кездегі Рим папасы Иоанн Павел II Қазақстанға келген. Оны президенттің өзі күтіп алып, «Отан Ана» алаңында мыңдаған адам жинап, әулие әкейдің батасын алған. Тіпті, Назарбаевтың жеке отбасы Рим папасының алқауына ие болғаны есте. Қазір қолында кішкене қызы бар Дариға Назарбаева мен Нұрсұлтан Назарбаевтың әулиенің алдында тұрған суреті сақталған. Бұл сурет интернет желісінде Дариға Назарбаеваға қатысты қызықты деректер қатарында жиі жиі ұшырасады.

Фото: Sputnik / Анатолий Устиненко

Соған қарағанда, Назарбаев үшін Рим папасының бұл сапары ерекше маңызды болғанға ұқсайды. Оның үстіне әу бастан «Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс дініне, діліне, тіліне қарамастан тату-тәтті тұрып жатыр» деген сөзді халықаралық, әлемдік жиындарда жиі айтатын Назарбаев кейін, осы Франциск қасиетті таққа отырғанда да арнайы құттықтау жеделхатын жіберіп, «Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 2001 жылы Қазақстанға жасаған тарихи сапарына» ерекше мән бере сөйлейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі сөзінде 2001 жылы Назарбаевтың шақыруымен Рим папасының Қазақстанға келгенін айтпады. Бар болғаны, Ватикан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа 30 жыл толғанын тілге тиек етіп қана тоқтады. 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дінбасылар съезіне ерекше тоқталғанмен, оның кімнің бастамасымен өтіп келе жатқанына да мән берген жоқ. Оның орнына Жаңа Қазақстан, реформа, Әділетті Қазақстан құру жолындла еңбектеніп жатқанына жиі -тоқталды. Рим папасы да  бұрынғы папаның сапары жайлы айтпады.

Қазақстан туы және домбыра

Рим папасы осы келісінде домбыра туралы сөзімен «хит» болды.

«Осы сапарға дайындалған кезімде бұл жердегілер орта ғасырларда домбыраның бірнеше түрімен дастан айтып, сол арқылы өткен мен бүгінді байланыстырғанын білдім. Алуандық сабақтастығының символы тұтас елдің жадында осылай ырғақ болып сақталған. Домбыра бүгін де экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің жылдам ауысып жатқанына қарамастан алдыңғы лектегі буынның өмірін ұмыттырмай келеді».

Әрине, Рим папасы арнайы келген соң, барар жерін зерттейтіні, ол туралы бірер сөз айтуы парыз. Бәлкім, астанадағы орталық концерт залына баратынын алдын ала білген, білген соң сөз дайындаған, мүмкін, біздің тарап арнайы аузына салып берген... Қалай болғанда да, Рим папалары бейбітшіліктің елшісі ретінде барған елін мақтай жүреді.

Мәселен, осыдан 21 жыл бұрынғы Рим папасының сөзі. Иоанн Павел ІІ Назарбаевтың кезінде Қазақстанның туын мақтаған. Және Иоанн Павел ІІ-ге домбыра сыйлап тұрған сурет те бар.

Иоанн Павел ІІ / Фото: euractiv.com

Рим папасы жаңа ғасыр басында:

«Сіздердің ұллтық туларыңызға қарап, Жаратушыдан сіздердің осы туларыңыздың символы – көк түс айшықтап тұрған тұрақтылық, ашықтық, сосын алтын түс айшықтап тұрған гүлдену мен бейбітшілікті нәсіп етсін деп тілеймін», - деген.  

Иоан Павел ІІ Орта Азияның жүрегінде орналасқан әділетсүйгіш, еркіндіксүйгін елге келгенде, қасиетті топырағымызға толқи тұра аяқ басқанын да айтқан. Франциск әулие де осы мәндес сөз айтты. 2001 жылы Рим папасы Қазақстандағы демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарының сақталуы туралы ерекше айтыпты. Ал, Франциск Жаңа Қазақстанда бәрі орнына келді деп ойлады ма екен, негізінен әлемдегі татулық, тыныштық туралы айтқаны болмаса, Орта Азия елдеріндегі, оның жүрегінде орналасқан Қазақстандағы демократия жайлы сөз қозғамапты.

