2026 жылғы 8 шілдеде Мәдениет және ақпарат министрі міндетін атқарушының бұйрығымен өңірлік рәміздердің жобасын әзірлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Құжатқа сәйкес, өңірлік рәміздердің жобасын әзірлеу барысында бірқатар қағидатты негізгі алу міндетті. Олар — қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; геральдикалық талаптарды сақтау; өңірдің ұлттық дәстүрлерін, тарихи, мәдени, табиғи, географиялық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеру.
Сонымен қатар, жобаны дайындау кезінде ҚР Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін, сондай-ақ діни, рулық және тайпалық белгілерді пайдалануға тыйым салынады.
Жобаны әзірлеу барысында ескерілуі тиіс басқа да талаптар бар. Олар — жоба бұрын пайдаланылмаған, өңірдің болашақ даму бағытын айқындайтын жаңа туынды болуы керек; жоба айқын бедері бар көлемді бейне немесе макет түрінде ұсынылады; жобадағы ресми атаулар, жазулар және өзге де мәтіндер қазақ тілінде жазылады; жобаны әзірлеу кезінде авторлық құқықтарды бұзуға, плагиатқа жол берілмейді.
Жобаны тек ҚР азаматтары дайындай алады. Егер жобаны бірнеше жеке тұлға бірлесіп әзірлесе, олардың барлығы оның авторлары (тең авторлары) болып есептеледі.
Жобаны әзірлеу кезінде ұлттық-этнографиялық элементтерді (ою-өрнектерді) пайдалануға рұқсат етіледі.
Жобаны әзірлеуге арналған конкурс мынадай кезеңдерден тұрады:
• елорда, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдігінің конкурсқа қатысуға өтінім қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру жариялауы;
• конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау;
• жергілікті атқарушы органның жобаларды қағидалардың 6-тармағы талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарауы;
• елорда, облыс және республикалық маңызы бар қала тұрғындары арасында жобалар бойынша қоғамдық талқылау өткізу;
• жобаларды Сараптамалық кеңестің қарауы;
• жобаны мәслихаттың бекітуі.
Конкурсқа қатысуға өтінім қабылдау туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында конкурс аяқталғанға дейін кемінде үш ай бұрын жарияланады.
Конкурсқа қатысу туралы өтінім қазақ және орыс тілдерінде қабылданады және онда жобаның сипаттамасы көрсетіледі.
Жергілікті атқарушы органдар өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарайды.
Конкурсқа ұсынылған жобалар ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді, республиканың мәдени, туристік, тарихи, географиялық, саяси және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып іріктеледі.
Егер жоба белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жергілікті атқарушы орган өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Өтініш берушіге өтінімді қабылдаудан бас тарту туралы алдын ала шешімнің көшірмесі қоса берілген хабарлама оған қол қойылғанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын жіберіледі.
Өтініш беруші мұндай алдын ала шешімге қарсылығын хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсына алады.
Өтінімді қарау мерзімі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде жергілікті атқарушы орган жобалар бойынша қоғамдық талқылау өткізеді.
Қоғамдық талқылаудың қорытындылары хаттамамен рәсімделеді.
Қоғамдық талқылауда ең көп дауыс жинаған жобалар талқылау аяқталған күннен бастап 25 жұмыс күні ішінде Сараптамалық кеңестің отырысында қаралады.
Сараптамалық кеңестің қорытындысы хаттамамен рәсімделеді.
Оң қорытынды алған жобалар 15 жұмыс күні ішінде тиісті мәслихаттың шешімімен бекітіледі.
Өңірлік рәміздерді мынадай жағдайларда пайдалануға рұқсат етіледі:
• жергілікті деңгейдегі мәдени, бұқаралық, спорттық, білім беру және діни іс-шараларда;
• тауар белгілерінде, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, жеке мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілерінің эмблемаларында (рәміздерінде), сондай-ақ арнайы және спорттық киімдерде;
• мерейтойлық медальдарда, алғыс хаттарда, құттықтау және кәдесый өнімдерінде, сондай-ақ елорда, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың құрметті азаматтарына табысталатын марапаттарда.