"Бірде-бір вакцина 100 пайыз қорғай алмайды"

Елнұр Бақытқызы

  • 08.02.2021

COVID-19-ға қарсы вакциналардың қайсысы тиімді? Олардың айырмасы не? Ресейдің "Спутник V" вакцинасы қаншалықты сенімді? Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді? Қазақстандықтарға қандай вакцинаны салдырған дұрыс? Францияда тұрып жатқан вирусология және молекулярлы биология саласындағы PhD, ғалым Әсел МҰСАБЕКОВА malim.kz-ке берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді.

Ресей, Қазақстан және Батыс вакциналарының айырмасы не?

– Әлемде ковидке қарсы түрлі вакцина бар: Ресейдің "Спутник V" вакцинасы, Қытай шығарған Sinovac, АҚШ-та шыққан Pfizer мен Moderna, Қазақстанда әзірге тіркелмеген QazCovid-in, Оксфорд университеті мен AstraZeneca британ-швед концерні бірігіп шығарған вакцина. Вакциналардың бір-бірінен негізгі негізгі айырмасы не? Қайсысы тиімді?

– Ең алдымен вирус деген не дегенге тоқталсақ. Вирус – бұл ақуыздағы генетикалық ақпарат. Ал вакцина бұл қорғаныш ретінде қолданылатын вирустың белгілі бір бөлігі немесе вирустың өзі. Біз вакцина салу арқылы иммунды жүйеге "осы вирусты жақсылап танып ал, алдағы уақытта көрсең, ағзаны қорғайсың" деген белгі береміз. Ал енді вакцинаның түрлеріне тоқталайық. Мысалы, Қазақстанның QazCovid-in немесе Қытай шығарған Sinovac – белсенділігі жойылған (инактивированная) вакцина. Яғни ол өлтірілген, белсенділігі жойылған бүтін вирустан жасалады. Бұл вакцинаны бұрыннан, 70 жылдан бері келе жатқан дәстүрлі жолмен дайындайды. Вирусты жасушаларда өте көп көлемде өсіреді. Бұл үшін биологиялық қауіпсіздігі үшінші деңгейдегі арнайы зертханалар керек. Мұндай зертханалар барлық елде жоқ. Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік институтында осындай зертхана бар, QazCovid сол зертханада жасалды. Жасушаларда өте көп көлемде өсірілген вирусты арнайы химикатпен залалсыздандырып, өлтіреді. Өлі вирус вакцина ретінде салынады.

Вакциналардың екінші түрі – векторлы. Ресейдің "Спутник-V" және Оксфорд университеті мен AstraZeneca британ-швед концерні  бірігіп жасап шығарған вакцина векторлыға жатады. Векторлы вакцинада коронавирустың генетикалық ақпаратының бір бөлігі басқа вирус – аденовирусқа ендіріледі.  Аденовирус бұл – тұмау вирусы, біз онымен әрбір тұмау маусымында ұшырасамыз. Оның түрлері көп. "Спутник V" вакцинасында аденовирустың екі түрі қолданылады. Бұл аденовирус коронавирус туралы ақпаратты тасымалдаушы ретінде қолданылады деген сөз. Яғни біз коронавирустың өзін емес, ол туралы ақпаратты тасымалдайтын басқа вирусты вектор ретінде қолданамыз. Сол вектор жасушаға түскен соң, коронавирустың бөлшегін, дәлірек айтсақ, ақуыз қылқанын шығара бастайды. Коронавирустың сыртында ақуыз тікенегі, қылқаны бар, вирус адам ағасына сол арқылы кіреді. Ал енді Ресейдің "Спутнигі" мен Оксфорд университеті/AstraZeneca концерні шығарған вакциналарының айырмасы, қолданатын векторында. Ресей вакцинасында адамның 26-шы және 5-аденовирусы, ал Оксфорд/AstraZeneca вакцинасында шимпанзе аденовирусы қолданылады.

Векторлы вакцинаны неліктен екі рет салады?  Біздің иммунды жүйе векторға қарсы белгілі бір реакция береді. Өйткені біз бұған дейін тұмаумен ауырдық, сондықтан ағза аденовирус деген не екенін біледі.  Осы себепті ағза қорғанысын күшейту үшін "Спутник" вакцинасы екі компонетті, яғни оны екі рет салдырады.

Бұл жерде астын сызып айтатын нәрсе, Гамалея институты "Спутник V" 91 пайызға тиімді дейді. Сынақтың үшінші кезеңі туралы Lancet журналына шыққан мақалада "Спутник" вакцинасы ковидпен күресте 92 пайыз тиімділік көрсеткені жазылды. Ал бейресми ақпарат, вакцинацияға қатысқан адамдар өздерінің жай-күйі туралы мәлімет жіберетін Telegram-арнадағы ақпаратқа қарағанда, вакцинаның тиімділігі 70, тіпті 60 пайыз. Алайда бұл векторлы вакцина үшін қалыпты нәрсе. Векторлы вакцина 90 пайыз тиімді болады деп күте алмаймыз, өйткені векторлы вакцина адамдарды вирустан 100 пайыз қорғай алмайды. Векторлы вакцина вирусты жұқтыру қаупін төмендетеді, бірақ 100 пайыз кепілдік бермейді.

Вакцинаның тағы бір түрі – РНҚ-вакцина. Бұл вакциналардың мүлде жаңа түрі, фармацевтикадағы үлкен бетбұрыс. 2011 жылы Франциядағы Пастер институтында оқып жүргенде лекцияларда РНҚ-вакциналар болашақта пайда болады деген болжам айтылған. Сондықтан алғашқы РНҚ-вакцинаның осы жылы тіркелгені мүлде күтпеген жаңалық болды. РНҚ-вакцина деген не? Вирустың РНҚ-сы, яғни ішіндегі генетикалық ақпараттың бөлігі сабын көпіршігі тәрізді липидті нанобөлшекке ендіріледі. Осындай вакцина ағзаға егіледі. Оның артықшылығы не? Мұндай вакцинаны өндіру үшін вирусты көп көлемде өсірудің қажеті жоқ, вектор керек емес, үлкен аумақты алып жатқан, қауіпсіздігі жоғары зертханалар да қажет емес. Себебі вакцинаны шығарғанда вирустың өзімен мүлде жұмыс істемейміз. Бұл – таза химиялық синтез, көпшілік жағымсыз әсер тудырады деп қорқатын жасуша, бактерия мен ашытқы қолданылмайтын таза өндіріс. АҚШ-тың Pfizer, Moderna вакциналары РНҚ-вакцинаға жатады.

Ал РНҚ-вакцинаның кемшілігі не? Бұл өте нәзік молекула болғандықтан, оны сақтау мен тасымалдау қиын. РНҚ-вакцинаны минус 70 градуста сақтау керек. Ал мұндай ультратоңазатқыштар барлық елде, барлық зертханада жоқ. Қазақстанда, бәлкім, Назарбаев университетінде ғана бар шығар. Вакцинаны өндірушілер оны сақтау мен тасымалдауды жеңілдететін технологияларды қарастырып жатыр. Біздің елге бұл вакцина жақында келмейді. Үкімет Pfizer компаниясымен келісімге қол қойғанын естідік, бәлкім, бұл вакцина 2021 жылдың екінші жартысында келетін шығар.

– Pfizer-ді сақтайтын ультратоңазатқыштар барлық елде, барлық зертханада жоқ дедіңіз. Олай болса, Pfizer-ді елімізге тасымалдап сақтау қиындық тудырмай ма?

– Мәселе тасымалдауда емес, сақтауда. Оны АҚШ-тың өзінен емес, Азияда өндіретін институттардан тасымалдауға болады. Мысалы, Үндістандағы институттан. Бірақ оны сақтайтын вакцина кабинетінде минус 70 градустық ултратоңазытқыш болуы керек. Елдегі басты мәселе де осы, бізде, әсіресе шағын қала мен ауылдардағы вакцинация кабинеттерінде дұрыс тоңазатқыштар жоқ. Сондықтан бұл бір жағынан еліміз үшін вакцина логистикасы, вакцина сақтау мәселесін шешетін мүмкіндік. Pfizer вакцинасының үлкен партиясын Қазақстанға әкеп салу үшін алдымен ел ішінде вакцина тасымалы мен сақтау жүйесін реттеу керек.

Әсел Мұсабекова. Фото Әсел Мұсабекованың Facebook парақшасынан алынды

"Бірде-бір вакцина үшін сынақтың 3-кезеңі аяқталмады"

– Жауабыңыздан Pfizer-дің жағымсыз әсері аз екенін аңғардық. Олай болса, ең тиімді вакцина осы ма?

– Оны әзірге ешкім білмейді. Вакциналар әртүрлі елдерде тіркеліп жатқанына қарамастан, біз вакцина 100 пайыз қауіпсіз немесе 100 пайыз тиімді дей алмаймыз. Өйткені бірде-бір вакцина сынақтың үшінші кезеңінен толық өтіп бітпеді.  Ең көп мәлімет Pfizer туралы шығар. Өйткені компания әу бастан коммуникацияны ашық жүргізді, мамыр айынан бастап сынақ нәтижесі туралы ақпаратты жариялап жүрді. Бірақ вакцинаның үшінші кезеңі аяқталған соң кемі алты ай өтуі керек. Pfizer сынағының үшінші кезеңіне 40 мың адам қатысты. Яғни вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы қорытынды шығару үшін кемі алты ай күтуіміз керек. Pfizer сынақтың үшінші кезеңі аяқталған соң арада екі ай өткенде тіркелді.

Ұлыбританиядағы вакцинацияның алғашқы күні Pfizer үш адамның  ауыр аллергия реакциясын қоздырды.  Аллергия неге туындады? Өйткені ауыр аллергиясы барлар сынаққа қатыспады. Анафилаксиялық шок, аллергияың қозғанына қарап, таза өндірісте жасалған РНҚ-вакцина қанша жерден жағымсыз әсері аз болады деп топшыласақ та, бәрібір аллергияны қоздырғанын көрдік. Сондықтан қандай да бір қорытынды жасағанда өте абай болған жоқ, себебі бірде-бір вакцина үшін сынақтың үшінші кезеңі аяқталмады.

"Қазақстан вакцинасы туралы мәлімет өте аз"

– Түсінікті. Дегенмен Қазақстанда жаппай вакцинация басталып кетті. Әзірге елде Ресейдің "Спутник V" вакцинасы ғана бар. Наурызға қарай Қазақстанның QazCovid вакцинасы шығатыны хабарланды. Екі вакцинаны салыстырсақ, қайсысын салдырған дұрыс?

– Бұл екеуі мүлде екі бөлек вакцина. "Спутник" векторлы, ал QazCovid белсенділігі жойылған вакцина. Бірақ кез келген вакциналарды олар жайлы шыққан ақпаратқа қарап салыстыруға болады. "Спутник" жайлы қандай ақпарат бар? Сынақтың бірінші, екінші, үшінші кезеңі жайлы ақпарат халықаралық Lancet журналына шықты. Алғашқы кезеңдер бойынша бар болғаны 38 адам жайлы мәлімет шықса, сынақтың соңғы кезеңі бойынша 20 мың адамның мәліметі шықты. Дегенмен бұл сынақтың қорытынды нәтижесі емес, аралық нәтижесі. Вакцина қаншалықты тиімді деген мәліметті 24 қараша күні, яғни вакцинаның екінші дозасы салынғаннан кейін 27 күн өткенде есептеп шығарды. Сол уақытта 78 адамның ауырып қалғаны анықталды, оның өзінде симптомы барлар ғана есепке алынды. Ал 24 қараша күні сынақты тоқтатқан сияқты немесе зерттеу хаттамасы өзгертілді. Ал бірақ вакцинациялаудан кейін неғұрлым ұзақ мерзім өткен сайын еріктілердің вирусты жұқтыру ықтималдығы соғұрлым жоғары, олай болса вакцинаның тиімділік пайызы да төмен болмақ. Сондықтан сынақты екінші доза салынған соң арада бір ай өткенде тоқтату –асығыс шешім. Егер, мысалы, сынақ аяқталған соң үш айдан кейін вакцинаның тиімділігін есептейтін болса, ол анағұрлым төмен болар еді, бірақ 70 пайыздан төмен түспес еді. Жоғарыда айтқанымдай, вируспен күресте 70 пайыз тиімділік – векторлы вакцина үшін жақсы көрсеткіш.

