Орегон штатының Портленд қаласында АҚШ-тың кеден және шекара қызметкерлері оқ атып, екі адам жараланды. Бұл туралы Report агенттігі жазды.
Ақпаратты Федералды тергеу бюросының (ФБР) жергілікті кеңсесі әлеуметтік желіде таратты.
— Портлендтегі ФБР шамамен 14:15 болған атыс оқиғасын тергеп жатыр. Оқиғаға кеден және шекара қызметінің қызметкерлері тартылып, екі адам жараланды, — деп хабарлады басылым.
Еске сала кетейік, Миннеаполисте иммиграциялық қызметкер АҚШ азаматшасын атып өлтірді. Салдарынан штатта наразылық акциялары басталды.
Америкалық билік өкілдерінің айтуынша, әйел өз көлігімен ICE қызметкерін қағып кетпек болған. Алайда жергілікті билік оқиғаның бейнежазбасына сүйене отырып, бұл нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарды.