Қызылқоға ауданында Атырау облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазіргі уақытта тағы екі жоғалған адамның жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру шаралары жалғасуда.
Аталған факті бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың тек ресми дереккөздеріне сүйенуге және расталмаған әрі жалған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз. Тергеу мүддесіне байланысты қазіргі таңда өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады Атырау облысы полициясы.
Еске салсақ, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары — Максот Қарабалин, жұбайы Насип Үтешқалиева және олардың балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстары отбасының еш түсіндірмесіз жоғалып кеткенін және сол уақыттан бері байланысқа шықпағанын айтқан еді.
Облыс полициясының мәліметінше, 25 желтоқсанда Атырау тұрғыны ағасы мен оның отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгінген.
Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қараша айында өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін қайтып оралмаған.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ерлі-зайыптылар мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы елдің оңтүстік өңірлеріне бағыт алуы мүмкін.