Ресей армиясы Украинаның энергетикалық нысандарына дрондармен тағы да шабуыл жасады, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Киев облысының Буча ауданында, соның ішінде Буча, Гостомель және Ирпень қалаларында 56 мың отбасы жарықсыз қалды. Қазір бұл өңірде түнде ауа температурасы −19°C-қа дейін төмендеп отыр.
Украинаның электр энергиясы операторы ДТЭК сенбі, 17 қаңтарда Буча ауданында 56 мың отбасының электр жарығынсыз қалғанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, алайда аязды ауа райы жағдайды қиындатуда. Қазір Киев пен оның маңында күндіз шамамен −10°C, түнде −19°C-қа дейін суытады.
Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, елордада 50 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалып отыр. Ал 9 қаңтардағы РФ соққысынан кейін мұндай үйлер саны шамамен 6000 болған.
Одесса облысы мен Харьковқа дрон шабуылдары
Жалпы 17 қаңтарға қараған түні РФ армиясы Украинаға 115 ұшқышсыз аппарат ұшырған. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері олардың 96-сының әуе шабуылына қарсы қорғаныс арқылы атып түсірілгенін мәлімдеді.
Одесса облысының билігі энергетикалық нысанға соққы жасалғанын хабарлады. Онда өрт шыққан, зардап шеккендер жоқ. Тұтынушылардың зардап шеккені туралы ақпарат түспеген.
Ал Харьков мэрі Игорь Терехов жылу және электрмен қамту нысаны атқыланғанын айтты. Бір адам жарақат алған. Қаланың коммуналдық жүйесі жұмысын жалғастырып отыр, бірақ «әрбір атқылаудан кейін орталықтандырылған жылу мен электрді беру барған сайын қиындай түсуде», — деп жазды ол.
Украина президенті Владимир Зеленский өңірлердің энергетикалық жүйесіне қатысты онлайн-кеңес өткізді. «Ең қиын жағдай — Киев пен облыс, Харьков пен облыс, Запорожье мен облыс. Түнгі соққыдан кейін Киев облысында Гостомель, Буча және Ирпень үшін қосымша мәселелер пайда болды», — деп жазды ол.