Италияның бұрынғы елшісі Пьергабриэле Пападиа де Боттини ди Сант-Аньезе шенген визаларын заңсыз рәсімдеу схемасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Ол заңсыз көші-қонға көмектесті және жемқорлыққа қатысты деген күдікке ілінді.
Италиялық БАҚ мәліметінше, ол көмекшісі Татьяна Таракановамен бірге ұзақ мерзімді туристік визаларды рәсімдеу үшін әр адамнан 4 мыңнан 16 мың еуроға дейін ақша алған. Ал ресми визалық алым құны шамамен 45–60 еуроны құрайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Мәскеудегі бір мекенжайда тіркелген үш туристік агенттік арқылы Шенген аймағына кіру талаптарына сай келмейтін Ресей азаматтарына визалар берілген. Кейбір өтініштер Telegram арқылы және ресми рәсімдерден тыс қабылданған.
Алдын ала мәлімет бойынша, осы схема арқылы Италияға шамамен 95 Ресей азаматы кірген болуы мүмкін. Қазір Рим прокуратурасы 400-ге жуық визалық істі тексеріп, экс-елшінің құны шамамен 3 млн еуро болатын активтерін зерттеп жатыр. Пападиа бұл мүліктің өзіне мұрагерлікпен өткенін мәлімдеген.