Ақан Сатаевтың "Боксер" фильмін көрген соң

Менің осы жазған шағын диалогым «Боксер» фильміндегі барлық диалогтардан әлдеқайда қақтығысты, әлдеқайда шымыр.

  • 22.12.2021

Құдай тағала әлем халықтарына кино өнерін таратып жатқан кезде қазақтар келмей қалған -ау .... -дейін десең Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин секілді ағалардың әруағынан қорқасың. Демейін десең бізде толассыз шығып жатқан есепсіз киноның саны мен сапасын көріп еріксіз күрсініп, бас шайқағаннан басқа амалың жоқ.

Әдетте саннан сапа туушы еді, бізде керісінше! Көбейген сайын сапасыз.

Жарайды, Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбай секілді КВН -шылардың бір күлуге жарарлық киносымақ скетчтері туралы ештеңе айтпай ақ қояйын, себебі қаржы өздерінікі. Идеологиялық жағынан жарамсыз болса да. (Бізде идеология кімге керек?!) Менің айтпағым мемлекеттің ақшасына, яғни, сіз бен біздің қалтамыздан төленген салығымызға түсірілген кинолар жайлы. Себебі ешқандай мемлекеттің ақшасы деген ұғым жоқ, тек салық төлеушілердің ғана ақшасы бар. (Авторы Тетчер деген темір ханым.)

«Осы Бекжан Тұрыс ән айтса өлгің келеді» деп марқұм Әшірбек Сығай ағамыз айтқандай жаңағы мемлекеттің ақшасына түсірілген киноларды көргенде өле салғың келеді. Оған жұмсалған ақшаның сомасын естігенде өліп жатып та ішегіңді тартып бір таңғалып, ресми тілде бір боқтап алмасқа шараң жоқ. Бұл арада ресми тілді пайдаланбай болмайды. Құмарың қанбай қалады. Ешкім көргісі келмейтін сонау «Абайдың жастық шағы», «Жамбылдың жастық шағы» деген кинолардан бастау алған осы бір обал (бәлкім обыр?!) шеру «Көшпенділерге» ұласып ерекше қарқын алды да қазақ хандығының (баяғысының да, осы заманғысының да) мерейтойлары кезінде тіпті күшейді. Көркемдіктен жұрдай көркем фильмдерден бөлек телеарналар тапсырыс берген сападан жұрдай сансыз сериалдарға кеткен қаржыны ойласаң, отыра қап жылағың келеді.

Кеткен қаржы түйедей, көркемдігі мен сапасы түйме, қайдағы түйме, тебендей. Неге?

Өйткені кино саласы да елдегі барлық сала секілді ақша жымқырудың үлкен бір ұясы боп алды. Және басқа салаларға қарағанда өте ыңғайлы һәм қауіпсіз ұя. Себебі басқа салаларда желінген дүниенің орны ойсырап жоқ боп тұрған соң желкелеп қамауға алады. Ал бұл салада ондай емес, ақша бөлінді, кино шықты, нөу проблем!  Қаржы қадағалаушы орган  қыңқ дей алмайды. Ал бөлінген қаржы мен сапаның сәйкес келмеуін олар таразылап беруге дәрмені де, дәлелі де жоқ. Нәтежиесінде түкке тұрғысыз фильмдер және соған кеткен есебі жоқ қыруар қайран ақша! Одан да ЛРТ жақсы екен. Қанша желінгені қалқиып көрініп тұрады. Ал мұнда кинотеатрдан жер боп шығып келе жатқаныңды өзіңнен басқа ешкім білмейді. Осыншама сарыуайымға салынып, таусылып сөйлеуіме жуырда көрген Ақан Сатаевтың әйгілі боксшы Серік Сәпиев туралы  түсірген «Боксер» деген киносы себеп болды. Киноны қарап отырсаң, Ақан Сатаев мынандай өмірлік нақты жоспар құрған секілді. Алдымен жеке ақшама елдің бәрін елең еткізер мықты бір туынды түсірем. Ол өзін ақтауы керек. Содан кейін соған ұқсас тағы бір кино түсірем. Одан кейін мемлекет тарапынан үлкен ұсыныстар түседі. Сол кезде мемлекеттік ақшаны олай да, бұлай да армансыз шашып, қажетіме жаратып, шалқып өмір сүрем -деген. Киноны қарап отырып, басқалай айту мүмкін емес. Себебін айтайын.

