Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, министрлікке бірқатар жаңа функция мен өкілеттіктер берілді. Атап айтқанда, енді министрлік мобилизация және оған даярлыққа жауапты болады. Сондай-ақ, мобилизация органдары қызметкерлеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті жағдайлар жасау өкілеттігі жүктелді.
Бұдан бөлек, министрліктің мынадай өкілеттіктері бар:
• халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының құрылыс объектілеріне қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін растау;
• министрліктің азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және бекіту;
• нормативтерді, нормативтік-техникалық құжаттар мен қағидаларды әзірлеу, бекіту және (немесе) келісу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың мемлекеттік салалық есебін жүргізу және бұл деректерді азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсыну;
• өз құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттар жобаларын қарау, сондай-ақ ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық классификаторларын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерту, қайта қарау және күшін жою бойынша ұсыныстар дайындау және оларды стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу;
• министрлікке қарасты төтенше жағдайларды бақылау, жағдайды бақылау және болжау қызметтеріне жетекшілік ету;
• азаматтық қорғаныс саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді, білімді насихаттауды, халық пен мамандарды оқытуды ұйымдастыру;
• Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз ету;
• мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау бойынша шығындардың көлемі мен құрылымы жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізу;
• ведомствоға қарасты ұйымдарда өрттің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жүргізу;
• азаматтық қорғаныстың салалық кіші жүйелеріне жетекшілік ету;
• ведомствоға қарасты ұйымдарда азаматтық қорғаныс мүлкінің қорларын құру, оларды сақтау, жаңарту және қолдануға дайын күйде ұстауға ішкі бақылау жүргізу;
• азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және бекіту;
• қосалқы (қалалық) және көмекші басқару пунктілерінің құрылуын қамтамасыз ету;
• әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу-жаттығуларды өткізуге қатысу;
• мобилизация, соғыс жағдайы және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, арнаулы мемлекеттік органдарының мүддесі үшін, сондай-ақ экономиканың үздіксіз жұмыс істеуі мен халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-еңбек саласында арнайы құралымдардың қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
• мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын цифрлық кадрлық жүйеде сақтауына мониторинг жүргізу (2026 жылғы 13 тамыздан бастап);
• арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісінің нормативін әзірлеу және бекіту (2026 жылдың 13 тамызынан бастап).
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап министрліктің функциялары тағы да кеңейеді. Атап айтқанда:
• мобилизация даярлығы саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмылдыру тапсырысын орындау үшін қажетті тауарлардың тізбесін айқындау және көлемін есептеу әдістемесін әзірлеу және бекіту;
• мобилизация тапсырысы бар ұйымдардың қажеттіліктерін талдау және осының негізінде мемлекеттік материалдық резервтің жұмылдыру резерві бөлігіндегі материалдық қүндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемдерін қалыптастыру;
• мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға мобилизация резервіне қатысты материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемдері бойынша ұсыныстар енгізу;
• мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын резервтен шығару туралы Үкіметке ұсыныстар енгізу;
• мемлекеттік материалдық резерв және мобилизация даярлығы саласындағы уәкілетті органдармен келісу арқылы мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын қарызға беру тәртібімен шығару туралы шешімдер қабылдау;
• номенклатура өзгерген кезде мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемдері және оларды резервтен шығару мәселелері бойынша уәкілетті органға ұсыныстар енгізу;
• мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау номенклатурасы мен көлемдеріне сәйкес мобилизация резервіне материалдық құндылықтарды жеткізуге тапсырыстар орналастыру;
• мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын жаңарту тәртібімен шығару туралы шешімдер қабылдау;
• мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша, мемлекеттік органдар – алушылармен және мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы жаңартылатын мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын және номенклатура өзгерген кезде резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды басқа мемлекеттік органдардың балансына өтеусіз беру;
• мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын ауыстыру туралы шешімдер қабылдау;
• мобилизация резервінің материалдық құндылықтарын сақтау және жаңартуды ұйымдастыру;
• төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі талаптарды орындау.
Қаулы 2026 жылдың 10 тамызынан бастап күшіне енді. Сонымен қатар, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін нормалар да бар.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдікке қатысты түсініктеме беріп, зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болатынын мәлімдеді.
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинақтары бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастауға қатысты норма кеңінен талқыланған еді. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.
— Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттік кепілдік институты азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілді. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алған болатын, — делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі таңда салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтады.
— Басқарушыны өз қалауымен таңдаған салымшы күтілетін табыстылықты, тәуекелдерді және активтерді басқару шарттарын өзі бағалап, инвестициялық шешімді дербес қабылдайды. Мұндай жағдайда салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдердің нәтижесі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатында берілетінін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін ескерген жөн. Сондықтан аталған кепілдіктің сақталуы зейнетақымен қамсыздандырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылмайды, — делінген хабарламада.
Министрлік зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болатынын айтты.
Сонымен бірге, Еңбек министрлігі комада жатқан науқастар үшін мүгедектікті рәсімдеу тәртібін жеңілдетті.
Осы мақсатта ведомство медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және мемлекеттік төлемдерді тағайындау қағидаларына өзгерістер әзірледі. Ұсынылған түзетулер комада жатқан азаматтарға қатысты құжаттарды рәсімдеу тәртібін едәуір жеңілдетуді көздейді.
Өзгерістердің басты мақсаты – әкімшілік кедергілерді жою және азаматтардың мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қолдау шараларына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұған дейін мұндай жағдайларда құжат рәсімдеу процесі азаматтар үшін біраз қиындықтар туғызатын. Енді жаңа тәртіпке сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптамаға өтініш беру құқығы науқастың жақын туыстарына немесе жұбайына заң жүзінде бекітіледі.
Бұл тәсіл бірқатар маңызды мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, комада жатқан азаматқа мүгедектік мәртебесін уақытылы белгілеу және мемлекеттік жәрдемақыны дер кезінде тағайындау жеңілдейді. Сонымен қатар, төлемдерді рәсімдеу үдерісі барынша ашық әрі қолжетімді болып, аталған санаттағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.