АҚШ-та Макдауэлл округінің мұғалімі кәмелетке толмағандарға қатысты заң бұзушылықтар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп Malim.kz тілшісі WHNS басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
31 жастағы Джессика Патрик Финли бірнеше ауыр құқықбұзушылық эпизодтары бойынша кінәлі деп танылып, сот шешімімен 40 жылға сотталды. Оған шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі тек 28 жыл 4 айдан кейін қарастырылуы мүмкін.
Тергеу мәліметінше, ол мектепте волейбол жаттықтырушысы болып жұмыс істей жүріп, кәмелетке толмағандарға қатысты бірнеше заңсыз әрекет жасаған. Сонымен қатар, оқушымен тыйым салынған қарым-қатынас орнатқаны дәлелденген. Кейбір жағдайлар 15 жасқа толмаған балаға қатысты болған.
Іс 2024 жылдың ақпан айында түскен ақпарат негізінде қозғалған. Тексеру барысында оның 14 жастағы оқушымен жақын байланыста болғаны анықталған. Сол айда ол жұмыстан шығарылған.
2025 жылдың сәуірінде айыпталушы тергеумен келісімге келуден бас тартып, істі сотта қарауды талап еткен. Кейін оның кепіл сомасын азайту туралы өтініші де қанағаттандырылмаған.
Сот қорытындысы бойынша ол кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.
Бұған дейін Қытайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бай Цзянь 276 баланы асырап алып, оларды спортқа тәрбиелеуімен танымал болғанын жазған едік. Сондай-ақ Ұлыбритания тұрғыны Кристофер Филлипс анасының мәйітін үш жыл бойы жерлемей, мұздатқышта сақтағанын және ол бұл әрекетке қаржылық пайда табу мақсатында барғанын жазған болатынбыз.