freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Нұрай Серікбай ісі: күдікті психикалық орталықтан тергеу изоляторына қайтарылды

Оқиға
Нұрай Серікбай ісі: күдікті психикалық орталықтан тергеу изоляторына қайтарылды
Мұрағат

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты негізгі күдікті сот-психиатриялық сараптамадан кейін психикалық орталықтан тергеу изоляторына қайта жеткізілді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, 28 жастағы ер адам ресми түрде есі дұрыс деп танылған, деп хабарлайды Malim.kz.

«Қазір ол Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отыр. Оның денсаулығы қалыпты, сараптама нәтижесі бойынша есі дұрыс деп танылды», – деді адвокат.

Айта кетейік, бұған дейін күдіктінің Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Марқұмның туыстары оның жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екеніне алаңдаған.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші тарап тек негізгі күдікті ғана емес, оның туыстарының да жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

«Біз құқық қорғау органдарына күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша жауапкершілікке тарту туралы бірнеше рет өтініш білдірдік. Біздің арыздарымыз қабылданды, алайда мәселе әлі қаралып жатыр», – деді Аянхан Омаров.

Сонымен қатар, марқұмның отбасы Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы бойынша тағылған айыпты қайта қарауды сұраған.

«Жәбірленуші тарап 125-1-баптың 1-бөлігін 3-бөлікке қайта саралауды талап етіп отыр. Яғни, абайсызда ауыр зардаптарға алып келген некеге мәжбүрлеу ретінде қаралуы қажет деп есептейміз», – деді адвокат.

Қазір күдікті Қылмыстық кодекстің «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру», «Некеге мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша айыпталып отыр. Тергеу амалдары жалғасуда.

Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда Шымкентте болған. 21 жастағы студент Нұрай Серікбайға көшеде шабуыл жасалып, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Кейін белгілі болғандай, қыз бірнеше ай бойы аңдуға ұшыраған және оған қатысты алып қашу оқиғасы да болған. Бұл іс қоғамда кең резонанс тудырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының әрекетіне баға беруді тапсырған еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу