АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы федералдық сот Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты қылмыстық істі қараудың күнін белгіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Судья Элвин Хеллерстейннің шешімімен негізгі сот процесі 2027 жылдың 1 маусымында басталады. Екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамай отыр.
АҚШ прокуратурасы Николас Мадуроны халықаралық есірткі тасымалына қатысы бар деп айыптайды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мемлекеттік қызметтегі ықпалын пайдаланып, кокаинді АҚШ аумағына жеткізуге бағытталған қылмыстық желінің жұмысына қолдау көрсеткен. Егер айып дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қорғаушылар соттан істі тоқтатуды сұрамақ. Олар Мадуроның бұрын мемлекет басшысы болғанын алға тартып, халықаралық құқыққа сәйкес оған иммунитет қолданылуы тиіс деген уәж келтіреді. Сонымен қатар қорғау тарапы оның АҚШ аумағына жеткізілуінің заңдылығына да күмән келтіріп отыр. Бұл мәселелер бойынша алдын ала тыңдаулар алдағы айларда өтеді.
Николас Мадуро өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, АҚШ билігінің әрекетін саяси астары бар қадам деп бағалады. Ал Вашингтон бұл істі халықаралық есірткі саудасына қарсы күрестегі маңызды процесс ретінде қарастырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл алдағы кезеңдегі ең назар аударарлық халықаралық сот процестерінің бірі болады.