Жаңаөзендегі жауыздықтар жадымда

Олжас Қасым

  • 16.12.2020

Журналист Шернияз ШАҒАТАЙ  2010-2011 жылдары Stan.TV ақпараттық бейнепорталында еңбек еткен. 2011 жылы 16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі орталық алаңнан алғаш репортаж жасаған журналист. Журналист тоғыз жылдан кейін бірінші рет Жаңаөзен қырғыны жайында сұхбат беріп отыр.

«Ереуіл басталғанда-ақ мұнайшыларды өлтіре бастады»

-2011 жылғы Маңғыстау мұнайшыларының ереуілі мамыр айында Ерсай мен Қаражанбаста басталған еді. Артынша оларға Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары қосылды. Шернияз, әңгімені Ерсай мен Қаражанбастан бастасақ.

-Қателеспесем, 2011 жылдың мамыр айының 11-і күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылындағы «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясы жұмысшылары наразылыққа шыққан еді. Олар төрт талап қойды. Италиялық компаниядағы шетелдік жұмысшылармен айлықты бірдей қою, еңбек шартын қайта қарау, айлықты 100 пайызға көбейту. Төртіншісі есімнен шығып кетіпті. Аштық жариялады. Құрық ауылы мен Ақтау арасындағы жолды жапты. Екі-үш күннен кейін Қаражанбас кен орнының жұмысшылары шықты. Содан кейін барып «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары көтерілді. Осылайша Маңғыстауда наразылық ошағы пайда болды.

-Саяси талаптар қойылған жоқ.

- Иә, ешбір саяси талаптар қойылған жоқ. Бұл наразылықты саясиландырып жіберген биліктің өздері ғой. Мұнайшылар әлеуметтік теңсіздікті, еңбекақының дұрыс берілмейтінін айтты. Өз құқығын талап еткендерге бірден қысымдар жасала бастады.

- Жаңаөзен құрбандары дегенде, ең бірінші, сол 2011 жылдың көктем айында көз жұмған мұнайшылардан бастау керек сияқты. Сол кезде-ақ мұнайшылар ереуілінің шиелінісе түсетіні белгілі болғандай.

- Ол қайғылы оқиғалар есімде. кәсіподақ белсендісі Жақсылық Тұрбаевты өлтірді ғой. «Өзенмұнайгаз» компаниясының кәсіподақ белсендісі Құдайберген Қарабалаевтың қызы Жансәуле  жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Бұл оқиғалар халықты ашындыра түсті. Жақсылық Тұрбаевты жауыздықпен өлтірді ғой. Біздің әріптестер түсірген кадрлар әлі көз алдымда. Екі бөлмелі контейнердің ішінде темір арматурамен қуалап жүріп соққан ғой. Еденнің барлығы қан. Түрмеден босап шыққан соң 2018 жылы мұнайшы Мақсат Досмағамбетов жаман аурудан көз жұмды. Ол да Жаңаөзен құрбаны. Қазір сол қанды жұмада жамбасына оқ тиген туған інісі Қайрат Досмағамбетовтың да жағдайы мәз емес. Ем-дом алып жүргеніне қаншама жыл болды. Қысқасы, о баста билік мұнайшыларды ашындырумен айналысты. Спортшыларды жалдап қаншама ұрып соғулар болды.

«... Олар о баста мәселені заң аясында шешкілері келмеді»

-Қаражанбас мұнайшыларының құқығын қорғап шыққан Наталья Соколованы да еске алсақ. Алғашында оған айыппұл салды. Әкімшілік іс қозғалып сегіз күнге қамалды. Кейін алты жылға соттап жіберді. Заңгер Соколованың сотталуы еңбек дауын заң аясында шешілмейтінін білдірген сияқты ғой.

- Соколоваға мұнайшылар талабы, тұрмысы етене таныс еді. Заңгер заң аясында қаражанбастықтардың құқығын қорғады. Қазақша айтқанда «айналайындар, заң бойынша жұмыс істейік» деді ғой. Алайда Соколованы «әлеуметтік араздық тудырды» деп соттап жіберді. Содан кейін қаражанбастықтардың жартысын жұмыстан қуды. Кейбірін қайта қабылдады. Қысқасы, білгендерін істеп, мысық пен тышқан ойыны басталды. «Қазақтар өзге ұлт өкілінің артынан еріп кетті» деген сыңайдағы әңгімелерді шығарды. Бірақ мәселе ода емес қой. Соколова құқықтық мемлекеттің азаматы ретінде әрекет етті. Бірақ өзі 6 жылға сотталып кетті.

«Жаңаөзен арам ауыл, шаң ауыл, сыған ауыл деп бөлінетін»

-2011 жылы өзің еңбек еткен СТАН ТВ ақпараттық бейнепорталының журналистері көктемде басталған ереуілді желтоқсан айына дейін кезектесіп жүріп түсірді. Алғаш Маңғыстауға барғанда халықтың тұрмыс, тіршілігімен танысқан боларсың. Елдің әлеуметтік жағдайы қандай еді?

- СТАН ТВ журналистері бірде-бір оқиғаны қалдырмай ақпарат таратып отырды. Өркен Жоямерген көп еңбек сіңірді. Соққыға жығылды, оған оқ та тиді. Әсел Керімбай, Инга Иманбай, Азамат Есберген, Мақсат Толықбай, Дәнеш Байболатов, Жұлдыз Төлеу, Мұрат Белгібаев сынды әріптестеріміз Маңғыстаудан репортаждар жасады ғой. Алғаш ұшақпен Ақтауға қонғанда теңіз жағасындағы қала бірден ұнады. Ал Жаңаөзенге кіргенде екі шаһардың арасы жер мен көктей екені бірден көзге ұрады. Жаңаөзеннің орталық көшесі ғана таза. Мұнайшылардың үйіне барып дастарханынан қара шай мен қара нанды көргенде "неткен теңсіздік" деп ойлайсың. Байлық үстінде отырып осылай өмір сүруге бола ма деген ой келді. Шын мәнінде халықтың ауыр тұрмысына куә болдық. Жаңаөзен өзі 120 мың ғана халқы бар кішкентай қала ғой. Бірақ бірнеше ауданға бөлінеді. Бай ауыл, шаң ауыл, арам ауыл, сыған ауыл. Бұл атауларды жергілікті халық қойған. Сыған ауылда әр жақтан көшіп келіп лашық (времянка) салып алған қазақтар тұрады. Арам ауылда байлар қоныстанған. Арам ауыл дейтін жерде қарпайым вахтада жұмыс істейтін мұнайшылар тұрмайды. «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшылары, менеджерлері және әкімдіктегі шенеуніктер тұрады. Есіңізде шығар 2011 жылы сол арам ауылда үйлер өртенді ғой.

-Өртенді дегеннен шығады. Сол кездегі Қазақстан Республикасының бас прокуроры Асхат Дауылбаев «Жаңаөзенде 124 нысан өртелді, тоналды» деп мәлімдеме жасаған. Сен сол кезде мұнайшылардан сұхбат алып, араларында жүрдің ғой. 16-желтоқсан күні Жаңаөзендегі орталық алаңда болдың да. Мұнайшылар тонаумен айналысатын адамдар ма еді?

- Журналист болған соң мұнайшылармен араласып жүрдік. Олардың барлығы көздері ашық жандар еді. Өз талаптарын айтып жүрген. Заңнан хабарлары бар. Олардың заңсыздыққа барулары мүмкін емес. Мен бұған кәміл сенемін. Алдын ала қаланы өртеуді, тонауды ойластырулары мүмкін емес. Олай жасау қолдарынан келмейді деп айта аламын. Сегіз айдан бері тұрды ғой. Бір ағаштың талын сындырмай.

«Жаңаөзен әкімі 16 желтоқсанда бүлік болмайды деді»

- 2011 жылдың 14 желтоқсан күні екеуіміз телефон арқылы сөйлескенде сен тәуелсіздік күні бір бұлғақтар болатын сияқты деген әңгімені айтып қалғаның есімде. 14,15 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласының орталық алаңындағы ахуал туралы айтып берсең.

- 14 желтоқсанан бастап жергілікті билік өкілдері алаңға киіз үй әкеле бастады. Тәуелсіздіктің 20-жылдығына дайындық басталды. Сол кезде мұнайшылар «ертең өздерің мына киіз үйлерді өртейсіңдер, сосын бізден көресіңдер ғой» деп қарсылықтарын білдірген. Киіз үйді тігуге келген адамдар да орталық алаңды безендіруге қарсы болды. «Халық наразылық білідріп жатқанда қазақ үй тікпейміз» деп заттарын жинап кері қайтпақ болған. Қала әкімдігі белден қалай басқандарын білмеймін, әйтеуір мәжбүрлеп жүріп алаңға қазақ үйлерді тіккізді. Мен бұны өз көзіммен көрдім. 15 желтоқсан күні алаңға сол кездегі қала әкімі Орақ Сарбөпеевтің келді. Қасында көмекшілері жүр. Халық: «Орақ, қойсаңшы. Сен де осы ауылдың тумасысың ғой. Халықтың қарғысымен ойнама» деді. Әкім тәуелсіздік тойын атап өту керектігін айтты. Қарсы тарап ертең бір нәрсе болып қалса, бізді кінәләйсыңдар дегені есімде. 16-желтоқсан күні ешқандай бүлік болмайды. Мен жауап беремін. Араларыңда еркек бар ма? Міне, мен қолымды беремін деп айғайлады әкім. Бұл да әкімдік тарапынан жасалған арандатушылық па, әлде ақымақтық дейсің бе, түсінбеймін. Қазір қарап отырсақ, суықта, далада той тойлау не үшін керек еді? Жастар сарайы бар ғой. Сол жерде тәуелсіздік күнін атап өтуге болар еді деп ойлаймын. Мұнайшылар сегіз ай бойы тұр. Сондағы мақсат жұмысшыларды ашындыру ма? Қазір соны бекер істегендерін түсінген шығар.

- 16 желтоқсан аптаның жұмасы. Сол күн қалай басталды?

- Біз Ақтау қаласында жалға пәтер алып тұрдық. Күнделікті Жаңаөзенге барып тұратынбыз. Ол кезде қазіргідей тас жол жоқ. Шамамен ондар кезінде Айман есімді белсенді қоңырау соғып «бір түсініксіз жағдайлар болып жатыр» деді.  Біз бірден Жаңаөзенге тарттық. Операторым Бауыржан Ыдырысов, видеоинженер Дмитрий Курабаев. Айтпақшы, әріптестеріміздің өміріне қастандық жасалған соң СТАНТ ТВ бір оққағар жалдап берген. Алаңға келгенімізде сахнада бір әйел әкімдік өкілімен ұрсысып жатыр екен. Бір заматта сахнадағы колонкалар ұшты. Апыр-топыр басталып кетті. Жүздеген полиция да келіп жетті. Беттерін тұмшалап алған жас жігіттер қолдарында таяғы бар полицияға қарай оқтын-оқтын жүгіреді. Мұнайшылар жастарды қайтаруға тырысты. Сосын арғы тараптағы полициялардың бірі аспанға екі рет оқ атты. Халық осы кезде ашуланды. Ілулі тұрған туларды қолдарына алып полицияға тап берді. Полиция көп қабатты үйлердің арасына қашты. Сосын көпшілік видеодан көрген әрекеттер басталды. Автобус төңкерілді. «Өзенмұнайгаз» компаниясының кеңсесі  өртене бастады. Бәрі стихиялық түрде басталып кеткен соң көшеде өтіп бара жатқан көліктер де зардап шекті. Бізге де шабуыл жасалды. Мұнайшылардың жап-жаңа киімдерін киіп алған жас жігіттер бір автомашинаның багажнигінен молотов коктейлін алып шығып жатқандарын көрдім. Беттерін тұмшалаған. Мен оларды бұрын алаңда ереуілшілер арасынан көрмеген едім. Мен ол кезде оператормен видеоинженер арасында видео түсірген флэшканы тасып жүгіріп жүргенмін. Видеоларды дереу Алматыға жіберіп жатырмыз. Арасында редакторлармен сөйлесіп жүрмін. Бір кезде әлгі топ көшеде кетіп бара жатқан автомашинаны терезесін шақты. Машина кері бұрылып қашты. Енді бізге қарай келе жатыр. Барлығы машинаға отырып алған. Сыртта Бауыржан екеуіміз ғана. Маған іштегі жігіттердің бірі секір-секір деді. Зу етіп ішке кіріп үлгердім. Бауыржанның қолында камерасы бар. Бір аяғымен салонға кірді. Екінші аяғы далада. Әйтеуір әлгі беттерін тұмшалаған топтан қашып үлгердік. Еш нәрсені түсінбей кеттік. Бізге сұхбат беріп жүрген мұнайшылар жылап жүр. Алматыдан басшыларымыз хабарласып  «ешбір провакацияға ұрынбаңдар, алаңды сырттан түсіріңдер» деген соң алаңнан шығып кеттік те аурухана жаққа барып түсіре бастадық. Сол кезде оқтардың дауысы естілді. Бір кезде 3-4 полиция бізге қарай жүгіріп келе жатыр екен. Сөйтсек, оларды біреулер қуып келе жатыр екен. Қолдарында темір бар сияқты. Машинаға қайта отырдық та алысырақ жерге бардық. Сол кезде маған әріптесім Өркен Жоямарген қоңырау шалды. Ол мені алмастыру үшін Алматыдан келген беті еді. Екеуіміз кездесіп алдағы жоспарды лезде талқыладық. Өйткені байланыс үзіліп Алматымен хабарласа алмай қалған едік. Сол сәтте өзіміз шешім қабылдауымыз керек болды. Екіге бөліндік. Біріміз алаңды түсірдік, біріміз көп қабатты үйлердің үстінен съемка жасадық. Кеш те қарайды. Ақтауға қайтып кешкі эфирге материал әзірлей бастадық.

«Оқтың дауысы үрейлі»

- Оққағардың көмегі болды ма?

- Оққағарымыз кәсіби маман еді. Белінде рұқсат қағазы бар тапаншасы жүретін. Әскери шені де бар. Атыс басталғанда оққағарамыз бізді қорғаудан бас тартты. Біраз дауласып қалдық. «Саған ақша төлейді. Ал сен тура керек кезде бізді тастап қайда бара жатсың?» деген әңгімелер де айттық. Ол боқтай бастады. Бастығына бірден хабарласты. Бастығы бұрын органда қызмет еткен. Сондағы оққағарамыздың айтқаны сөзі мынадай: «Сендерді өлтіреді, сосын бәрін менің мойыныма жабады. Я болмаса, мені де сендермен бірге өлтіріп тастайды». Сосын автомашинадан түспей қойды. Оператор Бауыржан қатты сөзге келіп қалды. Шық машинадан. Тым болмаса камераның штативін көтеріп жүр деді. Анау көліктен шығатын емес. Сол кезде оққағардың қашып кететін сәтін көрдім.

- Менің ендігі сұрағым ретсіз шығар. Қорқыныш болған шығар?

- Әрине қорқасың. Қорыққанда қандай. Айналаң атыс-шабыс. Автоматтан оқтар атылып жатыр. Біздің топта ең жасы кіші мен болдым. Қазір айту оңай. Бірақ не істеріміздің білмей абдырап қалдық. Ондай жағдайда қалай жұмыс жасау керектігін де білмейміз ғой. Операторға провакацияға ілініп қалмайық деп айтумен жүрдім. Өйткені бірінші көзге түсетін камера ғой. Бәріміз қорықтық. Алайда, мен 17 желтоқсан күні Ақтаудағы «Ынтымақ» алаңында тіптен қорықтым. Жаңаөзенде неге қан төктіңдер деп Қаражанбас кен орнының жұмысшылар шықты. Жандарына тас үйіп алған. Оларға қарама-қарсы қарулы полиция тұр. Ең үрейлі сәт сол болды. Президент пен премьер-министр келсін. Жауап берсін деп талаптар қоя бастады. Мұнайшылар мен полиция бетпе-бет келді. Орталарында біз жүрміз. Хаос. Ешкім сенімен сөйлеспейді. Орта бір нәрсе болса, майдан басталайын деп тұр.

- Қолдарына қанмен жазылған плакат ұстап шықты ма сол кезде?

- Жоқ, ол 17-желтоқсан күні Жаңаөзенде болды. Халықтың автомат оғының гильзаларын көрсеткен кез ғой. Оны Жұлдыз Төлеу мен Мұрат Белгібаев түсірді. 17 желтоқсан күні менің іс-сапарым аяқталып, түнде Алматыға ұшып кеттім.

«Жаңаөзен оқиғасында гақты қанша адам өлгенін айтуы қиын»

- «Новая газета» ресейлік басылымы Жаңаөзен оқиғасында 23 адам қайтыс болды десе, ақтаулық Лада сайты  60-тан аса адам көз жұмды деп жазды.  Кейбір оппозициялық БАҚ 70 адамның өлгенін хабарлады. Ресми мәлімет бойынша құрбандар саны 15-16 адам. Сеніңше қанша адам оққа ұшты?

-  Жаңаөзен оқиғасынан кейін тергеу амалдары басталды. Тергеу кезінде көз жұмғандар да болды. Бірақ олардың өлімін басқаша түсіндірді. Жаңаөзенде бір ай бойы комендаттық сағат орнады. Жаңаөзендіктер үшін ең ауыр кезең сол болды. Халықты үрейде ұстады. Тонау, ұру, зорлау фактілері көп болды. Өткенде Маңғыстауда болдым. Сол кезде бір мұнайшы бір қызды полицейлердің зорлағанын көзімен көргенін айтты. Қаншама адамның өлгенін көргенін айтады. Адамдар өліміне қатысты ресми ақапаратқа сенбеймін. Одан да көп адам өлді дегенді дәлелдей алмаймын.

- Жаңаөзенде қанды оқиғадан кейін қаланың комендаты болған Қабылов пен жергілікті полиция бөлімінің басшысы Мылтықов осы оқиғадан кейін қызметтерін ауыстырды. Бірінші ІІМ-нің комитетінің басшылығына, екінші облысқа жақсы қызметке көтеріліп кетті. Бұл нені білдіреді?

- Өткенде құқық қорғаушы Ғалым Агелеуовтың сұхбатын оқыдым. Оның айтуынша, бұл арнайы жасалған операция. Содан кейін сол азаматтардың қызметін жоғарлатты. Білмеймін анандай оқиғадан кейін ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов өз еркімен отставкаға кетуі керек пе еді. Бірақ ол өйткен жоқ. Соның қарамағындағылар ғой. Сіз айтқан азаматтарға қызметін жақсы атқарды деп қараған шығар. Өйтіп қызметің өскенше өспегені дұрыс шығар. Қанша адамның қаны төгілді. Пагонды тағып жүруге арлану керек шығар деп ойлаймын.

- Жаңаөзен оқиғасынан кейін біраз уақыт журналистикадан алыстап кеткендей көріндің. 2011 жылдың 16 желтоқсаны өміріңді қалай өзгертті?

- Журналистер үшін шерулерден, өмір мен өлім арпалысқан жерлерден репортаж жасау абырой, мақтан ғой. Бірақ сол қанды жұма болмай-ақ қойғанда ғой. Әлі күнге дейін ойлаймын. Алақандай ғана алаң ғой. Соны кардонмен қоршап тастауға болар еді ғой. Адам өліміне жеткізбеуге болады ғой. Кейде ойлаймын, бізде қан төгілгенде ғана барып мәселеге үңілетін сияқты. Шаңырақта да бір адам өлген соң барып жерлер заңдастырылды. Қираған дүниені бәрін орнына келтіруге болады. Бірақ адамды қайтара алмайсың ғой. Адамдардың жауыздығын көрдім. Бұрын кітаптан, кинодан көруші едік. Адамнан бәрін күтуге болатынын түсіндім. ҰҚК-ті талай тергеуге шақырды. Психологиялық қысымдар жасалды. Бар көргенімізді айттық. Олар: «сендер бәрін білдіңдер ғой» дегенді айтумен болды. Бұл қанды оқиға жүйкеге әсер етті.

- Жаңаөзен оқиғасынан кейін бірнеше сот процесстері жүрді. Қалай ойлайсың? Жазықтылар сотталды ма?

- Жазықтыларды анықтау үшін оқ атуға рұқсат берген адамды білу керек. Құжат бойынша. Сол адам бірінші жазалануы тиіс.

- Жуырда Жаңаөзенге барып қайттың. Арнайы деректі фильм түсіруге. Қазір Жаңаөзен өзгеріп пе? Фильм не туралы?

- Өзгерген. Қала бұрынғыдай емес. Біз барғанда қаланың сыртына дейінгі жолдар жөнделіп жатыр екен. Аулаларда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.  Су бұрқақ ашылыпты. Бейбіт өмірдің көрінісі. Бірақ соның бәрі қанмен келді. Фильм марқұм мұнайшы Мақсат Досмағамбетов жайлы.

Әңгімеңе рақмет!     

Фотолар Лада кз және azattyq.org cайттарынан алынды. 

https://www.youtube.com/watch?v=9Kh17NnPlXU&t=286s

Байланысты жаналықтар

Жұмысшылары ереуілге шыққан компанияларды тергеу басталды

21.04.2023

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

11.08.2021

Президентке үндеу: Мұнайшылар ереуілі неге жиіледі?

22.07.2021

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021
MalimBlocks
Жұмысшылары ереуілге шыққан компанияларды тергеу басталды

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде.

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Президентке үндеу: Мұнайшылар ереуілі неге жиіледі?

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды