Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры Қырымнан Путиннің тағы бір сарайын анықтады

Әлем
Навальныйдың жемқорлықпен күрес қоры Қырымнан Путиннің тағы бір сарайын анықтады
navalny.com

Алексей Навальный негізін қалаған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры 30 желтоқсан күні YouTube-та жаңа зерттеу жариялап, онда Ресей президенті Владимир Путиннің аннексияланған Қырымда сарайы бар деп мәлімдеді.

Сөз Балаклава маңындағы Айя мүйісінде орналасқан ғимараттар кешені туралы болып отыр. «Бастапқыда бұл сарайдың орнында “Мыс Айя” пансионатының ғимараты болған. Алайда бұл жер Виктор Януковичтің (Украинаның экс-президенті – ред.) көңілінен шығып, ол бәрін қиратып, реликті ағаштарды кесіп, өзіне жазғы резиденция салуды бастаған. Путин 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін, Януковичтің мүлкі тартып алынып, мемлекеттік меншікке берілді», – деп баяндайды Навальныйдың серіктестері.

ФБК-ның айтуынша, қазір бұл жерде жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын негізгі үй және қонақтарды қабылдауға арналған шамамен 5 мың шаршы метрлік үй орналасқан. Ішінде «сарайлық интерьерлер» бар екені айтылады. Резиденция аумағында жеке медициналық орталық пен криокамера жұмыс істейді. Сонымен қатар, персоналға арналған ғимараттар, техникалық құрылыстар, тікұшақ қонатын алаң, жеке жағалау, пирс және ақ құмы бар жасанды жағажай бар.

Навальныйдың серіктестерінің дерегінше, Путиннің болжамды сарайын салу шамамен 10 млрд рубльге түскен. «Негізгі мердігер ретінде бұған дейін Путиннің ресми және бейресми резиденцияларын – Геленджикте, Валдайда және Қызыл Полянада – салумен және қызмет көрсетумен айналысқан “Кредо” басқарушы компаниясы болған», – деп атап өтеді ФБК. Құжаттар бойынша нысан компаниялар тізбегі арқылы рәсімделген. Сонымен қатар, сенімхаттарда Геленджиктегі «Путин сарайына» қатысты құжаттарда көрсетілген сол заңгерлердің есімдері кездеседі. Ал интерьерлерге арналған техникалық тапсырмада Федералдық күзет қызметінің (ФСО) талаптары тікелей көрсетілген.

ФБК-ның басқа зерттеулері

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры соңғы бірнеше жылда бірқатар резонансты зерттеулер жариялады. Мәселен, 2021 жылы Навальныйдың серіктестері Қара теңіз жағалауынан құны 100 млрд рубль болатын «Путин сарайын» тапқан. ФБК деректеріне сәйкес, оның құрылысы мен күтіміне екі мемлекеттік компания – «Роснефть» пен «Транснефть» қаржы бөлген.

2023 жылы Навальный командасы Сочидегі элиталық жылжымайтын мүлік туралы жаңа зерттеу жариялады. Ол Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевтің жақын туыстарына, жоғары лауазымды генерал Сергей Суровикинге және насихатшы Владимир Соловьевке тиесілі екені айтылған.

Қараша айында Ресей Федерациясының Жоғарғы соты Бас прокуратураның талап-арызы бойынша ФБК-ны «террористік ұйым» деп таныды. Қаза тапқан ресейлік оппозиционердің серіктестері: «Біз жұмысымызды жалғастырамыз. Зерттеу жүргіземіз, шындықты айтамыз, саяси тұтқындарға көмектесеміз – Ресей еркін елге айналуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп мәлімдеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу