Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Бекжан Әшірбаев:  Президент отандық басылымдардың маңызына тоқталды

Қоғам
Бекжан Әшірбаев:  Президент отандық басылымдардың маңызына тоқталды
Gov.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты қоғамда кең талқыланып жатыр. Осыған байланысты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекжан Әшірбаев өз пікірін білдіріп, ұлттық баспасөздің маңызына айрықша тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген көлемді сұхбатын бір деммен оқып шықтым. Бұл – елдің бүгіні мен ертеңін таразылаған, ұлттық сананы серпілтетін салмақты әңгіме. Президент сұхбат барысында «газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» деп атап өтіп, дәстүрлі баспасөздің қоғамдағы орнына айрықша мән берді. Бұл оймен толық келісемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілердің адам санасына кері әсерін ашық айтып, «танымдық қабілетке зор зиян келтіріп жатқанын» нақты мысалдармен жеткізді. Мемлекет басшысының бұл пікірі бүгінгі қоғамның шынайы көрінісін дөп басады. Себебі жасы келгенімен, ой-өрісі әлі қалыптаспаған азаматтарды кездестіру – үлкен алаңдаушылық тудыратын құбылыс.

Президенттің «мерзімді баспасөзді жастайынан үзбей оқитыны» жөніндегі сөзі де көп нәрсені аңғартады. Бұл – оқу мәдениетінің, зиялы дәстүрдің сабақтастығын көрсететін маңызды ұстаным. Сұхбатта айтылғандай, қазіргі баспасөз заман талабына сай бейімделіп, терең сараптама мен ағартушылық бағытты басты орынға шығарып отыр. Бұл – кәсіби журналистиканың айқын белгісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «қоғам тек елең еткізер жаңалық пен қысқа бейнежазбамен шектелмеуі тиіс» екенін атап өтіп, мазмұны терең ақпараттың маңызын алға тартты. Меніңше, бұл ой әсіресе жастар үшін аса өзекті. Өйткені Президент айтқандай, «оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алдыңғы шебінде болады».

Сұхбаттың тағы бір қуантарлық тұсы – Мемлекет басшысының қазақтілді басылымдарға тұрақты түрде сұхбат беруі. Бұл – титулды ұлттың рухын көтеріп, ана тіліміздің мәртебесін арттыратын тағылымды қадам. Президенттің «Turkistan» газетіне берген бұл сұхбаты – ойлы оқырманға, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарға арналған маңызды рухани құндылық деп білемін.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу