Революцияны болдырмайтын жалғыз жол

Олжас Қасым

  • 06.01.2021

Қашан да советтік мейрамдарды аса жатырқамайтын билік 2017 жылы Ұлы Қазан революциясы жайлы ләм деген жоқ. Комсомолдың 100 жылдығын күтті. Комсомол тойын Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Қуаныш СҰЛТАНОВ, Бірғаным ӘЙТІМОВА сынды саяси элитамыздың қалай тойлатқаны мұқым жұртқа мәлім. Бірақ билікте отырған кешегі қызылдар Ұлы Қазан революциясын ұмытты. Тіпті өзін Совет Одағының мұрагері есептейтін Ресей Федерациясы да Владимир ЛЕНИН мен Лев ТРОЦКИЙДІҢ жұлдызды сәттерін еске алғысы келмеді. Неге? Оның жауабы да түсінікті. Авторитарлық қоғам үшін революция сөзі обадан да ауыр. Тіпті дүниежүзіне жоқтау айтқызған коронавирустан да қауіпті. Революция дейміз-ау , бейбіт митингінің өзі қанша адамның ұйқысын бұзып, жүйкесін тоздырып жібереді емес пе! Бір ғана көпбалалы аналардың митингісін естеріңізге алыңыздаршы.
Бірақ адамзат баласы бүгінгі заманның сұлтандары мен хандарына, шахтары мен императорларының қорқынышына айналған революцияның алдын алатын жолын да әлдеқашан тауып қойған. Ол – сайлау! Сайлау алғашқы қауымда да болып, антикалық дәуірде демократияның іргетасы қалыптаса бастады. Халық қауымын я болмаса ұлысын бастайтын көсемдікке ең мықты, соңына ерген бұқараны жақсы өмірге жетелейтін адамды таңдап отырған. Сайлау дегеніміз әрбір адамның мемлекет ісіне араласуы, конституциялық құқығы Һәм кез келген биліктің заңды екенін анықтайтын саяси жүйедегі негізгі институт. Сондай-ақ, бейбіт жолмен билікті алмастыратын процесс. Юваль ХАРАРРИ құдайға айналып бара жатыр деген адам баласы әзірге қантөгіссіз билікті ауыстыратын бұдан (сайлаудан) өзге жолды ойлап тапқан жоқ. Бастысы, биліктің, байлықтың боданына айналғандар революцияның жалғыз вакцинасы сайлау екенін түсінсе дейсің.
Бізге кешегі посткеңестік елдегі түрлі-түсті революцияны қоғамды орға жығатын катастрофалық сұмдық деп түсіндіретіндер неге осы біз айтқан жолмен-ақ мәңгілік қорқыныштарын жоймайды екен дейсің. Бұл сөзіміздің күлкі шақыратыны да түсінікті. Сонда шенділерді билік пен асқан дәулеттің бодандығынан тек революция арқылы айыру керек пе?
Алда Қазақстан тәуелсіз тарихындағы тағы бір сайлау. Әлеуметтік желіде өзін білімдар сезінетіндер болмаса, көпшілігіміз үшін сайлау деген бір саяси ұйымның жеңісі деген сөз. Басқа түк емес. Күннің батыстан шығуы мүмкін емес қой. Сол сықылды бізге де басқа саяси ұйым жеңіске жетуі мүмкін, жеңіске жетуі керек қой деген ой болмайды. Оқығаны бар, естіп-білгені бар белсенділер қазір түрлі пікір таластарға барып жүр. Бір партияға дауыс бермеу үшін басқаларға дауысымызды берейік дейді. Енді бірі байкотқа шақырып жүр. Аға әріптесіміз Ермұрат БАПИ айтпақшы, қоғам пат жағдайында. Шахмат құмар ағайын пат дегеннен хабардар. Пат дегеніміз шахмат тақтасында жападан-жалғыз қалған король байқұстың жүріссіз қалған күйі. Әрине, пат жеңіс емен. Жеңіліс те емес. Бірақ жалғыз корольмен мат болмай пат болған ойыншының үнжырғасы түсе қоймайды. Жалғыз корольмен қалып жеңілмеу дегенде шахматта үлкен шеберлік. Кейде қарсыластың ақымақтығы. Ал өз конституциялық құқығынан айрылып пат жағдайына түскен қоғамның хәлі нешік болмақ? Өмір шахмат тақтасы емес.

Фото: yandex.ru

Байланысты жаналықтар

7 жасар қазақстандық әлем чемпионы атанды

28.03.2025

Украина билігі президент сайлауын өткізуге келісті

22.03.2025

Бишімбаевті соттаған судья тағы да көзге түсті

17.03.2025

Лукашенко 86,82% дауыс жинады – Беларусь ОСК

27.01.2025

Беларусь Президентін сайлау рәсімі өтті деп танылды

26.01.2025

Бүгін Беларусьта президент сайлауы өтіп жатыр

26.01.2025
MalimBlocks
7 жасар қазақстандық әлем чемпионы атанды

Қазақстандық шахматшы Қайрат Абдул-Мәлік 7 жасқа дейінгі санатта шахматтан әлем чемпионы атанды

Украина билігі президент сайлауын өткізуге келісті

Бишімбаевті соттаған судья тағы да көзге түсті

Лукашенко 86,82% дауыс жинады – Беларусь ОСК

Беларусь Президентін сайлау рәсімі өтті деп танылды

Бүгін Беларусьта президент сайлауы өтіп жатыр

Бұл елдегі жетінші кезекті президент сайлауы