Перизат Қайраттың тергеуі қашан аяқталады?
ҚМА өкілінің айтуынша, қылмыстық істе 100-ден аса том бар.

Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша тергеу соңғы сатыда. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz-ке сілтеме жасап, Malim.kz cайты.
ҚМА өкілінің айтуынша, қылмыстық істе 100-ден аса том бар.
"Иә, шынында да, Перизатқа қатысты қылмыстық іс бізде тергеліп жатыр. Аяқтауға жақын қалдық. Жақын арада, наурызлың басында аяқталғанын жариялаймыз, содан кейін іспен танысу кезеңіне көшеміз. Танысу қанша уақытқа созылатынын нақты айта алмаймын, себебі бұл қылмыстық процеске қатысушыларға байланысты. Онда заттай дәлелдемелерді есептемегенде 100 томнан аса қылмыстық іс материалы бар, сондықтан бәрі ортақ процеске байланысты болады", - деді Елемесов Мәжіліс дәлізінде.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат әлі де қамауда.
Перизат Қайрат туралы не белгілі?
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Фото: instagram/01pk