Қазақ ауруын «Құдай сақтасынмен» емдеп жүр – дәрігер
1-қазан Халықаралық қарттар күні
Деменция туралы, жақындарыңның бірі осы ауруға шалдығуы мүмкін екенін ойлау тым ауыр. Қазақтың «Күлсең, кәріге күл» дегені көп қарттың өмірін қиындатып жібергендей. Қазақстанда антидементті емді насихаттап жүрген жалғызпсихотерапевт-дәрігер Жібек Жолдасовамен сұхбатымызда осындай ой келді. Расында, қоғам жас келе ес кетеді дегенге сенеді, мұны қалыпты үрдіс деп біледі. Бұған медициналық атау бергеннен көрі, осындай қарттық үшін шүкір айтуды тәуір көреді.
Біз «Қарттық» деп қоя салатын түрлі қызық қылыққа медицинада «Деменция» деген атау берілген. Деменция - адамның ақыл-ой қабілеттерінің нашарлауы. Бұл ауру адамның есте сақтау қабілетіне әсер етіп, мінез-құлқын өзгертіп, күнделікті қарапайым тірлігіне көп кедергі келтіреді. Елде көп атала бермейтін аурудың жайындәрігер Жібек Жолдасовамен сөйлесіп көрдік.
- Деменцияны қалай уақытылы анықтауға болады? Ауруға шалдыққан адамды бірден байқау мүмкін бе?
- Науқастың жақындары үшін өзгерісті бірден байқау қиын, күнделікті әңгімелескен кезде бәрі бұрынғыша болып көрінуі мүмкін. Сөздік қордың жұтаңдауы, ұмытшақтық пен кей нәрселерге анықтама бере алмау – аурудың алғашқы белгілері, бірақ бұл бергі жағы ғана.
- Елдегі дәрігерлер деменция мен Альцгеймер диагнозын қоюдан қашатынын айтыпсыз, неліктен олай?
- Дәрігерлердің осы диагнозды қоюдан қашқақтайтыны рас. Неге екенін сұрасаң, халық әлі бұл ауруға үйрене қоймағанын, деменцияға шалдыққандардың жақындары жақтырмайтынын, бұл диагнозды қабылдауға дайын емес екенін айтады. Бірақ мұның бәрі құр сылтау, біз диагнозды уақытылы, дұрыс анықтап, дұрыс ем қоюға үйренбегенбіз.Егер осылайша деменцияны басқа бір аурумен алмастырып, ем жазып берер болса, оның ешқандай әсері болмай, бүкіл отбасы одан әрі қинала береді. Себебі деменцияға шалдыққан жан жанындағы адамды шаршатпауы мүмкін емес.
- Деменцияға шалдығу ықтималы жоғары арнайы топ бар ма, аурудың алдын алу мүмкін бе?
- Басты фактор – жас. Жас ұлғайған сайын, ауруға шалдығу ықтималдылығы да арта түседі. 60-70 жастағылардың ауыру ықтималдылығы тек 3%, 75-тен асқандардың 20%-ы, әрбір бесінші адам деуге болады, ал жасы 85-тен асқан әрбір екінші қарт деменцияға шалдығады.
Одан бөлек, қант диабеті бар, қан қысымы жоғары адамдардың ерте ме кеш пе, ми жұмысы бәсеңдейтіні анық. Темекі мен алкоголь де деменцияға әкеп соғады. Бұл әдеттерден аулақпын дегеннің өзінде кейде ауру тұқым қуалаушылықпен берілуі мүмкін, мұндай адамдардың үлесі – 7%. Мұнан бөлек қозғалыссыз өмір салты, артық салмақ пен есту қабілетінің төмендеуі – мұның бәрі деменцияның дамуын жылдамдатып жіберетін факторлардың бірі. Жағдай ушықпастан, осы бір ақауды байқаған сәтте дәрігерге жүгірген абзал.
- Түрлі түсініксіз қылықтарын кәрілік деп, жағдай галлюцинацияға жетпейінше жүре беретіндер көп. Деменцияны кеш анықтаудың салдары қандай болауы мүмкін?
- Өкінішке қарай, біздің қоғам кәрілік пен есте сақтау қабілетінің төмендеуі қатар жүреді деп, қателесіп жүр. «Күлсең кәріге күл» деп жүріп, жасы жеткеннің бәрі алжып кететінесенеді. Өкінішке қарай, дәрігерлер де осы пікірді таратуын жалғастыруда. Емін тауып, ертерек қимылдаса «Алжыған» адам болмас та еді. Негізі жас келе адамның вербалды есте сақтау қабілеті жақсара түсу керек, себебі тәжірбиесі артып, сөздік қоры байып жатқан соң ол адамға ойын жеткізу де оңайлау болады. Егер жағдай кері кетіп жатса, дабыл қағу керек деген сөз. Біздің қоғам жас өте есте сақтау қабілеті нашарламайды, керісінше жақсара түсу керек дегенді қабылдағысы келмейді. Олай десең, өзіңе «алжыған» деп күле қарайды.