Серік Сәпиев туралы кино түсірілді дегенде -ақ сіздің ойыңызға қандай кино елестеуі мүмкін. Иә. Дәл солай.Олимпиада алтыны қолға тимей жүрген талантты боксшының үнемі сәтсіздікке ұрынып жүріп, соңғы мүмкіндігінде Олимпиада алтынына қол жеткізіп, еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымыздың орындалуы.Ең қызығы кино да дәл осылай түсірілген. Бейжің Олимпиадасында жеңіледі, содан кейін күш салып жаттығады да киноның соңында, Лондон Олимпиадасында топ жарады. Саспенсті былай қойғанда ешбір конфликт, ешбір шиеленіс жоқ. Ал енді осы көркем шалыс деректі фильмнің сценариін жазуға сіз бен біздің қалтамыздан төленген салықтың қанша ақшасы кетті деп ойлайсыз?!

67 000 000 теңге! 

Киноның өзіне 800 000 000 теңге!

Ал не дейсің?!

-Сценариді кім жазыпты?!

-Альмира Тұрсын!

-Ол қашаннан бері сценарий жазатын болған?

-Томириске түскелі бері. Бұл оның алғашқы сценариі. Және 67 миллионға жазады.

Менің осы жазған шағын диалогым «Боксер» фильміндегі барлық диалогтардан әлдеқайда қақтығысты, әлдеқайда шымыр. Ал енді «Король Ричард» деген киноны іздеп барып, оған орын болмай, түнгі 11- дегі сеансын күткісі келмей, уақытына дәл келіп қалған соң амалсыз кірген  «Боксер» фильміне келейік. Мен бұл киноны үйдегідей жатып көрдім. Орындықтардың шынтақ қойғышын көтеріп қойдым да, аяқ киімді шешіп, курткамды басыма жастанып жатып ап көрдім. Себебі залда адам жоқ! Сегіз жүз миллионға түсірілген кинода АДАМ ЖОҚ! Оң жақпен жата -жата жалыққан соң сол жағыма аунап, экранға желкемді беріп теріс қарап жаттым. Сонда да ештеңе жоғалтқам жоқ. Өйткені киноның жетпіс -сексен пайызы жаттығу! Жеңіліп қап, жаттыға-жаттыға соңында жеңіп шығатын арзанқол фильмдерді өткен ғасырдың 70 жылдары мен 90 жылдары аралығында голливуд пен гонгонг әйда бұрқыратты. Бізге енді жетті. Масқара болғанда мемлекеттік тапсырыспен түсірілген біздікі қырық жыл бұрын түсірілген жаңағылардыкінен әлдеқайда әлсіз әрі қызық емес. Өйткені кинода жан жоқ. Көңілсіздің ісі.

Серік Бейжіңде жеңіліп қалған соң жаттықтырушысына бокстан кететінін мәлімдейді. Режиссер мен сценаристің өздерінше біздің жүйкемізге ши жүгірткен түрі.

Ал бізде эмоция-ноль. Бокстан кетпек тұрмақ, кетпен асып кетсе де бізге бәрібір. Поп -корн жеуді бір сәтке тоқтатпайсың.  Серік жаттықтырушыға қайта келіп, жаттығуға қатысқысы келетінін, келесі олимпиадаға баруға дайын екенін мәлімдейді. Бізге екі қойың бір сом. Есінеп отырасың. Одан кейін жаттығу да жаттығу. Үздіксіз жаттығулар клипін кино деуге аузың бармайды. Ван Даммның «Кикбоксер» деген киносында да мұндай ұзақ жаттығу жоқ шығар. Болса да қызық! Ол кинолардың не сиқыры барын итім білсін. Жаттықтырушы екеуінің арасында бастала жаздап бітетін аздаған қақтығыссымақ бар. Қатты қиналса, Серік жаттықтырушыға ренжіп кетіп қалады. Артынан жаттықтырушысы жер шұқып, кешірім сұрап келіп тұрғаны. «Серік мен артық кетіппін, кешір мені». Бірнеше рет сөйтеді. Әрине, артқа шегініс, рингтен тыс өмірдегі жағдайлар, жанұялық қиындықтар, жұбайының қасымда болмайсың деп  ренжуі дегендей стандартты бірдеңелер бар.

Мұндай сценариді алты миллион берсең кез -келген қалам ұстап жүрген, өмірі сценарий жазып көрмеген адам жазып бере алатынына мен кәміл сенем. Он миллион берсең, кәдімгідей қақтығыс, драмалық ситуацияларымен жасап береді. Ал 67 миллионға жазылған сценариде мұның исі де мұрынға келмейді. Кейіпкерде бір жеңе алмай жүрген фобиясы немесе аса алмай жүрген психологиялық кедергі болуы керек еді.

