Өскеменде жаңа мешіт ашылады

Ашылу салтанаты қыркүйектің 27-не жоспарланған

Мадина Қайнарова

  • 17.09.2024

Өскеменде ЖМК ауданында екі мұнаралы жаңа мешіт салынып жатыр. Енді Ертістің сол жағалауындағы ықшам аудандардың өз мешіті болады.

Мешіттің құрылысы осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлердің қолдауымен басталған. Қазір мұндағы жұмыстар аяқталуға шақ қалды. Ашылу салтанаты қыркүйектің 27-не жоспарланып отыр.

Құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіпкер Қайнар Дүйсеновтың айтуынша, бұл мешіт қазақы стильде жасалған. Қабырғалары, төбесі дәстүрлі ою-өрнекпен безендірілген.

Аумағы 1 гектарға жететін жерде орналасқан мешіттің сыйымдылығы – 1000 адамға дейін. Мешіт аумағы – 1700 ш.м.  Мұнараларының биіктігі – 20 метр.

Мешіттің ішіндегі еденнен төбесіне дейінгі биіктігі 11 метрге жетеді.

Ерлер мен әйелдерге намаз оқитын бөлмелер бөлек қарастырылған. Мешітке кіретін есік те екеу: біреуі әйелдерге, екіншісі ерлерге арналған. Сондай-ақ құран бағыштайтын жеке бөлме болады. Одан бөлек 230 адамға арналған қатымханасы бар. Қатымханадан түсетін қаражат болашақта мешіттің коммуналдық қызметтерін төлеуге жұмсалмақ.

- Мына ЖМК (КШТ) ауданында 146 мың халық тұрады, Күленов кентінде – 16 мың. Бұл тұрақты тіркелген мекен-жай бойынша. Ал тұрақты мекен-жайы бойынша тіркелмеген адамдар да бар, сонда халық саны 180 мыңға жуықтайды десе болады. Ал сол 180 мың адамға бір ғана мешіт. Өскеменде соңғы ашылған мешіт – Халифа Алтай. Ол 12 жыл бұрын ашылған. Содан бері мешіт салынбаған екен, - дейді Қайнар Дүйсенов.

Кәсіпкердің айтуынша, мешіт ұлттық салт-дәстүрді үйрететін білім орталығына да айналуы мүмкін.

- Имамдарға осындай ұсыныс жасап отырмыз. Дінмен қатар қазақтың салт-ғұрпын, тәрбиесін үйретсе деп. Мысалы, әке-шешені қалай сыйлау керек, туыстармен қарым-қатынас қандай болу керек деген секілді. Мұны ұсыныс ретінде айттық. Оны енді мүфтият өздері шешеді. Жалпы дін мен дәстүр бірге жүру керек қой, - деді кәсіпкер.

Мешіттің ішінде көлемі 36 ш.м. болатын лэд-экран орнатылған. Ол тәлім-тәрбие, сабақ беру мақсатында қойылған.

Сонымен қатар жаңа мешіттің тағы бір ерекшелігі – балаларға арналған бұрыш. Ата-анасымен еріп келген кішкентай бүлдіршіндер намаз кезінде сол бұрышта ойын ойнайды.

ҚМДБ Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатайұлының  сөзінше, ЖМК (КШТ) ықшам ауданының тұрғындары бұрыннан мешіт салынса деген тілектерін білдіріп жүрген.

- КШТ ықшам ауданында бұрын бір мешіт салынады делінген. Бірақ құрылыс басталмай жатып аяқталып қалды. Халық кездескен жерде КШТ-да бір мешіт болса жақсы болар деп айтып жүретін. «Іздегенге - сұраған» дегендей, кәсіпкер азаматтар қолға алып, "осы жерге бір мешіт салсақ" деп өздері ниет білдірді. Бұл халқымыздың тілегі мен дұғасының нәтижесі деп білеміз. Тілектері қабыл болып, осы жерде сәулеті жарасқан зәулім мешіт бой көтерді, - дейді Ермек қажы Мұқатайұлы.

Ауылдық жерлердегі мешіттерге жиі діни қызметкерлер жетпей жатады. Осы ретте бас имам жаңа мешітке имам дайын екенін айтты.

- Жаңа мешітке имам бар. Қазір ұсынысы жазылып, Діни басқармаға, Бас мүфтиге жіберілді, - дейді Ермек қажы Мұқатайұлы.  

Сондай-ақ бас имамның сөзінше, Діни басқармаға жаңа мешітке Әл-Фарабидің есімін беру туралы да ұсыныс жіберіліпті.

- Әл-Фараби көшесінің бойында тұрғандықтан, мешітті салып жатқан жігіттермен ақылдаса келе, Әл-Фараби бабамыздың шығыста да бір аты болса деп және ол кісінің білім мен ғылымға қосқан үлкен үлесі бар ғой деп, есімін дәріптеуді жөн көрдік. Сол кісінің атын берсек деп ұсыныс жасап отырмыз. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының шешімі шығу керек, - деді ол.

Айта кетсек, Өскемен қаласы бойынша барлығы бес мешіт бар. Ал халық саны жыл сайын жылдам өсіп келе жатқан сол жақ жағалаудағы аудандарда бұған дейін мешіт болмаған.

- Өскеменде осы Әл-Фараби мешітімен бірге алты мешіт болмақ. Сонымен қатар Ахмер кентінде мешіт салынып жатыр. Согра жақта бір ғимарат жөнделіп, мешітке айналады. Бұйыртса, қаланың өзінде 8-9 мешіт болады. Жамағаттың көбеюіне байланысты мешіт саны да көбейіп келеді, - дейді Ермек қажы Мұқатайұлы.

 

Фото: Автор

Байланысты жаналықтар

Өскемен тұрғынын пойыз қағып кетті

31.10.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

29.10.2024

Шығыста жаңа көпірдің ашылуына орай дүбірлі той өтті

27.10.2024

Шығыс өңірдегі журналистерді даярлайтын басты ұстахана

17.09.2024

«Eastiler» - мықты жастардың ортасына айналған ұйым

16.09.2024
MalimBlocks
Өскемен тұрғынын пойыз қағып кетті

Оқиға «Өскемен-1» (Защита) станциясының теміржолында болған

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

Әншінің жары балаларын намаз оқуға міндеттейтінін жасырмады

Шығыста жаңа көпірдің ашылуына орай дүбірлі той өтті

Бұл күні көпірдің жанынан қырыққа жуық киіз үй тігілді

Шығыс өңірдегі журналистерді даярлайтын басты ұстахана

Шығыс Қазақстанда «Аманжолов журналистері» деген бренд қалыптасты

«Eastiler» - мықты жастардың ортасына айналған ұйым

«Eastiler» атауы бірнеше мағына береді: «дауысымыз билікке, халыққа естілер», «есті жандар, ақылдылар», «шығыстықтар»