Есполов оқу орнын жын-ойнаққа айналдырып тастаған-депутат сауалы
Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясының мүшесі Ерлан Саиров бүгін ел аузында Н.Назарбаевтың қайын атасы аталып кеткен Тілектес Есполовтың Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне қатысты былықтарын тексеруге Бас прокурор Б.Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Ерлан Саировтың сөзінше, «Amanat» партиясы еліміздегі заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесіне ерекше назар аударады екен. Ал «кезінде активтерді заңсыз иемденгендер кімдер еді?» дегенге келсек, олардың бәрі «Нұр-Отан» партиясының мүшелері еді. Е.Саиров та сол партияда мүше болған, ректор Тілектес Есполов та «Нұр-Отан» деп шапқылап, Назарбаевтың сайлауларында сенімді өкіл болып шапқылаған. «Нұр-Отан» қаңтардан кейін «Аманатқа» айналды. Яғни, «Нұр-Отанның» аманатын арқалаған «Аманат» өз қотырларын өздері қасып, қазір батыр болып отыр.
Сонымен, бұған дейін біреуі де осы мәселені ашық айтпаған депутаттық сауалда көтерілген мәселеге келсек, университетінің бір топ оқытушы-ғалымдары депутаттарға оқу орнынан заңсыз шыққан активтерді қайтару туралы өтініш жасапты.
«Университет ұжымы басқа меншік иелеріне заңсыз өткен активтер тізімімен таныстырды. 2001-2022 жылдары 3 студенттік жатақхана
(1000 төсек-орындық), 5 оқу-зертханалық корпус (18828,5 шаршы метр) әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері (700 шаршы метр), университет ғимараттарына іргелес
жер учаскелері (шамамен 5 га), Алматы облысының Талғар
және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің
оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жер учаскелері (12 га) қолды болып кеткен» дейді депутаттық сауалда.
Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақ үй етіп қайта жабдықтағанын, караоке, басқа да ойын сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырып тастағанын да ұзақ жылдан бері үнсіз отырған, көрсе де көрмеген болған ұстаздар бұл жолы қорықпай жазыпты.
«Кейбір оқу корпустарын бизнес орталықтарға айналдырған. Осы фактілер қаншама жастар мен оқытушыларды басына отырып, жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы, әділеттілік принциптерін таптау болып табылады! Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешімдер ректор Т.Есполовтың тұсында қабылданғанын жеткізіп отыр»,- дейді депутат.
Сондай-ақ, ол Бас Прокуратураға мынандай кеңес айтып, тапсырма да береді:
1)Заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз етуге.
2) 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтауға.
3) Еліміздегі басқа да жоғарғы оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуге тиіс деп санаймыз.
Тілектес Есполовтың Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жекешелендіріп жіберген ғимараттарының ізіне түсіп, видео түсірген едік, соған назар сала отырыңыз.