Швециядағы қазақ: Халықтың 80 пайызы коронавирус жұқтыруы мүмкін

Елнұр Бақытқызы

  • 16.04.2020

Швеция – коронавирусқа қарсы қатаң карантин енгізбеген санаулы елдердің бірі. Швецияда коронавирус дертіне 11 мыңнан астам адам шалдығып, 1 мыңнан астам адам қайтыс болғанына қарамастан, мектептер, балабақшалар,  мейрамханалар мен сыраханалар ашық. Швецияның оңтүстігіндегі Лунд қаласында тұрып жатқан қазақ азаматы Кәмшат ТҮСІПОВА бізге Швецияның  коронавирусқа қарсы күрес стратегиясын баяндап берді.

– Кәмшат ханым, Швеция неліктен басқа елдер тәрізді қатаң карантин шараларын енгізбеді?

– Қоғамдық денсаулық және экология бойынша магистратура тәмамдап, құрылыс саласы бойынша PhD қорғағандықтан,  Швецияның коронавируспен күрес стратегиясын жүйелі түрде қарастырғым келеді. Меніңше, бұл елдің коронавируспен күрес әдісін түсіну үшін ең алдымен мемлекеттік жүйеге зер салған дұрыс. Ал мемлекеттегі жүйе, біріншіден, теңдік принципіне сүйенеді. Яғни елде экономикалық, әлеуметтік жағдайға қарамастан, барлық азамат тең. Екіншіден, барлық адамның игілікке құқығы бірдей. Яғни денсаулық сақтау, білім беру тәрізді салалардың қызметіне барлығы бірдей қол жеткізе алады, ешкімді алаламайды деген сөз.  Швеция медицинасы тегін, салық төлейтін барлық азаматтың медицина қызметін пайдалануда құқығы бірдей. Бірақ бір жылда көрсетілетін медициналық қызмет құны шамамен 100-120 еуродан аспауы керек. Жоғарыда айтқанымдай, бұл салада теңдік принципі жұмыс істейді, яғни бай болсаң да, кедей болсаң да, саған бірдей қарайды, медициналық көмек алу үшін кезек бір, дәулетті адам ақша төлеп, ол қызметті сатып ала алмайды, кезегін басқалармен бірге күтеді.

Енді Швеция үкіметіне келейік. Халық сайлаған парламент үкіметті жасақтайды. Міне, Швеция үкіметі шешім қабылдағанда ғалымдар талдаған деректерге сүйенеді. Мәселен, Швецияның қоғамдық денсаулық агенттігі ең алдымен вирус деген не, оның табиғаты қандай дегенді негізге алды. Вирус –адам ағзасында өмір сүретін, жасушадағы ақуызға жабысатын агент. Бактерия жасушадан үлкен, ағзаға бактерия түссе, оны иммунитет өздігінен жеңе алмаған кезде антибиотик беріледі. Ал вирустың жалғыз емі – адамның иммунитеті, яғни оны иммунитет өзі жеңіп шығуы керек. Шын мәнінде, адам ағзасында әртүрлі вирустар өмір сүреді. Мәселен, әлемдегі халықтың 90 пайызының ағзасында герпес вирусы бар. Суық тиіп, иммунитет әлсірегенде, ерінге ұшық шығады. Швеция дәрігерлері әйел адамдар 25 жасқа дейін адам папиломмасының вирусын жұқтырғаны дұрыс, сонда екі-үш жыл ішінде жас организм оны өзі жеңіп шығады деп есептейді.

– Сонда Швеция үкіметі халық коронавирусты иммунитеті арқылы жеңіп шықсын дей ме?