Тоқаев-Назарбаев және Рим папасы

Тоқаев сөзінің басын Рим папасының келуі және дәстүрлі дінбасылары съезінің маңызын айтумен бастады. Иә, әдеттегі ләмі – байланыстарды жаңа деңгейге шығару. Және Рим папасы келген қарсаңдағы Қазақстан. Тоқаев дәл осы жолы Жаңа Қазақстан емес, Әділетті Қазақстан туралы көп айтты. «Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы тағдыршешті сәтте тұрған кезінде келіп отырсыз», - деп бастап, әлемдік дәстүрлер мен діндердің кемелдік танытып, тыныштыққа шақыруы керек екенін айта келіп, Қазақстанға ойысады. Иә, Қазақстан әртүрлі діндер мен ұлттардың достығы жарасқан ел, Орта Азиядағы католик қауымы ең көп шоғырланған мемлекет. Және «христандар өзге сенім өкілдерімен қатар тұрып төзімділік (!) пен бір біріне деген құрмет тұнып тұрған Әділетті Қазақстан құруға атсалысады».

Әрине, президент Қазақстанның осы уақытқа дейін әлемдік мінберлерде бейбітшілік пен келісім, татулық, достық туралы айтып келе жатқанына тоқталғанмен, негізінен өзінің қазіргі жүргізіп жатқан «реформалары» туралы көбірек айтып қалуға тырысқан сияқты.

Рим папасы Франциск пен ҚР президенті Қ.Тоқаев / Фото: Akorda.kz

«Осы күні Қазақстан реформа жасауға шындап кірісті. Оның қаншалықты сәтті болуы біздің көпұлтты және көпдінді халқымыздың парасаты мен жеріміздегі бейбітшілік пен келісімге байланысты. Біз мемлекетіміз ықпалды әрі өркениетті болуы үшін Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Сондықтан біз саяси трансформацияға күш салып жатырмыз. Біздің жаңа экономикалық саясатымыз ұлттық табысты әділетті түрде үлестіруге және барлық азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған», - деді.  

Қазақ, орыс, ағлшын тілінде жасаған баяндамасының негізгі мазмұны осындай. Әрине, Қазақстан тарихындағы әлемдік діндер, еліміздегі қасиетті орындар туралы аздаған ақпарат болатыны айтпаса да түсінікті.

2001 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстанның ерекше ел екенін, қаншама ұлт пен ұлыстың тату-тәтті тұрып жатқанын, жаңа ғасырға ерекше екпінмен қосылып жатқанымызды айтқан. Және сөзінің басынан аяғына дейін «Ваше Святейшество»-ның қазақстанға келуінің ерекше оқиға екенін айтумен болған Назарбаев дәл сол кезде болған Америкадағы теракт жағдайына ерекше тоқталған. Сол қиын жағдайға қарамастан сапарын тоқтатпаған әулие әкейге тағы алғыс айтқан. Сосын, Рим папасының әлемнің дәстүрлі діндерінің басын қосып, бәріне бірдей құшақ ашқанын, ислам дініне қызығушылық танытып, оның философиясы мен тарихы, мәдениетіне үңілетініне тәнті болған.

«АҚШ-та болған трагедия цивилиязациялар мен діндердің арасына жарықшақ түсіріп, алаауыздық туғызуы мүмкін. Біз, Қасиетті әкей, сіздің АҚШ-тағы террористік актіден кейін жасаған мәлімдемеңіздегі адамзатты бұл алапат оқиғаға халықтарды, нәсілдерді немесе діни қауымды айыптамауға шақырғаныңызды, әлемді исламофобиядан сақтандырғаныңызды жоғары бағалаймыз. Мен сіздің бұл ойларыңызды толықтай қолдаймын», - дейді Назарбаев.  

Рим папасы Иоанн Павел ІІ мен Н.Назарбаев, 2001 ж. / Фото: voxpopuli.kz

Ал, бұл жолғы кездесуде Тоқаев та, Франциск те қазіргі соғыс жағдайындағы әлем туралы жалпылама тоқталғанмен, нақты бір тарапты айыптамайды, бар болғаны дәстүрлер мен діндердің бейбітшілік үшін жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Бір қызығы, Назарбаев 30 жыл бойы айтқан 130 ұлт биыл 150-ге көтеріліпті. Понтифик әлде шатасты, әлде Жаңа Қазақстанда шынымен ұлттар мен тілдер саны өсті, қысқасы, 150 ұлт пен 80-нен аса тіл салтанат құрып тұрған құрама Қазақстан әлемге әлі талай «үлгі» көрсететіні анық.  

Байланысты жаналықтар

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

15.11.2024

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

15.11.2024

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

08.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024

Орталық сайлау комиссиясында ауыс-түйіс

07.11.2024
MalimBlocks
Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Тоқаев Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтты

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

Словакия, Мексика, Родос және Мальта елдеріндегі жауапты тұлғалар арасында ауыс-түйіс болды

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Банк 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 млрд долларға жуық жобаларды қаржыландырды

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған

Орталық сайлау комиссиясында ауыс-түйіс

Сәбила Мұстафина мен Константин Петров қызметінен босатылды