Күн сайын ажалға ұмтылу. Қазақстан қайда бара жатыр?
Мамыр айы басталғалы бері еліміз бойынша өз-өзіне қол салып, өлмек болған жиырмаға жуық оқиға БАҚ беттерінде жарияланды.
Өткен аптада мұндай оқиға күн сайын қайталанды. Бұлардың алды мектеп оқушысы болса, ең үлкені жетпістен асқан қария.
Статистикаға қарағанда Қазақстанда суицид оқиғасы орта есеппен 3,5- 4 мың рет тіркеледі. Соңғы бес жылдың ішін қарасақ, өзіне қол жұмсауға бекінгендер саны әр жыл сайын 4,2-4,8 мың шамасында шығады. Ал әлем бойынша Қазақстан алғашқы лекте келеді.
Мамыр айында әр өңірде болған суицид жағдайларын санауға саусақ жетпейді. Мәселен, бес күн бұрын Шымкентте 72 жастағы қария аурухананың үшінші қабатынан секіріп, көз жұмды. Марқұм оның алдында да суицид жасап, ауруханаға түскен.
Ал 22 мамырда Ақтауда үй шатырынан секірмек болған 17 жастағы қызды полицейлер ұстап үлгерді. Мектеп оқушысының мұндай қадамға неліктен барғаны әзірге белгісіз.
Тура осындай жағдай 20 мамыр күні Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында қайталанды. Полицейлерге қоңырау шалған тұрғындар терезеден секірмек болған 17 жастағы қыз туралы айтқан.
Атырауда облысында өткен аптада осындай оқиға көп тіркелді. Соның бірі 44 жастағы мас жігіт 15 мамыр күні «көпірден секіріп өлемін» деп елдің есін шығарды. Абырой болғанда патрульдік полиция үлгеріп келді.
Ал одан екі күн бұрын 13 мамырда Екібастұздағы Торайғыров көшесіндегі 5 қабатты үйдің төбесінен ер адам секіремін деп тұрғанда полиция келіп, оны райынан қайтарды.
Тура сол күні Оралда 15 жастағы қыз «секіремін» деп полицияны әлекке салды.
10 мамырда Алматыдағы Наурызбай ауданындағы төрт қабатты үйдің шатырынан ер адам секірмек болды.
9 мамырда Көкшетауда тәртіп сақшылары көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан секірмек болған жасөспірім қызды құтқарып қалған.
6 мамыр күні Атырауда 23 жастағы жігіт тұрғын үйдің 16-қабатынан секіруге оқталған.
5 мамыр күні Астана полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды ұстап үлгерді. 1 мамыр күні Талдықорғанда Қаратал өзенінің көпірінен секірген қызбала құбырға ілініп қалды.
Өз-өзіне қол салу деректеріне мамандар әр түрлі жауап айтады. Полиция тарапы оқиғаның қалай болғанын түсіндірсе, психологтар көп жағдайда отбасында, жеке өміріндегі жағдайлардың соны өлімге итермелейтінін мысалға келтіріп отыр.
Алматылық психолог Венера Коканова жастар арасындағы суицидтің мәселесі өзекті проблемаға айналғанын айтады.
«Еліміз суицид бойынша әлемде 20-шы орында және кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсаудан 10-шы орында. Неге статистиканы айта бересіздер деген сауалдар ата-аналар тарапынан қойылады. Біз маман ретінде статистикаға жүгінеміз, өйткені санның көбею немесе азаюы, атқарылып отырған жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Мәселен, мамандардың жетіспеушілігі, мамандардың кәсіби құзыреттілігі, отбасындағы құндылықтардың жоқтығы, тәрбие т.с. Мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыстарының нәтижесі. Осыған байланысты, мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар жас ұрпақты осындай қайғылы қадамдардан қорғау үшін бірлесе отырып, бұдан да көп жұмыс жасауы керек деп ойлаймын», - дейді ол.
Сонымен бірге, Венера Коканова қоғамда танымал, беделді адамдар өз-өзіне қол жұмсаса, басылымдарға жарияланған хабарламалардың әсері болатынын айтады.
«Интернет-ресурстарда суицид әрекеті туралы видео роликтер, фильмдер, әсіресе, кәріс сериялдары, ойындардың әсері бар. Кез келген фильмді көргеннен кейін көрермен өзгеріп шығады. Өйткені ол ұзақ уақыт белгілі бір жерде өткізуге мәжбүр. Ең күшті әсер психиканың эмоцияналды компонентіне әсер етеді, оны біз пост-қарау синдромы деп атаймыз немесе орыс тілінде, кинопогружение, постпросмотровый синдром дейді», - дейді психолог.
Бұл ретте психолог маман В. Коканова жөс өспірімдердің жақындары мұндайға жол бермес үшін бірқатар ұсыныстарды алға тартты.
Ата-аналар арасындағы ұрыс-керіске балаларды араластырмауы тиіс.
Балалардың өмірге деген құлшынысын дамытып, мақсат құруға көмектесу қажет. Қиын жағдайлардан шығуға және жеңуге көмектесу да ата-ананың міндеті. Сондай-ақ, қателіктер үшін жазалауға асықпай, ұрмау тәрбиелеу маңызды. Балаға жақсы көретіндеріңізді айтып, оларға сенім артумен қатар көп көңіл бөлу артық етпейді. Баланың құқығы мен міндетін үйде, мектепте, көшеде дұрыс қарауға тиіспіз. Жас ерекшелігіне сай тапсырмаларды орындатып, үнемі түсіністік білдіру артық етпейді. Балаңыз тату, түсіністікте өмір сүрсін десеңіз, оның кемшіліктерін бетіне айта бермеңіз, кінәламаңыздар», - дейді психолог.
Қазақстанда суицид статистикасы төмендеді дегенімен республика аумағында күн сайын кемінде бір оқиғаның тіркелуі алаңдатарлық жайт. Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің келтірген дерек бойынша, былтыр суицидтен қайтыс болғандар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайыпты. Олардың айтуынша, биыл өз-өзіне қол салудан болатын өлім көрсеткіші азая бастапты. Мысалы, 2023 жылдың алғашқы екі айында 526 қазақстандық суицид жасап, өмірден өткен. Ал былтыр бұл көрсеткіш одан бес пайызға көп болған екен...