Қазақстанның QazCovid вакцинасына келсек, өкінішке қарай, ол туралы мәлімет өте аз. Біз QazCovid-ті басқа вакциналармен салыстыра алмаймыз, өйткені ол жайлы дерек жоқ. Сондықтан бұл вакцина туралы ештеңе айта алмаймын. Сол себепті вакцинаны шығарушылар халықпен коммуникацияны жолға қойылып, мәліметтерді толықтай ашық, оны ашық дерек көздерде жарияласа екен деймін.

"Ковид – "өте қу" вирус

– Ал вакцинаны еккен соң, оның әсері қанша уақытқа жетеді?

– Бұл маусымдық вирус бола ма, әлде адамдар жаппай ауырып шығып, оған үйреніп, популяциядағы жасырын вирус болып қала ма, ғалымдарды осы мәселе толғандырады. Өйткені коронавирус тобындағы вирустарға қайта жұғу тән. Мысалы, коронавирус тобына жататын 15-тен астам вирус бар, оның бірімен тұмау маусымы кезінде ауырып қалдық делік, екі айдан кейін тура сол вирусты қайта жұқтыруымыз мүмкін. Олай болса, вакцинаның пайдасы бар ма деген сұрақ туындайды. Вакцина антиденелер тудыратыны сынақ кезінде дәлелденді. Мысалы, Pfizer мен Moderna РНҚ-вакцинасы барынша тиімді антиденелер тудыратындай етіп жасалды. Осылайша РНҚ-вакцинасынан пайда болатын антиденелер адам өзі ауырып шыққаннан кейін пайда болатын антиденелерден тиімдірек болады және ұзағырақ сақталады деп күтеміз.

"Вакцина салдырғаннан гөрі ауырып шығып, табиғи иммунитетті қалыптастырған дұрыс" деген стереотип бар. Алайда вакцинологияның дамып кеткені сонша, біз вакцина арқасында қандай иммунитет керектігін жасап шыға аламыз. Сондықтан вакцинадан пайда болатын иммунитет табиғи иммунитеттен ұзағырақ жұмыс істейді деп үміттенемін. Алайда бұл сұраққа кесімді жауап айта алмаймын, өйткені әзірге толық мәлімет жоқ. Вакцина алғаш рет салынғаннан бері небәрі бірнеше ай өтті. Ол адамдарда иммунитет қаншалықты ұзақ сақталатынын байқап көру керек. Айта кететіні, тек қана антиденелер емес, ауруға қарсы тұра алатын Т-жасушалы иммунитет бар. Ал мұны жаппай өлшеу қиын, өйткені анализдер қымбат.

Ал табиғи иммунитетке келер болсақ, коронавирустың жеңіл түрімен ауырғандарда ол тез жоғалады, ал ауыр өткергендерде ұзағырақ сақталады деген мәлімет бар. Тіпті иммунитет бір жылға дейін сақталған жағдайлар болған. Бұл түсінікті, өйткені аурудың қалай өтетіні ағзаға түсетін вирус көлеміне байланысты. Бірақ вируспен ауырып шыққандар оны қайта жұқтырып жатқан жағдайлар да баршылық.

Ковид – өте "қу" вирус. Коронавируспен ауырған соң пайда болатын антиденелер ағзаны келесі жолы вирустан қорғау орнына, керісінше, вирусқа көмектесіп, ауруды өршітуі мүмкін. Мұны антиденелерге тәуелді күшею деп атайды. Сондықтан табиғи иммунитет вирусты қайта жұқтырудан қорғайды деп толық сенуге болмайды. Pfizer, Moderna вакциналарын жасаушылар антиденелерге тәуелді күшеюді ескерді. Яғни бұл вакциналар ағзада вирусқа төтеп беретін жақсы антиденелер пайда болатындай етіп жасалды. Сондықтан вакцинадан пайда болатын иммунитет табиғи иммунитетке қарағанда күштірек және ұзағырақ болады деп топшылаймыз.

Тұрғынға вакцина салып жатқан медқызметкер. Көрнекі сурет. Алматы қаласы әкімдігінің фотосы

"Вакцинация шапшаң жүрсе ғана тиімді"

– Ұлыбританияда, Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамдары тарап жатыр. Көрші Өзбекстанда британдық штамм анықталды. Вакциналар вирустың жаңа штамдарынан қорғай ма?

– Бұл әзірге белгісіз. Осы тақырыпты көтерген он шақты мақала оқыдым. Жартысы қорғайды десе, жартысы қорғамайды дейді. Вирустың мутациясы деген не? Ол генетикалық құрылымның өзгеруі, генетикалық кодында әріптер өзгереді деген сөз. Ұлыбритания штамы – бір емес, 23 мутацияның жиынтығы. Қазір ғалымдар вакцинаны әр мутацияға қарсы жеке-жеке тексеріп көріп жатыр. Ал Ұлыбритания штамында 23 мутация бірдей топтасқан, мәселе сонда. Дегенмен Pfizer сияқты РНҚ-вакцина британдық немесе оңтүстікафрикалық штамдардан қорғамайды деген ықтималдылық өте жоғары. Бірақ РНҚ-вакцинаны тез арада штамнан қорғай алатындай етіп өзгертуге, бейімдеуге болады. Pfizer-ді шығарушы BioNTech компаниясының басшысы вирус вакцина қорғай алмайтындай болып өзгерсе, вакцинаны тез арада одан қорғайтындай етіп өзгертіп, жаңа вакцинаның миллиард дозасын екі аптаның ішінде шығарамыз деп мәлімдеді.

Ал бірақ белсенділігі жойылған және векторлы вакцинаны РНҚ-вакцина тәрізді тез өзгерте алмайсың. Дегенмен белсенділігі жойылған вакцина бүтін вирустан жасалатындықтан, одан түрлі антиденелер пайда болады. Демек, ол түрлі мутациядан қорғай алады деген ықтималылық жоғары.

Ал векторлы вакцинаға келсек, оксфордтық вакцина жаңа штамдардан қорғай алатыны-алмайтыны белгісіз. Өйткені вакцина вирус ақуызының қылқанынан жасалған. Ал ол қазір барынша мутацияланып жатыр. Бірақ, меніңше, вакцинаның мутацияларға қарсы бәрібір белгілі бір әсері болады, бірақ тиімділік пайызы төмендейді.

Векторлы вакцинаны салу науқанында ескеретін маңызды дүние бар. Жұртқа вакцинаның бірінші дозасы салынған соң, екінші дозасы уақытылы және барынша көп адамға салынуы керек. Өйткені егер аз адамға вакцина салынса және вакцинаның екінші дозасын салу кешеуілдесе, вирус мутациялануы мүмкін. Вакцинация жақсы ұйымдастырылса және жедел өтсе ғана тиімді болмақ. Мысалы, Израильде вакцинация дұрыс жүріп жатыр, халықтың жартысына жуығына вакцина егілді, нәтижесінде вирустың жұғу көрсеткіші азайды. Ал Ұлыбритания вакцинаның бірінші дозасын бірден көп адамға салды да, екінші дозаны уақытылы – бір айдан кейін салмай, уақытты өткізіп алып екті. Ал бұл вирустың мутациясы үшін өте қолайлы мүмкіндік. Сондықтан Қазақстандағы вакцинацияға келсек, халықпен коммуникация барынша ашық, ал вакцинация науқаны барынша тез жүруі тиіс. Әйтпесе вакцинациядан пайда болмайды.

– Адам бұған дейін коронавируспен ауырып шықса, оған вакцина салдыруға бола ма?

