Вейптер мен хош иістендіргіштердің заңсыз айналымын ұйымдастырған ірі желі әшкереленді

Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті электрондық тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымын жүргізген ірі көтерме желінің қызметін тоқтатты.
Агенттік мәліметінше, аталған өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы таратылып отырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 5 қойма анықталды.
- Тінту кезінде 490 мыңнан астам вейп тәркіленді. Олардың сатылымынан түсетін заңсыз кіріс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді, - делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Олар ірі сомаларды қолма-қол ақшаға айналдыру және ақшаның ізін жасыру үшін атына банктік карталар ресімделген адамдарды (дроперлерді) пайдаланған.
Қылмыстық табыстың бір бөлігі жалпы сомасы 92 млн теңгеден асатын шетелден кофе жеткізу мәмілелеріне бағытталған.
Сот санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдауға пайдаланылған автокөлікке тыйым салынды.
Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланды. Олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестірілуде.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
