Бас прокуратура Арнаулы мемлекеттік қорға түскен қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаражаттың өңірлер бойынша көлемін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, ең көп қаржы Шығыс Қазақстан облысына бағытталған. Өңірге 78,9 млрд теңге бөлінген. Солтүстік Қазақстан облысы 69,4 млрд теңге алса, Астана қаласына 64,7 млрд теңге қарастырылған.
Ал қаржы көлемі ең аз өңірлер қатарында Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент қаласы бар. Оларға тиісінше 8,2 млрд, 7,2 млрд және 2,5 млрд теңге бөлінген.
Бас прокуратураның ресми сауалға берген жауабында өңірлер арасындағы қаржыландыру көлемінің әртүрлі болуы бірнеше факторға байланысты екені айтылған.
Атап айтқанда, қаражат көлеміне әкімдіктер ұсынған өтінімдер саны, жобалық-сметалық құжаттаманың дайын болуы, жобалардың басымдығы және қаржы бөлудің кезектілігі әсер етеді.
Сонымен қатар қаржы ең алдымен инфрақұрылым тапшылығы жоғары өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталатыны атап өтілді.