– Адам коронавируспен ауырса, алты ай өткен соң вакцина салдыруына болады. Егер адамның ковидпен ауырғаны ПТР тестпен расталса, одан кейінгі үш ай ішінде антиденелерді анықтайтын анализ тапсырудың қажеті жоқ. Ал үш айдан кейін антиденелердің бар-жоғын анықтап, анализ тапсыруға болады. Алтыншы айға қарай антиденелер ағзадан жойыла бастайды. Сондықтан алты айдан кейін вакцина салдыруға болады.

– Елде жаппай вакцинация жүріп жатыр, бірақ адамдарда антиденелер бар-жоғына ешкім мән беріп жатқан жоқ.

– Өкінішке қарай, біз мұны бақылауды мемлекетке жүктей алмаймыз. Мемлекет вакцинациялауды дұрыс және шапшаң жүргізе алса, оның өзі жақсы. Меніңше, халық жан-жақты ақпаратты оқып, шешім қабылдағаны жөн. Ғалым ретінде бұл жүз пайыз тексерілген вакцина деп айта алмаймын. Бірақ ковид пен постковид синдромы ағзада жағымсыз әсер тудырады деген тәуекел өте үлкен. Сондықтан әр адам жан-жақты ақпарат оқып, саналы түрде таңдау жасауы керек.

"Індеттің жаңа толқыны келе жатыр"

– Әлеуметтік желідегі реакциядан қазақстандықтардың көпшілігі "Спутник V" вакцинасына сенбейтінін байқауға болады. Оларға не дейсіз?

– Ондай адамдарды жақсы түсінемін. Осы сұрақты бір ай бұрын қойса, "вакцина салдырмаңдар" дер едім. Өйткені ғалым ретінде Гамалея институтының коммуникациясы ашық емес дер едім. Алайда 1/2-ші және 3-сынақ кезеңі нәтижелері жайлы ресми мәлімет бар, одан бөлек вакцинаны салдырғандардың Telegram-арнаға жіберетін есебі мен 200 мың адамға осы вакцинаны салған Аргентина есебі бар. Осы нәтижелердің бәрін есепке алсақ, ғылыми тұрғыдан бұл вакцинаны қауіпсіз деуге болады. Сондықтан ең алдымен тәуекел тобындағы туған-туыстарыңызды ойлаңыздар. Біз вакцинаны ектіруден тәуекел нөл дей алмаймыз, бірақ ауру жұқтырсаңыздар, тәуекел одан әлдеқайда жоғары. Алда індеттің тағы бір толқыны келе жатыр, реанимациялар толып кетуі мүмкін. Осы толқында ауруханаға ешкімнің түскісі келмейді. Өйткені антибиотикке төзімділікке тап болмақпыз. Себебі жазда індет өршігенде адамдарды көптеген антибиотикпен емдеді. Нәтижеде ауруханаларда бүкіл антибиотикке төзімді микроорганизмдер жүр. Сондықтан вакцина сізді ауруханаға түсуден құтқарып қала алады. Сол себепті бүкіл тәуекелді есепке алып шешім қабылдаған жөн.

– Не себепті алда індеттің жаңа толқыны болады деп болжайсыз?

– Қазір ауру көрсеткіші біртіндеп өсіп жатқанын байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамдар пандемиядан шаршады. Шаршағаны сонша, сақтық шараларын сақтағысы келмейді. Осылайша әлемде індет қайта өршіп жатыр. Екіншіден, Жаңа жылдық мерекелерде бір-біріне қонаққа барды, қыдырды, оның да әсері болады. Үшіншіден, вирустың жаңа мутациялары адамдарға жұғып жатыр.

Вакцинация пандемияны тоқтата ма?

– Жаппай вакцинация пандемияны тоқтата ма, әлде бәрібір құтқармай ма?

– Қазіргі кезде вакцинация пандемияны тоқтатады дегенге кепілдік беретін мәліметтер жоқ. Жақында израильдік тәжірибе туралы мақала шықты. Израильде жарты миллионнан астам адамға вакцина салынды. Осының арқасында вирустың жұғу көрсеткіші төмендеді. Израильде бір адамның басқа адамдарға вирусты жұқтыру көрсеткіші – R 1-ден төмен.

Қазақстанда вакцинация жылдам жүріп жатқан жоқ. Егер Қазақстан пандемияны жеңу мақсатын көздесе, онда вакцинация жылдам жүруі керек және вакцина барынша көп адамға салынуы қажет. Бірақ, меніңше, Қазақстанда вакцинация пандемияны тоқтатып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатын емес, тәуекел топтарындағы адамдарды қорғау, ауруханаға түсетін салмақ пен өлім-жітімді азайту мақсатын көздейді. Вакцина ең алдымен медицина қызметкерлері мен тәуекел топтарындағы адамдарға салынып жатқаны содан.

– Егер вакцинация індетті тоқтатпаса, бәлкім, басқа амалын табу керек шығар? Мәселен, вирусты емдейтін дәрі-дәрмекті іздеген дұрыс шығар?

– Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір коронавирус туралы көбірек мағлұмат бар. Тәуекел факторлары қандай, әртүрлі науқастарды өлімнен құтқару үшін оларды қалай емдеу керек дегенді білеміз. Осының арқасында бүкіл әлемде өлім-жітім азайды. Ақпарат неғұрлым көп болған сайын вирустың бетін қайтару соғұрлым оңай болмақ. Ал вакцинация уақытты шегеруге, уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Өйткені қандай да бір дәрі вирусты емдейтінін дәлелдеу үшін ғалымдарға уақыт керек. Препарат көмектесетінін-көмектеспейтінін білу үшін клиникалық сынақ жүргізіледі. Мысалы, Бразилияда Азитромицин сынағына мыңдаған адам қатысып, бұл препарат вирусты емдемейтіні, вирусқа қарсы мүлде әсері жоқтығы дәлелденді. Сондықтан, бәлкім, жарты жыл, бір жылдан кейін вирусқа қарсы қандай дәрі-дәрмекті қолдануға болатынын білетін шығармыз. Бірақ вирустың емін іздеу вакцинациямен қатар жүруге тиіс.

– Ал қалыпты, ковидке дейінгі өмірге қашан ораламыз?

– Әлі жарты жыл, бір жыл сақтық шараларын сақтауға тура келетін шығар. Биыл да локдаундар болуы мүмкін.

– Өзіңіз вакцина салдырасыз ба?

– Кезегім жеткенде вакцина салдырамын. Францияда алдымен қарт адамдарға вакцина егіліп жатыр, содан кейінгі кезекте –  медицина қызметкерлері.Сау және жас адамдарға кезек тек қыркүйекте жетеді. Францияда Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Күзге дейін Sanofi вакцинасы дайын болуы екіталай. Lancet-ке "Спутник V" вакцинасы сынағының 3-кезеңі туралы мақала шыққан соң, оның қауіпсіздігіне көз жеткіздік. Сол себепті мүмкіндік болса, осы вакцинаны салдырар едім. Егер жазда Қазақстанға келіп жатсақ, "Спутник V" вакцинасын салдырамын деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Байланысты жаналықтар

Қытай елшісі: Коронавирус тарай бастағанда қайда қарап отырдыңдар?!

14.03.2020

Коронавирустан он сегіз адам жазылды

28.03.2020

Дәрігерлер Алматыдағы 4 науқастың жағдайы туралы айтты

14.03.2020

Алматыда коронавирустан аурухана қызметкері қайтыс болды

16.05.2020

Инфекционист маман: Коронавирус – интеллектуалдық соғыс

16.10.2020

Үш аурухана салуға қанша миллиард кетеді?

10.04.2020
MalimBlocks
Қытай елшісі: Коронавирус тарай бастағанда қайда қарап отырдыңдар?!

Коронавирустан он сегіз адам жазылды

Дәрігерлер Алматыдағы 4 науқастың жағдайы туралы айтты

Алматыда коронавирустан аурухана қызметкері қайтыс болды

Инфекционист маман: Коронавирус – интеллектуалдық соғыс

Үш аурухана салуға қанша миллиард кетеді?