Еркін күрес: Жолдама алғандардан жүлде күтеміз

  • 14.05.2021

Жапонияның Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына да аз уақыт қалды. Былтыр пандемияға байланысты тура бір жылға шегерілген Ойындардың іріктеу кезеңдері мәресіне жақындап келеді. Қазірдің өзінде кейбір спорт түрлері бойынша Олимпиада жолдамалары сарапқа салынып, өз иелерін тауып үлгерді. Солардың арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресі де бар.

«Malim.kz» сайты оқырмандар назарына еркін күрестен Олимпиадаға қанша елдің балуаны жолдама алғанын және оның ішінде Қазақстан балуандарының үлесі қандай екенін сараптап көрді.

Іріктеу сайыстары қашан басталды?

Іріктеу сайыстары 2019 жылы басталды. Дәлірек айтсақ, қыркүйектің 14-22 аралығында Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп, онда еркін күрестен 36 балуан Олимпиада жолдамасына алғашқылардың бірі болып, қол жеткізді. Әсет Серікбаев баптайтын Қазақстан құрамасы бұл сында алты салмақтың төртеуінде жолдама алды. Атап айтсақ, 57 келіде әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған Нұрислам Санаев, күміс жүлдегер атанған Дәулет Ниязбеков (65 келі), үздік бестікке кірген Данияр Қайсанов (74 келі) және Әлішер Ерғали (97 келі).

Бұдан кейін балуандар құрлықтық жарыстар арқылы іріктелді. Мәселен, Америка аймағының балуандары Канаданың Оттава қаласына жиналса, еуропалықтар Будапеште (Венгрия) бас қосты. Тунистің Хаммамет шаһарында «қара құрлықтың» өкілдері күш сынасты. Ал, Азияның балуандары баршамызға мәлім, Алматыда өзара үздіктерді анықтады.

Құрлықтық жарыстар аяқталысымен Болгарияның София қаласында әлемдік іріктеу турнирі өтіп, онда қалған 12 жолдаманың иелері белгілі болды.

Қанша балуан қатысады?

Еркін күрес бойынша Олимпиадаға 41 елден 96 балуан қатысады. Бұлардың ішінде екі ел – Иран мен Ресей толық құрамда, яғни, барлық алты салмақта белдеседі.

Бес жолдамаға ие болған Қазақстан құрамасы сан жағынан Иран мен Ресейден кейінгі орында. АҚШ балуандары да бес салмақта барады. Бұдан кейінгі кезекте 4 жолдамасы бар Түркия, Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Беларусь және Алжир елдері тұр. Ал, Әзірбайжан, Қытай, Куба, Грузия, Моңғолия 3 салмақта күресі.

Қазақстан Олимпиадаға толық құраммен барды ма?

Барды. Лондон олимпиадасында. Яғни, 2012 жылы Ұлыбритания астанасында өткен Олимпиадада Қазақстанның еркін күрес балуандары жеті салмақтың барлығында жолдама алды.

Лондонда 66 келіде күрескен Ақжүрек Таңатаров қола медальға ие болды. 120 келіде күресіп үздік бестікке кірген Дәулет Шабанбай араға сегіз жыл салып, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Оның салмағында чемпион болған өзбекстандық Артур Таймазов пен күміс медаль иегері грузин Давит Модзманашвилидің допинг қолданғаны анықталды. Сөйтіп, үшінші орындағы Комейл Гасеми (Иран ) мен Билял Махов (Ресей) Олимпиада чемпионына дейін көтерілсе, бесінші орындағы американдық Тервел Длагнев пен біздің Дәулетке қола медаль берілді.

Жолдама алған балуандарды ауыстыруға бола ма?

Болады. Өйткені, жолдама – балуанның жеке өзіне емес, салмақ дәрежесіне беріледі. Сондықтан, Олимпиада ойындарына қатысатын балуандардың дәл қазір атын атап, түрін түстеу қиын.

Бұл жағынан келгенде Әсет Серікбаев баптайтын Қазақстан құрамасында бір ғана салмақта бәсекелестік бар. Мәселен, 74 келі салмақты алайық. «Сен тұр, мен атайын» деген екі балуан. Бірі – Данияр Қайсанов, екіншісі, жақында ғана Азия чемпионатында жеңімпаз атанған Нұрғожа Қайпанов. Күрес жанкүйерлерін де алаңдататын осы салмақ дәрежесі. Бас бапкер де бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында 74 келіде кімнің баратынын дөп басып айтпай, мәселені ашық күйде қалдырып жүр.

Басқа салмақ дәрежелерінде мәселе жоқ сияқты. 57 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрислам Санаевтың Токио төрінде күресетіні айдай анық. Сонымен қатар, 65 келідегі Дәулет Ниязбеков те өз салмағында көшабасшы саналады. Ол былтыр Қазақстан чемпионатында да 65 келінің үздігі атанды.

97 келіде біз Әлішер Ерғалиден мықты балуанды көріп тұрғанымыз жоқ. Әлішер 2019 жылы әлемнің кіл мықтыларымен терезесі тең өнер көрсетіп, үздік бестіктен орын алды. Ал, 125 келіде жолдаманы жақында ғана жеңіп алған Юсуп Батырмұрзаев бар.

Санынан бұрын сапасы...

Соңғы Олимпиада ойындарында, яғни, Рио-де-Жанейрода еркін күрес шеберлері жүлдесіз қайтты. Алты салмақтың бесеуінде жолдама алып тұрып,  бірде-бір балуанның медальға ілінбегені еліміздегі күрес мамандарына ауыр соққы болып тигені жасырын емес. Сондықтан, бізге саны емес, сапасы маңыздырақ.

 Сонау 1996 жылдан бері қарай алты бірдей Олимпиадаға қатысып, алты медаль ғана алыппыз (жоғарыдағы кестеде көрсетілген). Бұл, әрине, балуандық өнерді бағзы заманнан меңгерген ұлтымыз үшін мақтанарлықтай көрсеткіш емес.

Фото: uww.org

Байланысты жаналықтар

Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

24.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

23.03.2024

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

22.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы

22.03.2024
MalimBlocks
Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы