"Елде саяси партия құру мүмкін емес дегенмен келіспеймін"
Елде саяси партия құруға тырысқан топтардың ешқайсысы әзірге мақсатына жетпеді. Партия құруға ниеттенген азаматтар қазіргі жүйеде қандай да бір саяси күшті тіркеу мүмкін емес екенін өздері де жақсы түсінеді. Олай болса, партия құруға әлектенудің не қажеті бар? Осы сұрақты партия құрамыз деп жүрген белсенділердің өздеріне қойып көрдік.
Былтыр "Республика" партиясы құрылатынын жариялаған белсенділердің бірі Бэлла ОРЫНБЕТОВА партияны тіркемейді екен деп қол қусырып отыруға болмайды, "ешкім әрекеттенбесе, жүйе өзгермейді" деп есептейді.
- Партияны құру ойымыздан айнып қалған жоқпыз. Бірақ күш тең емес екенін мойындау керек. Партия мүшелеріне, олардың отбасыларына хабарласып, қысым көрсеткендер, арандату жасағандар болды. Сондықтан партия құру бастамасын сәл тоқтата тұрдық. Оның үстіне қаржы проблемасы болды. Қаржы көзі өзіміз ғана болдық. Партияға ақшаны өзіміз ғана салдық. Бірақ жұмыс мүлде тоқтап қалған жоқ. Көзге көрсетпей, астыртын ұйым құрып жатқан сияқты әрекетке көштік.
- Астыртын әрекеттен шығып, партия құруға тырысып, съезд өткізесіздер ме?
– Партия съезін өткізу үшін мың адамның жолын көтеріп, съезд өтетін орынды жалға алу керек. Съезге келетін делегаттар кездейсоқ адам емес, батыл, жанкешті адам болуы керек. Бәлкім, Жанболаттың проблемасы адамдарды, команданы дұрыс таңдамауы шығар немесе кейбір адамдар әлсіздік танытқан шығар. Заңда мына қаладан он, мына қаладан отыз адам келуі керек деп айтылмаған, әр аймақтан бес адам болса да өткізе беруге болатын еді.
Мәселе мың адамды съезге шақыра салу емес, үні бір жерден шығатын мықты адамдарды іріктеп алу. Ол үшін съезд өткізбес бұрын аймақтарға сапарға шығып, түсіндіру жұмыстарын өткізу керек. Съезге келушілерді іріктеу керек. Ол да көп шығын.
- Кез келген саяси партияны қазіргі жағдайда құру, тіркеу мүмкін емес екенін өздеріңіз де түсінесіздер. Олай болса партия құруға әркеттенудің қажеті бар ма?
- Қажеті жоқ деп отыра беруге де болмайды, өйткені ешкім әрекеттенбесе, жүйе өзгермейді. Қазіргі жағдайда қысым кез келген оппозициялық күштің басына түсуі мүмкін. Сондықтан әріптестерді қолдау керек.
Қосановты өткен президент сайлауында көп адам қолдады, ол дауыстардың басым көпшілігін алды деп ойлаймын. Бірақ ол оның алып бара жатқан лидерлік қабілетіне байланысты емес, билік кандидаттарынан басқа адам келді, халық сол себепті дауыс берді. Ертең жаңа партия шықса, халық соған дауыс береді. Бұрын бақылаушылар институты да бейқам болды. Қазір бақылаушылар сайлауға осы бастан дайындалып жатыр. Сайлау бұрынғы сценариймен жүрмейді. Мұны билік те түсінеді, дауыстан айырылып қаламыз деп қорқып отырғаны содан. Сөйтіп, проблема шықпай тұрғанда, қандай да бір әрекетті басып тастауға тырысады. Сондықтан ертең билік ығына жағатын басқа партияны тіркеуі мүмкін.
Кеше съезд орнына митингіге шығатынын мәлімдеген "Қазақстан демократиялық партиясы" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат МАМАЙ партияны құру жөніндегі әрекеті осымен тоқтап қалмайтынын айтты:
- Қазіргі билік өздеріне қарсы тұра алатын, елде тіркелген саяси партияларға балама бола алатын саяси күштің тіркелгенін қолдамайды, жән-тәнімен авторитарлы жүйені сақтағысы келеді. Қандай да бір демократиялы партиялардың, елде саяси реформа жасағысы келетін тәуелсіз күштердің легитимді алаңда пайда болуына қарсы күрес ашады.
Елде саяси партия құру мүмкін емес дегенмен келіспеймін. Өйткені бізде саяси партия құрылды. Саяси партия қағаз жүзінде болмаса да, іс жүзінде Қазақстанның демократиялық партиясы бар.
Біз партияны тіркеуді бастағанда, елде партия құрудың екі-ақ жолы бар екенін мәлімдедік. Оның біріншісі - билікпен ымыраласу, келісу. Бұл жолды таңдамаймыз дедік. Екіншісі бізді тіркемей, жақтастарға қысым көрсетіп, арандату жасалса, онда көшеге шығамыз дедік. Енді міне, тосқауыл қойылғанын көрдік, сондықтан көшеге шыққалы отырмыз. Осылайша билікті мәжбүрлеу арқылы партияны тіркеу процесін бастамақпыз. Бұл біздің бірінші акциямыз болғанымен, соңғысы емес.
Ал партиясын былтыр құруға әрекет жасап көрген "ХАҚ" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА бүгінгі күнді емес, ертеңді ойлау керек дейді.
- Біріншіден, біздің жүйеге жаңа күштің шыққаны қажет емес. Билік мұны өздерінің тұрақтылығын шайқалтатын, қауіп төндіретін дүние ретінде көреді. Қазір бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңға қарап-ақ осыны ұғу қиын емес. Билік кез келген пікір білдіру мен саяси институт құруды қауіп көретіндіктен, партия құру әрекетіне тосқауыл қойыла бермек.
Біз партия құрамыз деп жарияладық, алайда бастамашыл топтың өтінішін қабылдамады. Дегенмен біз бір жылмен, бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмейміз ғой. Түптің түбінде жүйе ауысады. Сондықтан қазіргі мақсатымыз халықты оятып, партия құруға дайындау, оларды партия құруға ниетті ету.