Астана халықаралық қаржы орталығының (АҚХО) соты «Нафтогаз Украина» ұлттық компаниясының «Газпромға» қарсы шамамен 1,4 млрд доллар көлеміндегі арбитраж шешімін Қазақстан аумағында мәжбүрлі түрде орындау туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы соттың ресми шешімінде айтылған, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот шешімін судья Эндрю Спинк шығарды. Құжатқа сәйкес, сот Швейцарияда Халықаралық сауда палатасы (ICC) аясында қабылданған шетелдік арбитраж шешімін тану және орындауға келісім берді. Әңгіме газ дауын қайта қарау туралы емес, Қазақстан аумағында ресейлік компанияға қатысты қаражат өндірудің заңдық тетігін қолдану жайында болып отыр.
Сот өз құзыреті аясында Қазақстаннан тыс жерде және МФЦА арбитраждық орталығынан тыс қабылданған халықаралық арбитраж шешімдерін де мойындап, орындауға құқылы екенін атап өтті.
«Нафтогаз» басшысы Сергей Корецкий бұл шешімді компанияның қаражатты өндіріп алу процесіндегі маңызды кезеңдердің бірі деп бағалады.
«Бұл – “Газпромнан” қаражат өндіріп алу жолындағы кезекті нақты қадам. Біз халықаралық арбитраж шешімдерін әртүрлі юрисдикцияларда орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз», – деді Сергей Корецкий.
Мәліметтерге сәйкес, өтініш «Газпром» компаниясының қатысуынсыз және алдын ала хабарландырусыз қаралған.
Даудың тарихы
«Нафтогаз» бен «Газпром» арасындағы ұзақмерзімді дау 2009 жылы газ жеткізу және транзит жөніндегі келісімшарттардан басталған. 2014 жылдан кейін тараптар бірнеше рет Стокгольм сауда палатасының Арбитраждық институтына (SCC) жүгінді.
Даудағы негізгі шешімдердің бірі 2018 жылы қабылданған. Сол кезде арбитраж «Газпромды» транзиттік келісімшарт бойынша газ көлемін жеткіліксіз қамтамасыз еткені үшін «Нафтогазға» 2,56 млрд доллар төлеуге міндеттеген.
Кейін 2019 жылдың желтоқсанында тараптар белгілі бір келісімдерге келгенімен, арада жаңа даулар туындап, «Нафтогаз» халықаралық деңгейде құқықтық және арбитраждық процестерді қайта бастады.
Соңғы шешім «Нафтогаздың» халықаралық арбитраж үкімдерін орындау арқылы өз талаптарын жүзеге асыру әрекеттерінің жалғасы ретінде бағаланып отыр.