freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ажырап қалады екен": Роза Әлқожа елге айтпаған құпия сырын ашты

Қоғам
"Ажырап қалады екен": Роза Әлқожа елге айтпаған құпия сырын ашты
Роза Әлқожа. Фото: instagram.com/roza_alqozha (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында адамға сену, өмірлік тәжірибе және адамның өз болмысын жоғалтып алуы туралы ойын жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі бұрынғы еркін мінезін сағынатынын айтып, біреудің пікіріне тым тәуелді болу адамның өзіндік көзқарасына әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.

"Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық емес пе еді?! Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп жүріп, өз ойың болмай қалады", – деп жазды әнші.

Роза Әлқожаның айтуынша, өмірлік тәжірибе оған ең алдымен адамның өзіне сенуі керегін түсіндірген. Ол сенімді үлкен жауапкершілікке теңеп, біреуге сенім білдірген соң оның әрекетін бақылап отыру мүмкін емес екенін айтты.

"Сенім – үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға қаруды былай серме дей алмайсың. Ол қалай қолданса да, жараласа да – өз еркі. Тек арына тапсырасың", – деді өнер иесі.

Әнші сондай-ақ уақыт өте адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, бір кездері жақын болған адам жатқа айналып, ал бұрын бөтен көрінген жан керісінше тілеулес болуы ықтимал.

"Жақының жатқа айналады дегенге бұрын сенбейтінмін. Дұшпаның досың болады десе де, ертегі болып көрінетін. Сөйтсек, Құдай шешсе, құл көнеді екен. Ертең не боларын ешкім білмейді", – деп жазды ол.

Роза Әлқожа адамның ішкі дүниесін өзінен басқа ешкім толық біле алмайтынын да айтты. Оның пікірінше, кейбір адамдар өзгеге өз мақсатына қарай бағыт беріп, тіпті оны өз пайдасына пайдалануы мүмкін. Өнер иесі сөз соңында шынайы жанашырлық үнемі қасыңда жүрумен өлшенбейтінін жеткізді. Оның пайымынша, жанында жүріп жамандыққа итермелеген адамнан гөрі, алыста болса да тілеуіңді тілейтін адамның орны бөлек.

Еске сала кетейік, Роза Әлқожа қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе туралы пікір білдіріп, отбасындағы әйелдерге түсетін жауапкершілік пен қысым жайында ойын ортаға салған еді.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, ақын және композитор. Ол 1981 жылдың 1 қазанында Өзбекстандағы Амангелді ауылында дүниеге келген.

Отбасының тұңғышы болған өнер иесі ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен. Бала кезінен музыкаға қызығып, домбыра үйірмесіне қатысып, түрлі өнер байқауларында бақ сынаған.

Мектепті үздік аяқтағаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Студент кезінде шығармашылыққа белсенді араласып, алғашқы әндерін жаза бастаған.

Университетті тәмамдаған соң Роза Әлқожа біраз уақыт журналистика саласында еңбек етіп, кейін кәсіби әншілік жолға бет бұрды.

Оның көпшілікке кеңінен танылуына студенттік сахнада орындаған "Орамалды" әні ықпал етті. Ал 2008 жылы әншінің "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомы жарық көрді.

Роза Әлқожаның "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" секілді туындылары тыңдарман арасында танымал болды. Әнші шығармашылығында ұлттық әуен мен заманауи музыкалық бағыттарды үйлестіріп, өзіне тән орындаушылық мәнер қалыптастырды.

Роза Әлқожа ән орындаумен ғана шектелмей, өлең жазып, музыкалық шығармаларға әуен шығаратын автор ретінде де танылған. Қазіргі уақытта ол шығармашылық қызметін жалғастырып, концерттер мен түрлі мәдени іс-шараларға қатысып жүр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу