Швейцарияда ғалымдар топырақтың сапасын анықтау үшін ерекше тәжірибе жүргізді. Елдің әр аймағында шамамен 2000 ақ мақта ішкиім жерге көмілген, деп хабарлайды Malim.kz, DW-ге сілтеме жасап.
Зерттеуге еріктілер қатысқан. Олар ішкиімдерді әртүрлі аумақта топыраққа көміп, екі айдан кейін қайта қазып алған. Кейін ішкиімдер топырақ үлгілерімен бірге Цюрих университеті мен Agroscope ғылыми-зерттеу институтына жіберілген.
Ғалымдар матаның қаншалықты ыдырағанына қарап, топырақтағы биологиялық белсенділікті бағалаған. Нәтижесінде мақта матасының ыдырау деңгейі әр аумақта әртүрлі болғаны анықталды.
Ең қатты ыдыраған ішкиімдер жеке үйлердің бақшаларынан табылған. Мамандар мұны мұндай топырақта жауынқұрттар, саңырауқұлақтар мен бактериялардың көп болуымен түсіндіреді.
Ал көгалдарға көмілген ішкиімдер ең аз ыдыраған. Егістік алқаптар мен шалғындардағы нәтиже орташа деңгейде болған.
Зерттеу авторы Марсель ван дер Хейденнің айтуынша, әдіс сырттай күлкілі көрінгенімен, топырақтың биологиялық белсенділігін анықтаудың тиімді тәсілі болып шыққан.