“Шантаж және қысым”. Руслан Берденов сот ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Атыс оқиғасынан зардап шеккен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов сот процесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Атыс оқиғасынан кейін бес оқ жарақатын алып, қазіргі таңда оңалту кезеңінен өтіп жатқан экс-депутат сот процесіне қатысты үн қатты. Оның айтуынша, денсаулығына байланысты сот отырыстарына жеке қатысуға мүмкіндігі жоқ, бірақ істің барысын жіті бақылап отыр.
Ол сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылған мәлімдемелерді «шантаж және қысым көрсету әрекеті» деп атады.
«Соңғы рет оны дәл сол күні, өзі аңшы мылтығынан атқан кеште көрдім. Одан кейін ешқандай байланыс болған жоқ», – деді ол.
Мәлімдемесінде ол айыпталушы тараптың өкілдері «достасу» туралы ұсыныс жасап, кешірім берілсе, шу көтермейтінін, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасайтынын, тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейтіні туралы мәлімдеме жасалатынын жеткізгенін айтты.
«Мұны тікелей қысым деп бағалаймын», – деп атап өтті экс-депутат.
Ол қақтығыстың түп-төркіні кәсіби сипатта екенін, жеке қатынас немесе қызғаныш туралы айтылған сөздердің жалған әрі қоғам назарын басқа арнаға бұруға бағытталған манипуляция екенін мәлімдеді. Сондай-ақ айыпталушы тарап соңғы уақытта қала әкімін де іске қатыстыратын жалған мәлімдемелер таратып жатқанын атап өтті.
«Маған қарсы айтылған жала мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін», – деді ол.
Экс-депутаттың сөзінше, бүгінге дейін оның денесінде аңшы мылтығынан атылған 60-тан астам қорғасын оқ бар, бұл құжатпен расталған факт.
«Соттағы жоқтығымды өздеріне тиімді бұрғысы келетіндер бар. Бірақ үнсіздік – келісім емес. Мен әділетті сотты күтіп отырмын», – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау бойынша сот басталды.
Қастандық жасады деген айыппен сотқа тартылып жатқан "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қатысты сот залында күтпеген мәлімдеме жасап, "Берденов әйелімнің фотоларына лайк басты" деп мәлімдеді.
Сондай-ақ күдіктінің айтуынша, жәбірленуші Берденов одан қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздыкбековке жала жауып, оны тапсырыс беруші ретінде көрсетуін талап еткен.
Еске салсақ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды.
Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының жанында болды.
Оқиға болған күні күдікті ұсталып, полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғады.
Фото: gov.kz

Ең көп оқылған
