Үш айда 1,5 тонна есірткі жойылған
Ішкі істер министрлігі өткізген брифингте ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев елдегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен бүгінгі ахуал жайлы айтты. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып Malim.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл 2063 есірткі құқық бұзушылығы, есірткі өткізудің 517, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 факті анықталды, – деді спикер.
Жыл басынан бері төрт ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Оның ішінде біреуі трансұлттық. Қылмысты ұйымдастырып, оған қатысқандарға байланысты сегіз қылмыстық іс қозғалды.
16 есірткі зертханасы анықталды. Оның сегізінде синтетикалық есірткі өндірілген. Есірткі өндірісіне қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 келі есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді.
Тәркіленген синтетикалық препараттардың көлемі артып келеді. Егер 2018 жылы бір жылда заңсыз айналымнан жалпы 5 келі жаңа психоактивті зат алынса, былтыр бір тоннадан астам тәркіленген. Ал биыл 225 келі «синтетика» анықталды. Жалпы тоқсан ішінде бір жарым тоннаға жуық түрлі есірткі заңсыз айналымнан алынды. Оның 946 келісі марихуана, 237 келісі гашиш, – деді Шыңғыс Алекешев.
Полиция интернет арқылы жасалатын есірткі саудасына қарсы тұруға ерекше назар аударады. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен есірткі сайттары анықталып, оларды бұғаттау үшін мәліметтер Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіледі. Үш айдың ішінде есірткінің таралуы туралы ақпараты бар мыңға жуық сайт анықталып, бұғатталды.
Сондай-ақ есірткі тарататын интернет-дүкендерді анықтау үшін Telegram-бот құрылды. Оған 2000-нан астам қызметкер қосылған. 52 ірі интернет-дүкен, сонымен қатар жалпы аудиториясы 75 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушыларынан тұратын 37 бот жойылды, – деп атап өтті Шыңғыс Алекешев.
Ішкі істер министрлігі «OLX Group» өкілдігімен өзара іс-қимылды жолға қойды. Нәтижесінде курьерлік жұмыстың атын жамылып, есірткі жасырушыларды жалдау бойынша жасалған 4300-ден астам хабарландыру өшірілді.