Өкінішке қарай, пациенттер қарттар есінен адасып, сандырақтай бастағанда, өзіңіз айтқан галлюцинация жағдайына жеткенде ғана психиатрға жүгіреді. Деменцияға шалдыққан адам түрлі қылық шығаруы мүмкін: ағыл-тегіл жылап, жақындарына айқайлап, заттарын ұрлады деп кінәлауы мүмкін, туыстары оны улап өлтіргісі келетінін, баспанасын тартып алғалы жатқанын және осы сияқты түрлі ойға қонымсыз болжамдарын айтып, үнемі айналасын айыптай бастауы мүкін. Жасы жеткен адамның бас сүйегі көлемі кішірейіп, бұрынғы білгені мен икемін қолдануға тырысып жатқандықтан, осы сандыраққа сенеді. Ең қиыны да осы, бұл – науқастың жақындарының сабыры сыналар шақ.
- Қазақстанда бұл дертке шалдыққандарға қаншалықты жағдай жасалған?
- Деменцияға шалдыққандардың өмірін сәл де болса жеңілдететін бұйрықтар бар. Мысалы, арнайы препараттар мен антидементті терапия тегін, мүгедектік беріледі, тіркелген жері бойынша науқас өз невропатологынан дәрі ала алады. Бұл тұста дәрігердің диагнозды дұрыс анықтап, керекті ем жазып беруі маңызды екенін қайталай кеткен жөн шығар. Сондай-ақ, көпшілік осы дәрілерді тегін алуға болатынын да білмейді.
Өкінішке қарай, елде арнайы шипажайлар мен реабилитациялық орталықтар жоқ. Аурудың бұл түрі қоғамда әлі стигматизациялануда: қазақ отбасындағы қарияның есте сақтау қабілеті нашарлап, бұған «Деменция» деген ат берілсе, әрине, бүкіл отбасы бұл тақырыпты жауып қойып, жақынының бұл дертке шалдыққанын айтуға ұяла бастайды. Қазақ үшін ауру болу ұят. Ұялып жүріп,қарт апа әмиянын ұстатып, мал-мүлкін алаяқтың атына тіркеп жіберген кезде бармақ тістейміз.
- Жақынының осы дертке шалдыққанын сезіктенгенде не істеуге болады? Қалай дайындалу керек?
- Жұрт не дейді деместен, жоғарыда аталған симптомдарды байқаған сәтте, дәрігерге жүгіргеніңіз абзал. Айтқанымдай, дәрігерлер «Деменция» деуге асықпауы мүмкін. Бірақ ертеден анықтап, салауатты өмір салтына ауысып, күтім жасаудың өзі көп көмегін тигізеді.
Темекі, алкоголь, көмірқышқылдар, тәтті мен ұн өнімдерінен бас тарту керек. Хроникалық аурудың бәрін емдеп, құлақ ауырлай түссе, емін тауып, дұрыс тамақтануға өтіп, салауатты өмір салтын ұстану керек.
- Деменцияның ең қиын тұсы қандай? Өзің ауырған қиын ба, ауырғанның жанында болу ма?
- Екі тарапқа да қиын, әрине, әр отбасы мәселені өзінше шешуге тырысады. Деменцияға шалдыққан адамның бар әлеуметтік жауапкершілігі оның отбасына жүктеледі. Көп жағдайда науқас қарияның жанында болу үшін отбасыда біреудің жұмыстан шығуына тура келіп жатады, егер үйде жалғыз бала болса, отбасының күн көрісі үшін қарияның мүгедектігі үшін берілетін ақшасынан басқа түк қалмайды. Демек отбасы түгел титықтап, тиын жеткізудің әлегіне кетеді. Әзірге тек жекелеген пансионаттар бар, мемлекеттік негіздегі осындай мекемелер болса, жағдай біршама жеңілдер еді, жекеменшікке жатқызуға да көптің пұлы жете бермейді.
Бірақ кей отбасылар үшін материалдық мәселеден бөлек, қоғамдық таптаурындар да жағдайды қиындатып жіберді. Отбасы болып, пансионатқа жатқызып-жатқызбау үшін үлкен дау орын алып жатады. Бірі ол жақта керекті күтім жасалатынын айтып, жатқызайық десе, екінші бала ел-жұрттан ұялып, қарсы болады. Бір баласы пансионатқа жатқызып, ертесіне кіші баласы барып, үйіне қайтып алып кететін жағдайлар да көп болады.
