Милан Олимпиадасы ерлер жыныс мүшесіне салынатын инъекциялар туралы допинг дауына байланысты басталды. Күдік шаңғы трамплинінен секірушілерге қатысты туындаған, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Немістің Bild таблоиды қаңтар айында кейбір спортшылар ресми дене өлшемдерін алу және арнайы комбинезон тіктіру алдында жыныс мүшесіне гиалурон қышқылын егеді деген ақпарат таратқан. Болжам бойынша, бұл әдіс шеңберін 1-2 сантиметрге үлкейтіп, соның нәтижесінде спорттық киімнің өлшемдеріне әсер етуі мүмкін. Бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ, бірақ тақырып таблоид шеңберінен шығып кетті.
Reuters агенттігі 5 ақпанда 2025 жылғы әлем чемпионатында аралық (шап тұсы) бөлігіндегі тігістерге қатысты айла-шарғы үшін Норвегия спортшылары уақытша шеттетілгенін растады. БАҚ-та бұл жанжал «пенисгейт» деп атала бастады.
5 ақпанда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) бас директоры Оливье Ниггли бұл мәселе тексерілетінін айтты. Оның сөзінше, гиалурон қышқылы тыйым салынған заттар тізіміне кірмейді, бірақ мұндай процедура нәтижені заңсыз түрде жақсарту тәсілі болып саналуы мүмкін бе - соны анықтау қажет. Ниггли WADA допинг мәселесімен айналысатынын, ал дене пішінін жақсарту әдістері бөлек қарастырылатынын атап өтті. 6 ақпанда WADA президенті Витольд Банька да осыған ұқсас мәлімдеме жасады.
Трамплиннен секіру спортында комбинезонның өлшемі мен денеге қонымы аса маңызды. Маусым алдында спортшылардың денесі 3D-жүйемен сканерленеді, ал киім нақты өлшемнен әдетте бірнеше сантиметр ғана үлкен етіп тігіледі. Сонымен бірге шап тұсының биіктігі де тіркеледі — бұл аэродинамика тұрғысынан маңызды аймақтың бірі. Теория жүзінде осы бөліктегі көлемнің ұлғаюы костюмнің жалпы беткі аумағына және ауа ағынындағы мінез-құлқына әсер етуі мүмкін.
Британдық Daily Mail басылымы Frontiers журналында жарияланған зерттеуге сілтеме жасап, костюм шеңберінің 2 сантиметрге өзгеруі көтергіш күшті 5%-ға арттыратынын, бұл секіру қашықтығын шамамен 5,8 метрге ұзарта алатынын жазады.
Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясы (FIS) киімдегі шағын өзгерістердің өзі ұшу қашықтығына әсер етуі мүмкін екенін мойындайды. Ерлер арасындағы трамплиннен секіру жарыстарының директоры Сандро Пертиле әрбір қосымша сантиметрдің маңызы бар екенін, өйткені костюм аумағы ұлғайса, көтергіш күш те артатынын айтқан. Сонымен бірге FIS мұндай «ерекше» әдістермен бұрын-соңды кездеспегенін және оның қолданылғанына нақты дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Спорт әлемінде «пенисгейт» төңірегіндегі талқылау жалғасып жатыр.