Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Биылғы экономика: өсімнің мазмұны қандай?

Аналитика
Биылғы экономика: өсімнің мазмұны қандай?
© malim.kz / Gemini ЖИ

Өткен аптада Ұлттық экономика министрі әрі премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстаның биылғы экономикалық көрсеткіштерін қорытындылағандай болды. Қаңтар-қараша кезеңіндегі индикаторларды паш еткен ол экономиканың сапалық мазмұны артып келе жатқанына нұсқаған еді.

Біз үкіметтің бұл есебін жыл аяғында бір пысықтап алу үшін экономист Бауыржан Искаковқа жүгінген едік.

Бауыржан Искаков, экономист
Бауыржан Искаков, экономист. ФОТО: © Б. Искаков

malim.kz: - Алдымен, экономист маман ретінде биылғы экономикалық ахуалға жалпы бағаңызды айтып өтсеңіз.

Бауыржан Искаков: - Биылғы экономикалық ахуалды "сақтықпен өту кезеңі" деп бағалар едім. Макроэкономикалық тұрақтылық сақталып, бюджет орындалып жатыр. Қаржы жүйесінде де күйзелістер болған жоқ. Биыл экономикалық өсім бар. Ол өсімнің құрамы бұрынғыдай негізгі драйверлерге - шикізат пен құрылысқа тәуелді. Ендеше, өсімнің құрылымдық мазмұны өзгерді деуге келмейді.

malim.kz: - 2024 жылмен салыстырғанда экономикамызда артық тұстар бар ма?

Бауыржан Искаков: - Бейімделу қабілетінің артқанын атап айтқан болар едім. Былтыр сыртқы тәуекелдерге жауап ретіндегі әрекеттер баяулау болып еді. Мысалы, санкцияларға қатысты, логистикадағы өзгерістерге экономика жылдам икемделе алды. Инфляцияның да шарықтау шегінен жақсы өтіп кеттік. Рас, мұндай көрсеткіштер бизнестің, халықтың мәселелерін түбегейлі шешіп тастады деуге келмейді.

malim.kz: - Ішкі инвестициялардың драйвері болып келе жатқан құрылыс саласы туралы былтыр пессимистік болжамдар айтылып еді. Бірақ, бұл саланың қарқыны қатты. Құрылыс нарығына мемлекет тарапынан дем беріліп отыр ма, әлде нарықта үйге сұраныс жоғары болып қалып отыр ма?

Бауыржан Искаков: - Бұл саланы екі фактор сүйреп келе жатыр. Бір жағынан, мемлекеттік өзі күшті дем беріп отыр: инфрақұрылымдық жобалар, ипотекалық бағдарламалар, бюджеттік инвестициялар. Екінші жағынан, нарықта сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр: халық инфляциядан қорғану үшін ақшасын жылжымайтын мүлікке салуға бейіл. Бұл саладағы оң динамиканы табиғи сапалық өсімді мемлекеттің демеуі деп сипаттар едім.

malim.kz: - Биыл қазан айында Ұлттық банк базалық ставканы 18% көтерді. Оның салдары қазір сезіліп жатыр ма, әлде эффекті келесі жылы біліне ме?

Бауыржан Искаков: - Базалық ставканың көтерілуінің әсері осы қысқа аралықтың өзінде сезіліп жатыр. Несие қымбаттап, бизнес пен халық сақтық режимге көшті. Инвестициялық белсенділік те аздап баяулады. Тұтыну көлемі де азайып барады. Бұл инфляцияны ауыздықтау үшін жасалған шара болатын. Қаншалықты ауыр болса, соншалықты қажет қадам болды дер едім.

malim.kz: - Салық Кодексі хақында айтыс көп. Біреулер, шағын кәсіпкерлікпен қош айтысамыз десе, біреулер, қайта көлеңкедегі бизнеске салық төлететін болдық дейді. Сіздің ойыңыз қандай?

Бауыржан Искаков: - Иә, түрлі пікір бар. Бірақ түпкі мақсатының - көлеңкелі экономиканы жарыққа шығарудың - дұрыс екенін айтқым келеді. Нәтиже былай болмақ. Егер әрі қарай билік пен бизнес арасында диалог болса, бұл өзгерістер пайда әкеледі. Егер формализм басым болса, кері әсерін тигізеді.

malim.kz: - Өнеркәсіп қандай қарқын көрсетіп отыр?

Бауыржан Искаков: - Өңдеу өнеркәсібінде әлсіз болса да аздап өсім бар. Бұл бағытта серпіліс керек. Тау-кен саласы әлі де басты драйвер болып қалып отыр.

malim.kz: - Сырт елдермен сауда балансында өзгеріс бар ма? Экспортымызда қосымша құн үлесі бар тауарлар артты ма?

Бауыржан Искаков: - Түбегейлі өзгеріс байқалмайды. Әлі де шикізаттың үлесі басым. Қосымша құн үлесін арттыру үшін бірнеше жыл жоспарлы жұмыс істеу керек деп есептеймін.

Жалпы айтқанда, 2025 жыл экономиканың сынақтарға төзімділігін көрсетті, дәл сол уақытта - әлі де жетілдіретін тұстарды айқындап берді.

malim.kz: - Сұхбатыңыз үшін алғыс!

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу