BBC (Британдық хабар тарату корпорациясы) бас директоры Тим Дэйви және BBC News жетекшісі Дебора Тернесс Трамптың сөзін өңдеп жариялағаннан кейін туындаған дау-дамайдан соң отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Себебі BBC Panorama бағдарламасында Дональд Трамптың сөзі монтаждалған түрде көрсетіліп, бұл оқиға қоғамда үлкен сынға ұшырады. Тим Дэйви өзінің қызметтен кету туралы хатында былай деді:
«BBC мінсіз емес, біз әрдайым ашық, айқын және есеп беруге дайын болуымыз керек. Бұл шешімімнің жалғыз себебі болмаса да, BBC News төңірегіндегі қазіргі пікірталас менің шешіміме ықпал етті. Жалпы алғанда корпорация жақсы жұмыс істеп келеді, бірақ кейбір қателіктер болды. Бас директор ретінде соңғы жауапкершілік менің мойнымда».
Ол директорлар кеңесімен бірге қызметінен кетудің нақты мерзімін келісіп, жаңа басшыға өкілеттікті біртіндеп тапсыруға ниетті екенін айтты.
Өз кезегінде BBC News жетекшісі Дебора Тернесс былай деп мәлімдеді:
«Президент Трамп туралы Panorama бағдарламасы төңірегіндегі дау BBC-ге зиян келтіре бастады. Қателіктер болды, бірақ BBC News ұйымына қатысты соңғы айыптаулар — жалған. Жауапкершілік менде, сондықтан мен сенбі күні Тим Дэйвиге отставка туралы өтінішімді тапсырдым».
Тим Дэйви BBC-де 20 жыл жұмыс істеді. Ол 2020 жылдың қыркүйегінен бері корпорацияның бас директоры қызметін атқарып келді, ал бұған дейін 7 жыл бойы BBC Studios коммерциялық бөлімшесін басқарған.
Дебора Тернесс 2022 жылдан бері BBC News құрылымын басқарып, 40 тілде жаңалық дайындайтын 5 мыңнан астам қызметкердің жұмысын үйлестіріп отырды.
BBC басқарма төрағасы Самир Шах мәлімдесінде:
«Бұл BBC үшін қайғылы күн. Тим соңғы 5 жылда ерекше бас директор болды. Ол ұйымды алға жетелеп, табандылық пен стратегиялық көзқарас танытты», — деді.
Өз кезегінде Дональд Трамп TruthSocial желісінде бұл жағдайға пікір білдіріп:
«Барлығы отставкаға кетіп жатыр немесе қызметінен босатылды, өйткені олар менің 6 қаңтардағы тамаша (МІНСІЗ!) сөзімді бұрмалағаны үшін ұсталды», — деп жазды.
Сондай-ақ Трамп:
«Бұл — арам адамдар. Олар президент сайлауының барысына араласуға тырысты. Оның үстіне, олар көпшілігі біздің басты одақтасымыз деп санайтын елден. Бұл — демократия үшін масқара жағдай!», — деп қосты.