Израиль әскері ХАМАС Газа секторында ұстап келген соңғы кепілдің мәйітін тапқанын хабарлады. Әңгіме Израиль азаматы, аға сержант Ран Гвили туралы болып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Ран Гвилиді іздеу жұмыстары қазан айынан, ХАМАС-пен бітім басталған сәттен бері жүргізілген. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Гвилидің елге қайтарылуын «аса үлкен жетістік» деп атады.
Келісімге сәйкес, ХАМАС бітім басталғаннан кейін 72 сағат ішінде барлық кепілге алынғандарды — тірілерін және шабуыл кезінде қаза тапқан немесе тұтқында көз жұмғандардың мәйіттерін қайтаруға тиіс болған.
Ол кезде Израильге 20 кепіл және қаза тапқан израильдік және шетелдік 27 адамның мәйіті тапсырылған. Алайда олардың арасында Ран Гвили болмаған.
Соңғы бірнеше аптада ХАМАС өкілдері израильдік сарбаздың мәйітін әлі күнге дейін таба алмағанын мәлімдеп келген.
Израиль әскери күштерінің мәліметінше, Ран Гвили қайтыс болған кезде 24 жаста болған. Ол 2023 жылғы 7 қазанда таңертең ХАМАС содырларының Алумим кибуціне жасаған шабуылы кезінде қаза тауып, кейін оның мәйітін Газа секторына алып кеткен.
Енді Израильге барлық кепілдер тапсырылғандықтан, Израиль мен ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа секторына арналған бейбіт жоспардың екінші кезеңіне көше алады.
Бейбіт жоспардың жаңа кезеңі атысты тоқтату режимінен Газа секторын толық демилитаризациялауға өтуді көздейді.
Сондай-ақ ХАМАС пен өзге де палестиналық қарулы топтарды толық қарусыздандыру және өтпелі кезеңде секторды басқару жүйесін қалыптастыру қарастырылған.
Ресми түрде екінші кезең қаңтардың ортасында басталғанымен, Израиль Гвилидің мәйіті табылмағанын алға тартып, бейбіт жоспардың жаңа сатысына өту шарттары толық орындалмады деп, оны іске асыруға қарсы болып келген.