Одан бөлек, науқастың қандай халде болатынын жоғарыда атап өттік. Түрлі айыптау, кейде жат сияқты болып кетуі – науқастың жақынының да психологиясына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда ашуға бой алдыруың қажеті жоқ, алдыңызда ауру адам отырғанын ұмытпаған абзал.
- Соңғы жылдары көп ауру жасара бастады деген әңгіме айтылып жүр, деменция да. Осы қаншалықты рас?
- Ауру жасарған жоқ, тек Еуропа елдерінде ауруды ерте анықтап, алдын алу шараларына мән бере бастады. Осы себептен, осындай қате түсінік қалыптасқан болуы мүмкін. Бірақ осы мәселеде біздің де Еуропаға ілескеніміз жөн болар еді. Қайткен күнде де, бұл ауруға бәріміз дайын болуымыз керек, бірақ бұл туралы көбірек айтып, елдің назарын аударып, жағдайды жеңілдетудің амалын жасауға болады, қарттық шақтың қиындығына дайындалуға болады. Пациенттер тым кеш келіп тұрса да, дәрігер сөзіне құлақ асудың орнына ауруды «Құдай сақтасын» деп жеңетіне сенеді. Сондайда «Құдай сақтаған жоқ, кеш, өзің сақтануың керек еді» дегің келеді. Ең қымбаты – денсаулығын таптаурын көлеңкесінде қалдыра салатынына күйінесің.
ДДСҰ дерегінше, деменция анықталған 55 млн аса адам бар. Мамандар 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш 139 млн-ға жетеді деп отыр. Дәрігер деменцияға шалдығатындардың 70%-ы әйелдер болса да, жынысына қарамастан, әр адам ерте жастан қамданғаны дұрыс екенін айтады.
Осы себептен Жолдасова мына кеңестерге құлақ түруге шақырады:
- Бәріміз үйреншікті әрекеттен ары кете алмаймыз. Бұл уақытты да үнемдейді, артық ойланудың да керегі жоқ. Сондықтан күн сайын жұмысқа бір жолмен барып, бір ғана транспорт түрін пайдаланамыз. Апта аяғында азық-түлік үшін барып, тіпті базарды да жаттанды түрде аралап шығамыз. Үй шаруасының көбі автоматты түрде орындалып жатады. Мұның орнына жұмысқа түрлі көшемен барып, үйде ілулі тұрған суреттерді керісінше іліп, жиһаздардың орнын ауыстырып көріңіз. Мидың қарқынды жұмыс істей бастағанын лезде байқайсыз. Осылайша когнитивті қызмет те тек дами береді.
- Жалпы деменциядан қашып құтыламын деп айтудың керегі жоқ, керісінше бұл жайлы ертерек ойлаған жөн. Зейнетке шыққанда өз өмір жолыңызды қалай баяндап берер едіңіз? Мақтана отырып айта аласыз ба? Өміріңіздегі атаулы оқиғалар, отбасыңыз жайлы қысқа фотожинақ немесе видеоролик дайындаңыз. Мұндай нәрселер кейін дәрігерлерге сізді жақсырақ танып, мейлінше дұрыс жәрдем беруіне көмектеседі.
- Сондай-ақ, ертеден назар аудару керек тағы бір мәселе бар: мал-мүлік бөлісі. Алдын ала өсиетхат дайындап қойған абзал, себебі балаларыңыды қанша жерден бауырмал қылып өсірсеңіз де, сізден деменция анықталып немесе өмірден өткен соң, бір-біріне жау болып кетуі әбден мүмкін.
Төмендегі кеңес арқылы қазір-ақ өзіңізді, жақындарыңызды тексеріп көріңіз.
- Бір минутта бір-біріне қатысы жоқ он сөзді есте сақтап алыңыз: жылқы, тау, аға,көмір, саңырауқұлақ, сағат, су, аяқ киім, жарық, газет.
- Он түрлі жеміс, он жиһаз бен он түрлі құс түрін атап шығыңыз;
- «Нотариус» сөзін ойша керісінше оқып, қандай сөз шыққанын қараңыз;
- «Щ» әрпіне басталатын он сөз айтыңыз;
- Басында есте сақтау керек болған он сөзді қарамастан, еске түсіріңіз.
Бұл – тексерудің ең оңай жолы. Орындау барысында сәл кідірген болсаңыз, дереу дәрігер қабылдауына жазылғаныңыз абзал