Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды
Сондай-ақ, «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған
Оқушыларын дәретхана жаққа шығарып алып сөйлесіп, осылай тәртіпке салғысы келген семейлік тарих пәнінің мұғалімі жұмысынан шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сонымен бірге, оған «Бұзақылық» бабымен әкімшілік іс қозғалған.
Оқиға 16 қазан күні қаладағы №38 орта мектепте болған. ABAI NEWS телеграм-арнасының жазуынша, 7 сынып оқушысының сабақта дәптері болмағаны үшін дәретханаға шығарып алып сөйлескен. Сосын тағы бір оқушысын шақыртып алып, есігін жауып, дәретхана ішінде екеуіне бейәдеп сөздермен «понятие» туралы айтқан.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, тарих пәні мұғалімі мен 7 «В» сынып оқушыларының тәртібі туралы жағдай педагогикалық әдеп кеңесінде мұқият қаралған.
Талқылау қорытындысы бойынша, директор міндетін атқарушыға мұғаліммен Еңбек кодексінің 64-бабы 4-тармағына сәйкес еңбек шартын бұзу ұсынылды. Бұрын педагог тәртіптік жаза ретінде ескерту алғанын ескере отырып, қатаң шаралар қабылдау қажеттілігі расталды. 2024 жылғы 17 қазан күні №435 бұйрығымен мұғаліммен еңбек шарты бұзылды, деп жазылған мәлімдемеде.
Сонымен қатар, №38 мектеп-лицейінің директоры отбасылық жағдайына байланысты жалақысы сақталмайтын екі күндік демалыс алғандықтан, мектеп директорының міндетін атқарушыдан түсініктеме алынған. Директорға жұмысына оралғаннан кейін сөгіс берілмек.
Фото: 22-taldyk.mektebi.kz