IMAGE: ©forsvaret.no
Бұл туралы DW - Неміс толқыны хабарлапты. Ресейдің Мурманск қаласымен шектесетін Норвегияның Финнмарк провинциясында әскери жаттығулар өтті.
Маневр кезінде норвег жауынгерлері көзге түспей, жасырын жүруге машықтанған. Жаттығулар кеше, 2 қазан күні аяқталуы керек болған. Бірақ, таңғы 7:00-де келісілген жерге 10 жауынгер келмей қалды.
Жауынгерлерді іздестіруге иісшіл иттер, тікұшақ пен дрондар жұмылдырылды. Нәтижесінде, 5 жауынгер кеше кешке табылды. Ал қалған бесеуі қайда екендері туралы жұма күні таңертең, өздеріндегі байланыс құралдары арқылы хабарлаған. Оларды әкетуге іздеу тобы жіберілді.
Табылған жауынгерлердің барлығы аман-сау, ешқайсы медициналық көмекке мұқтаж емес. Подполковник Аудун Йорстад мұндай жаттығулардың қауіпті екенін, бірақ барлық жауынгер оған жақсы дайындалғанын айтыпты.