– Иә. Үкімет вирустың жұққыш келетінін де ескерді. Вирус жұққыш болғанымен, 80 пайызға жуық жағдайда адам өзінің ағзасында ол вирустың бар екенін біле бермейді. Яғни ол адам вирусты тасымалдаушы бола тұра, ешқандай ауру белгілері байқалмауы мүмкін. Әзірге коронавирусқа қарсы вакцина жоқ, оны жасап, сынақтан өткізу үшін кемінде 18 ай керек. Сондықтан швед ғалымдары коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – ұжымдық имммунитет қалыптастыру деген қорытындыға келді. Яғни індетті мейлінше көп халық жұқтырып, жазылып шығуы керек. Оның үстіне швед эпидемиологтарының болжауынша, коронавирустың екінші толқыны күзде басталмақ. Сол себепті Швеция стратегиясы бойынша, мамыр айының аяғына дейін елдегі 10 миллион халықтың 5 миллионы, ал күзде бұл дертпен халықтың тағы 30 пайызы ауырып шығуы керек. Әлбетте, Швеция бұл аурудан өлім-жітім болатынын ескерді. Бірақ өлім-жітім барлық аурудан бар. Басты мақсат –  сол өлім-жітімді азайту.

– Халық үкіметтің бұл шешімін қалай қабылдады?

–  Меніңше, бұл жерде үкіметке сенім мәселесі де жатыр. Швеция халқы үкіметке сенеді. Үкімет қандай жағдайда да дұрыс шешім қабылдайтынына сенеді. Қазақстанда да солай болғанын қалар едім. Өйткені Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі дұрыс шешім қабылдап, дұрыс әрекет етіп жатыр. Үкімет өз халқына еш уақытта жамандық тілемейді ғой. Сондықтан үкіметті тыңдау керек. Бұл ретте әр ел коронавирусқа қарсы әртүрлі әдіспен күреседі. Мына әдіс дұрыс, анау әдіс бұрыс деуге болмайды.  Қазақстан Қытай сияқты ауру ошақтарын анықтап, оларды жою арқылы індеттің бетін қайтарғысы келеді. Ал Швецияда керісінше, халық коронавирус жұқтырып, ауруды өз бетімен жеңсін дейді. Швеция өз медицинасына, денсаулық сақтау саласына сенеді әрі халықтың жауапкершілік деңгейін ескере отырып, батыл іс-қимылға бара алады.

Дей тұрғанмен бір мезгілде бүкіл халық ауырып, денсаулық саласына артық салмақ салмау үшін кейбір шектеулерді енгізді. Қызығы, осы шектеулерден кейін үкіметтің коронавирус жұқтырғандар біртіндеп көбейеді деген жоспары орындалмай қалды. Өйткені үкіметті тыңдаған шведтер үйді-үйлеріне қамалып отырып алды. Мәселен, мен жұмыс істейтін Лунд университетінің ауруханасында бір жарым апта бұрын коронавирус жұқтырған тек төрт адам ғана жатты. Осылайша ауруханаларда бос орын көп, науқастар түспей жатыр. Сөйтіп, мен тұратын қалада кейбір шектеу шараларын алып тастауға мәжбүр болды.

–  Сонда Швецияда қандай шектеу шаралары енгізілген еді?

–  Бастапқыда бір ғимаратта 500 адамнан артық жиналуға болмайды делінді. Сөйтіп, көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды, спортзалдар жабыла бастады. Бұл елде премьер-министр жоғары оқу орындарына және колледждерге карантинге жабылыңдар деп бұйрық бере алмайтындықтан, тек  ұсыныс жасады. Елдегі университеттерге қашықтан оқуға көшуге ұсынылды. Неге? Өйткені ғалымдардың айтуынша, Швецияда коронавируспен негізінен 21-50 жастағы еңбекке қабілетті топ ауырады. Сондықтан азаматтардың барлығы бір мезгілде ауруханаға түсіп қалмау үшін, денсаулық сақтау саласына қатты салмақ салмау үшін сақтық шараларын қолға алу ұсынылды. Дегенмен мектеп пен балабақшаны жабуға рұқсат берілмеді.

Артынша бұдан гөрі қатаң шектеу шаралары енгізілді. Бұл жолы бір ғимаратқа 50 адамнан артық жиналмасын, тамақтану орындарында бір үстелге бір топ қана отырсын дегендей талаптар қойылды. Бірақ университеттегі барлық орындар, кітапхана әлі де істеп тұр.

19 наурыз күні вирусты жұқтыру қаупі жоғары топ анықталды. Елде коронавирустан наурыздын ортасында бірінші адам қайтыс болды. Сөйтіп, жасы 70-тен асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берілді. Жұмыс берушілерге қашықтан жұмыс істеуге көшуге кеңес берілді. Бірақ кеңсеге барып та жұмыс істеуге болады.

Асылы, шведтер тәртіпке бағынғыш халық. Шын мәнінде, коронавирус болмаса да, былайғы өмірде бір-бірімен көп араласа бермейтін тұйық халық. Тіпті өзім бір үйде үш жыл тұрамын, бірақ үйде небәрі төрт пәтер болғанына қарамастан, көршілерімнің атын білмеймін. Жұмыста жүре тұра, әріптестерімді күні бойы мүлде көрмеуім мүмкін. Былайғы кезде томаға тұйық халық үйде отырыңдар десе, тіпті тез оқшауланады. Мұнда сау жұрт маска тақпайды, тек науқастар ғана қоғамдық жерде маска тағуы керек.

– Қазақстанда коронавирусқа жаппай тестілейік деген ұсыныстар айтылды. Швецияда тест жасала ма?

–  Мұнда коронавирусты анықтау үшін жаппай тест жасауға тыйым салынған. Тестті тек медицина қызметкерлері, тыныс ала алмай қалған ауыр науқастар мен қарт адамдарға ғана жасайды. Жақында балам тұмауратып ауырып қалды, бірақ ондай жеңіл науқасты ауруханаға жатқызбайды, тест жасамайды. Өйткені иммунитет ауруды өзі жеңуі керек. Бұл елде дене қызуы көтеріліп, тамағы қызарып, өкпең ауырса, үйде жатып емделесің. Тек тыныс алу қиындаса ғана ауруханаға баруға болады. Яғни коронавирус жұқтырсаң да, қатты ауырмасаң, үйде отырып-ақ емделесің.

Коронавирусты анықтайтын тестер қымбат, шведтер егер жаппай тестілеу жасалса, бұл ақша бюджеттен алынады, ал бюджеттен алынған әр тиын үшін өздерінің қалтасы қағылатынын жақсы түсінеді. Яғни денсаулық сақтау саласының бюджеті неғұрлым жоғары болған сайын азаматтардың төлейтін салығы соғұрлым көп болмақ. Бизнесті карантинге жапса, одан экономика шығын шегеді, айналып келгенде, қазынаны толтыру үшін азаматтар төлейтін салық артады. Сол себепті кафе, ресторан, барлардың жабылуын қолдамаймын. Шведтер үкіметтен не сұраса, жеме-жемге келгенде, оны өз қалтасынан салық түрінде төлейтінін біледі.

– Қазір Швецияда барлық көпшілік орындар ашық па?

– Иә, көпшілік баратын орындар: ресторан, кафе, пабтар ашық. Халыққа ондай орындарға барғызбаудың екі жолы бар: ол нысандарды жабу немесе "көпшілік орындарға барма, ауру жұқтыруың мүмкін" дегенді құлаққа құю. Бірінші әдіс бұл жерде жұмыс істемейді. Бірақ халықтың сана сезімі жоғары болғандықтан үкіметке құлақ асып, үйде қалады.

Астын сызып айтатын нәрсе, Швецияда сау адамдарды карантинге жабуға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл – адам құқықтарын бұзу. Бұл мәліметті денсаулык сақтау агенттігінің сайтынан көруге болады. Егер ауру белгісі болмаса, демек, сау адамсың. Бірақ Қазақстанда бұған басқаша қарайды. Мәселен, Нұр-Сұлтанда коронавирус анықталған алғашқы әйелмен бірге бір ұшақпен ұшып келген болып шықтым. Үш күн карантинге отырғызып, сосын үй карантиніне жіберді.