Жаттықтырушы екеуінің жұмысына кедергі келтіріп, қандарын ішетін, көрерменнің жүйкесіне ойнайтын спорт саласында жүрген бір шенеунік керек еді. Осылармен күресе жүріп, үміт үзіле жаздап, жетістікке жетуі керек еді. Мұның бірі жоқ.

Ал менің айтып отырғаным киноның әліппесі. ӘЛІППЕСІ!

 Кинода Серік бастан аяқ журналистке интерьвю беріп отырады. Яғни әр оқиға Серіктің журналистке беріп отырған сұхбаты арқылы баяндалып отырады. Өте дарынсыз, тым арзан тәсіл. Киноға, режиссерге және сценаристке қойылатын негізгі талап – сен айтпа! Сен көрсет! Бүйтіп кейіпкерді бастан аяқ сөйлетіп қойып, жаттығулар тізбегін көрсететін 800 миллиондық кино түсіргенше сегіз миллионға деректі фильм түсір де қалған ақшаны ДЦП мен шалдыққан балаларға бер, жетімдер үйіне аудар, операцияға ақша таппай қиналып жатқан балапандарға бер!

Ал енді олай етпейді екенсің, 800 миллионға мен жантайып жатпай отырып көретін, кинозал толып отыратын, кеткен уақытым мен төлеген ақшама еш өкінбейтін, мемлекеттің ақшасы дұрыс жұмсалып жатқанына еш күмән тудырмайтын, қайта айналып кеп тағы көретін ертегі жасап бер, айналайын. Жерде жатқан ақша жоқ.

Тағы бір сұрақ туады.Неге Сәпиев?!Ол алған «алтынды» Бекзат та алды, Жиров та алды, Бақтияр, Ермахан, Сәрсекбаев, Даниярлар да алды емес пе?!

Баркер кубогына келсек Бақтияр мен Жиров та алған. Ақыр кино түсіру керек болса, Бақтиярдың Афины Олимпиадасына ең соңында әрең ілінгені жайлы, болмаса Ермаханның Президентке уәде беріп, уәдесін жігітше орындап келгені, Сәрсекбаевтың Олимпиададан келген соң өз жаттықтырушысымен соттасуы, осылар киноға әлдеқайда лайықтырақ емес пе?

Бірақ, қалай түсірсе де қызықсыз болмақ. Себебі соңғы нәтежиені бәріміз білеміз. Және барлығы көзі тірі. Мен бұл арада тірі адам туралы кино түсірілмесін деп отырған жоқпын. Бірақ, кешегі өткен оқиғаны бүгін кино қып түсіріп отыру елбасы туралы кинолардың шеруі секілді қызықсыз әрі қисынсыз, һәм кино деген құдіретті өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. 

Лондон Олимпиадасында көк байрағымызды желбіреткен Серік бауырыма құрметім шексіз. Менің айтып отырғаным кино және оған жұмсалған өзін- өзі ақтамайтын тым көп қаржы жайлы. Бірақ басқалар емес, неге Сәпиев деген сұрақ миымнан еш кетер емес!

Әлікен Жәнібек Сауданбекұлы

Байланысты жаналықтар

Нұрлан Қоянбаев өзіне көмектескен сатушыдан 2 тонна қарбыз сатып алды

19.08.2024

Нұртас Адамбайға айып тағылды

31.07.2024

Мадина Сәдуақасова жас көрінуінің құпиясын ашты

29.07.2024

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

18.07.2024

«Мен сайқымазақ емеспін». Әкім кеңесшісі болып тағайындалған Қоянбаев мәлімдеме жасады

03.07.2024

Қазақтың Тайлағы киноға қалай келді?

19.01.2021
MalimBlocks
Нұрлан Қоянбаев өзіне көмектескен сатушыдан 2 тонна қарбыз сатып алды

Бұл екеуінің екінші рет кездесуі.

Нұртас Адамбайға айып тағылды

Мадина Сәдуақасова жас көрінуінің құпиясын ашты

Әншінің образы тыңдарманын тәнті етті.

Өнер иелері тойдан бөлек табысты қайдан табады?

Қазақстандағы өнер иелерінің қосымша кәсіптері туралы дерек жария болды.

«Мен сайқымазақ емеспін». Әкім кеңесшісі болып тағайындалған Қоянбаев мәлімдеме жасады

Ол жаңа қызметін тегін атқаратынын еске салды.

Қазақтың Тайлағы киноға қалай келді?