Ақмола облысында автобус жүргізушісі патрульдік полиция қызметкерлері одан 5 мың теңге пара алды деп «102» желісіне хабарласқан. Алайда тексеру кезінде бұл ақпараттың жалған екені анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Шымкенттен Астанаға бағыт алған Van Hool маркалы автобус патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан құжаттарын тексеру үшін тоқтатылған.
Тексеру барысында полицейлер автобустың конструкциясы заң талаптарына сәйкес қайта жабдықталғанын анықтаған. Атап айтқанда, жолаушыларға арналған орындардың орнына салонға ұйықтайтын орындар орнатылған.
Осыған байланысты жүргізушіге көлік құралын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.
Полицияның бұл әрекетіне наразы болған жүргізуші біраз уақыттан кейін «102» арнасына қоңырау шалып, патрульдік полиция қызметкерлері одан 5 мың теңге алғанын хабарлаған.
Алайда полиция аталған ақпаратты бірден тексеруге кірісті. Автобустың орналасқан жері анықталып, мән-жайды нақтылау үшін көлік тоқтатылды.
Алғашында жүргізуші «102» желісіне өзі хабарласқанын жоққа шығарған. Тіпті қоңырау шалған SIM-картаны лақтырып жібергенін айтқан.
Кейін ер адам полицияға өзі хабарласқанын мойындады. Оның айтуынша, әкімшілік хаттама толтырылғанына ашуланып, ойланбастан осындай әрекетке барған.
Оқиға бойынша жүргізушіге арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.