Бұл жерде әр ел  сау адам және науқасқа әрқилы анықтама береді. Қазақстанда қаннан коронавирус табылса, ол адам індет жұқтырды,  науқас деген сөз. Ал Швецияда олай емес. Көп адам өзінің ағзасында коронавирус бар екенін білмеуі де мүмкін. Мәселен, менің көршілерім екі апта бойы тұмауратып ауырды. Бәлкім, ол коронавирус та шығар. Олар бар болғаны өздерін оқшаулап үйде емделді.

Айтпақшы, Швецияда коронавирус жұқтырғандардың және олармен байланыста болғандардың мекенжайлары Қазақстандағыдай жария етілмейді. Өйткені ол – адамның жеке мәліметтері. Ал жеке мәліметті жария ету – адам құқығын бұзу.

– Сырт көз ретінде карантин енгізілген Қазақстаннан қандай оғаш дүние байқадыңыз?

– Қазақстанды сырттай бақылап отырып байқағаным, карантинде балалармен қарым-қатынас жасау, қашықтан жұмыс істеуді үйрету, спортпен үйде қалай щұғылдану тәрізді халыққа жөн сілтейтін бағдарламалар керек. Өйткені кей ата-аналар баланың қашықтан оқуын ұйымдастыруды біле бермейді. Мәселен, егер осындай жағдай басымнан өтсе, маған да балаларымның қашықтан оқуын ұйымдастыру қиынға соғар еді, маған да оны үйрену керек. Енді біреулерге үйден жұмыс істеу қиынға соғуы мүмкін. Алайда бұл денсаулық сақтау министрлігінің емес, ақпарат және қоғамдық даму немесе спорт және мәдениет министрлігі шаруасы. Ақпарат министрлігінің міндеті – күніне қанша адамның ауру жұқтырғанын хабарлау ғана емес, карантиндегі адамдардың үрей-қорқынышын сейілту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ал денсаулық сақтау министрлігі негізінен науқастарды емдеу керек. Меніңше, қаржы министрлігі немесе ұлттық экономика министрлігі жұмысынан айырылған, ақшасы жоқ жұртқа тұтынушы кәрзіңкесіндегі қандай тауарлар мен азық-түлікті алу керек, соны түсіндірген дұрыс деп ойлаймын. Бұл мемлекеттік басқарудың жүйелі тәсілі.

Әрі-беріден соң мәселе карантин немесе онымен күрес шараларында да емес.  Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты. Швеция халқы мұны жақсы түсінеді. Сол себепті денсаулығына қатты мән береді, өздерін күтеді. Менімен бірге бір кафедрада жұмыс істейтін жасы 80-ге тақаған жұмысқа профессор 10 шақырым жердегі елдімекеннен велосипедпен келеді. Өзге әріптес қарт профессорлар да спортпен шұғылданады, арасында үлкен теннис ойнайтыны да бар. Адамдардың көбі темекі шекпейді, өйткені ол да денсаулыққа зиян тигізетін, тіпті қауіп төндіретін фактор. Осы індет кезінде әркім өзіне денсаулығың үшін не істедің, өзіңді күтіп жүрсің бе, осы сұрақтарды қойған абзал. Рас, дәрігер сені емдей алады, бірақ өзіңді өзің ойла, ауру жұқтырып алмаудың қамын же. Өйткені денсаулығыңа мемлекет емес, өзің жауаптысың.

– Әңгімеңізге рахмет!

Материалды көшіріп басуға болмайды. 

Байланысты жаналықтар

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Қомақты ақша жымқырған күдікті Швециядан экстрадицияланды

09.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024
MalimBlocks
Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Қомақты ақша жымқырған күдікті Швециядан экстрадицияланды

Ол жұрттың 57 млн теңгесін қолды қылған

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған