Елордада жаңа желекжол ашылады
Ол үшін 6 мың көшет пен 44 мың түп бұта отырғызылмақ
Астанада биыл 170 қоғамдық кеңістік пен аула аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде елдімекендерді де қамтиды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жүргенов көшесінде жасыл желекжол ашамыз. Бұл көше – шағын ауданның басты көшелерінің бірі. Көше ашылған сәттен бастап 9 жыл ішінде жаяу жүргіншілер тротуарларының төсемдеріне жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты учаскелердің көпшілігі ескіріп қалған. Сондай-ақ, көгалдандыру жүргізілмеген әрі көше жарығы орнатылмаған, деп жазды қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осыған байланысты Жүргенов көшесіндегі жаяу жүргіншілер кеңістігін ауқымды абаттандыру басталған. Оның барысында кедергісіз орта құрылып, бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындар ашылмақ. Сол сияқты көгалдандыру, жарықтандыру және т.б. жүргізіледі. Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін) абаттандыру жұмысы қазірдің өзінде басталып кеткен. Мұнда 6 мыңнан астам ағаш пен 44 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр аумақты абаттандыру жүріп жатыр.
«Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақты абаттандыруды көзделген. «Жағалауға» қарасты барлық 19 тұрғын үй ауласы абаттандырылады. Сол сияқты, ағаштар отырғызылады, жарықтандыру тіректері орнатылады және т.б. Ботаникалық бақта жүгіруге арналған жолақшалар мен веложолдарды жаңарту, ескірген төсемдерді жаңарту, жарықтандыруды қалпына келтіру, спорт алаңдарын жаңарту және т.б. жұмыс жүріп жатыр.
Фото: Қала әкімдігі