Биыл он айда 44 мың адамды ит қапқан
Депутаттар бұралқы иттерге эвтаназия жасауды ұсынды
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына бастамашы болған мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде қаңғыбас иттер көбейіп бара жатқанына алаңдап, депутаттар бұралқы иттерге неліктен эвтаназия жасауды ұсынғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, 2023 жылғы ақпарат бойынша республикада 300 мыңдай ит бар. Оның ішінде ең көбі – бұралқы иттер.
«Осы тұста қызық статистиканы мысалға келтірсем, ит-мысыққа чип тағу міндеті болмағанға дейін бізде 28 мыңдай иттің қожайыны бар болатын. Ал осындай талап енгізіліп, иттерге чип тағыңдар дегеннен бастап қожайыны бар иттердің саны 4 мыңға дейін азайып кеткен. Яғни 24 мыңдай итті көшеге лақтырып тастады немесе олар өліп қалды деген сөз. Енді бүгінгі статистиканы қарасақ, қожайыны бар 900-дей ғана ит қалған. Яғни біздің азаматтар иттеріне чип тақпай, оларды көшеге жіберіп жатыр. Осының салдарынан көшедегі бұралқы иттердің саны көбейіп бара жатыр. Қожайыны жоқ иттер көбейіп жатыр. Біз мұны реттеуіміз керек», - дейді Жаңбыршин Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелден кейін.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аса қауіпті инфекцияларды қадағалау және биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Жанат Жамалбекованың пікірінше, елімізде жыл сайын 50-60 мың адам бұралқы иттерден зардап шегеді.
«Елімізде жыл сайын құтырма ауруына қарсы 200 мың дозадан аса вакцина бөлінеді. Бұралқы иттерден зардап шеккендердің саны өсіп отыр, жылына 50-60 мың адам зардап шегеді. Биыл 10 айдың ішінде 44 мың адамды ит қапқан, бұл тек медициналық көмекке жүгінгендердің ресми дерегі, негізі одан да көп болуы мүмкін», - деді Жанат Жамалбекова агенттік тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.
Одан әрі Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұралқы иттер мен басқа да жануарлардан жұғатын құтырма ауруы проблемасын көтерді.
«Құтырманың клиникалық белгілері басталғанда адамға ешқандай медициналық көмек, дәрі-дәрмек көмектеспейді, өкінішке қарай қайтыс болады. Осы орайда бұралқы иттердің санын азайту бастамасын қолдаймыз, себебі адамдар көбіне қаңғыбас иттерден зардап шегеді, олардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар құтырма ит, мысықтан бөлек, төрт түліктен де жұғуы мүмкін», - дейді ол.
Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Айта кетсек, Ішкі істер министрлігі өкілі иесі бар ит адамды қапса қылмыстық жаза қолдануға қатысты ұсыныс түскенін мәлім етті. Сонымен қатар үй жануарын серуендету тәртібін қайта-қайта бұзатын азаматтардан оны тәркілеуді ұсынып отыр.
Фото: Gov.kz