Ресейден төте жолмен келетін бидай отандық фермерлерді шығынға ұшыратып жатыр

Ресейден төте жолмен келетін бидай отандық фермерлерді шығынға ұшыратып жатыр. Бұл туралы Павлодар-онлайн жазады.
Ресейден заңсыз жолмен импортталған бидайдың кесірінен жергілікті бидайдың бағасы күрт төмендеп кетті. Павлодар облысының Экономикалық тергеу департаменті жетекшісінің орынбасары Ринат Арғынбековтың айтуынша, биыл Павлодар облысына 52 мың тонна бидай келген. Бұл өз кезегінде отандық бидайдың бағасын құлдыратқан. Бидайдың 1 тоннасының бағасы 120 мың теңгеден 80 мың теңгеге түсіп кеткен.
Павлодар фермерлері өзінің бидайын тиімді бағамен сатуы мүмкін болмай отыр. Экономикалық тергеу қызметі, компаниялар сырттан бидай таситін екі төте жолын анықтап отыр.
Бірінші айласы - көлемді аз қылып көрсету. Ресейден тасымалданатын бидайдың салмағы құжаттарда аз қылып көрсетіледі. Осылайша, импортерлер ҚҚС төлеуден жалтарып, бюджетті шығынға батырып отыр. Мұндай қулықпен күрес үшін өткізу бекеттеріне салмақ өлшейтін қондырғы орнату жоспарланды.
Екінші жолы - ресейлік бидайды Қазақстандыкі деп алдау. Бұл схема күрделілеу. Себебі мұндай бидай халықаралық теміржол тарифтерін төлеместен әрі қарай - Өзбекстанға, Әзербайжанға, Ауғанстанға жіберуге арналған.
- Егер бидайды Павлодар станциясынан Түркістан облысының Сарыағаш станциясы арқылы Ауғанстанға жіберсе, бір вагонның тарифі 448 мың теңге болады. Ал транзиттік жолмен жіберсе, 1.8 млн теңге болады. Бұл жерде ұлттық тасымалдаушымыз ҚТЖ көп ақшадан қағылып отыр, -
дейді Ринат Арғынбеков.
Былтыр бидайды заңсыз импорттау бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, келтірілген шығын 4.2 млрд теңгені құрапты.
Фото: egemen.kz

Ең көп оқылған
