Шымкентте ҰБТ қалай өтеді?
Бүгін Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева IV тоқсандағы оқу реті, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау және Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтетіні хабарлады.
Сонымен IV тоқсанында жалпы білім беретін мектептерде сыныптағы оқушы саны 25 –тен аспауы керек. Және аралас форматта өтуі тиіс. Үш жүз оқушыға дейінгі мектептерде 25 оқушыдан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат. Басқарма басшысының айтуынша, жоғарғы сынып оқушыларын аттестаттау 9-сыныптарда 28 мамыр – 7 маусым, ал 11-сыныптарда 1–10 маусым аралығында барлық санитарлық талапты сақтай ұйымдастырылады. Одан бөлек, 1-сыныпқа балаларды қабылдау 11 қадамнан тұратын нұсқама арқылы жүргізіледі. Құжаттар электронды форматта «Электрондық үкіметтің» веб порталы арқылы 1 сәуірден 1 тамызға дейін қабылданады.
«Бұл жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша талапкерлерге 4 мүмкіндік беріледі. Ақылы тестілеудің біріншісі қаңтар айында өтті. Ал екіншісі 10 наурыз бен 10 сәуір аралығында өтіп жатыр. Осы орайда үміткер ақысыз грантқа түсу мүмкіндігі бойынша сәуірдің 11-і мен маусымның 30-ы аралығында 2 рет өз бағын сынай алады. Ол үшін оқушы тест тапсыратын орынды, күнді және уақытты өз қалауы бойынша таңдайды, – деді басқарма басшысы.