Алматыда балаларға арналған бірқатар шара өтті

Алматыда 21-22 мамырда балаларға арналған бірқатар шара өтті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
21 мамырда "Әкем - тірегім, анам – жүрегім!" акциясы аясында "Бала жүрегі-отбасы әлемі" атты суреттер байқауы мен "Тоғұзқұмалақтан" турнир өтті.
"Шабыт" балаларды дамыту орталығында ұйымдастырылған шығармашылық іс-шарада 100-ден аса оқушы қылқаламмен сыр шертіп, отбасы туралы жүрек түкпіріндегі әсерін бейнелеуге тырысты. Бастама халықаралық мерекеге орайластырылған "Қазақстан балалары" жобасының аясында өтті.
Айта кетейік, орталыққа 2 мыңға жуық бала келіп, 5 түрлі бағыт бойынша тәлім алады.
"Балалар сурет арқылы Отанына, отбасына, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігін білдіреді. Әр сурет – бала жүрегінің айнасы. Біздің басты мақсат – біздің балаларымызға бейбітшілікте, достықта, шаттықта өсетін қоғам құру", – деді "Шабыт" балаларды дамыту орталығының директоры Бақытгүл Мұратқызы.
Ал бүгін қалада "Бақытты бала- бақытты отбасы" флешбомы, "Ұрпақтар үндестігі" балалар мен ата-аналардың басын қосатын семинар мен "Менің бақытты отбасым" суреттер байқауы өтті.
Malim.kz тілшісі 22 мамырда Алматыдағы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияда ерекше іс-шараға қатысты.
Оқу-ағарту министрлігі мен Балалар құқығын қорғау комитетінің бастамасымен, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған "Қазақстан Балалары" тұжырымдамасы аясында "Әкем – тірегім, анам – жүрегім" тақырыбында балалар сурет байқауына 2-9 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
Іс-шара барысында 300-ге жуық оқушы өз туындыларын ұсынып, олармен бірге ата-аналар мен ұстаздар да белсене атсалысты.
"Іс-шара ұстаздар мен ата-аналардың қолдауымен жылы атмосферада өтті. Балалар тек өз шығармашылық қабілеттерін емес, отбасыға деген көзқарасын, ішкі жан дүниесін де қағаз бетіне түсіре алды. Бұл байқау – болашақ ұрпақтың сана-сезіміне отбасы құндылықтарын сіңіруде маңызды қадам. Осындай іс-шаралар балалардың көркемдік қабілеттерін шыңдап қана қоймай, олардың рухани дамуына да үлкен әсер етеді", - деді мектеп директоры.
Бұл күні №181 мектепте бала тәрбиесіне қатысты "Ұрпақтар үндестігі" шарасы өтті.
Онда әнші Нұрлан Албан, театр мен кино актері Саттар Елубаев, композитор Бақыт Дихан, әнші Бибігүл Қилымхан оқушыларға өз өмірлерінен сыр шертті. Олар дәстүрді сақтаудың маңызын айтып, оқушыларға ұялы телефондардан да маңызды нәрселер барын еске салды.
№181 мектептің директоры Жеңіскүл Сатаева ел алдында жүрген әртістерге алғысын білдірді.
"Балалар кино мен эстрада жұлдыздарын өз көзімен көргісі келеді. Оқушылар үшін әртістер – жол сілтеушілер. Жұлдыздардың өскелең ұрпақпен сөйлесуге уақыт тауып келгеніне өте қуаныштымыз. Ата-ананың ықпалы мен жастарға үлгі болатындардың кеңесі оларға сөзсіз әсер етеді. Мен бұл кездесу балалардың мықты тұлға болып қалыптасуына маңызды қадам боларына сенемін", – деді Жеңісгүл Сатаева.
Фото: Мalim.kz

Ең көп оқылған
